Ұрпағың пұлға құл болмасын
Соңғы кезде қазақтың есін алып тұрған бір нәрсе бар. Ол – ақша. Ақшаға құнығу күннен күнге өршіп барады. Бұл дүниедегінің бәрі ақшамен өлшенетін болды. Ақшасы болса – дос, ақшасы бар – туыс, құданы да қалтасы қалыңдардың арасынан іздейміз… Әйтеуір, таңның атысы, күннің батысы «ақша, ақша» деп жағымыз талғанша қақсап жатырмыз. Осыдан руханиятымыздың ақсап, ұрпағымыздың кембағалданып бара жатқанынан да жұмысымыз жоқ. Оған мысал іздеп алысқа барудың керегі жоқ. Интернетті ашып қалсаңыз, ақша бермедің деп ата-анасын сабап жатқандар, тіпті өлтіріп тастағандар туралы хабарлар өріп жүр. Ақшаға бола араздасып, бірін-бірі көрместей болып кеткен ағайын жандар да аз емес.
Осындайда Шортанбай ақынның «сауып ішер сүті жоқ, мініп көрер күші жоқ, ақша деген мал шықты» деген сөзі ойға орала кетеді. Бағзы заманда әлем елдері ақша ретінде әртүрлі тауарларды – астық, мал, қымбат тастар және металдарды пайдаланған деген дерек бар. Ұзақ уақыт бойы ақша есебінде алтын және күміс жүрді. Қызығы, ақша есебінде жүрген алтын және күмісті бөлуге болатын еді. Одан кейін алтын және күміс теңгелер пайда болды. Соңғы ғасырларда мұндай теңгелердің орнына қағаз ақша жүре бастады. Қағаз ақшаның құны алтынмен кепілденген. Олар алтынға да еркін айырбасталды.
Ал, бүгін сананы тұрмыс билеп бара жатқандай ма? Барлық нәрсе ақшаға келіп тіреледі. Кейде, ақша талай түйткілді мәселелерді шешеді. Жасыратыны жоқ, қаржы тапшылығы қанша отбасын тығырыққа тіреп жүр. Мәселен, қазір тойға, асқа, құдайыға, туған күнге барсаң бәріне ақша апарасың. Базарға барсаң, үй салуға, құрылыс бастауға, дәрігерге көріну, ем қабылдау, құжат тапсыру бәрі-бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Қаржы тапшылығы талайдың басын тасқа соғуда. Соқыр тиынның жоқтығы не аздығы талай үйдің шаңырағын ортасына түсірді. Көптеген отбасы тұрмыстағы қиыншылыққа шыдамай ажырасып, енді бірі табыс табамын деп қараусыз қалған балаларынан айырылып қалды. Балабақшаға барған балаға да ақша төлейсің, мектеп бітірген түлектерге де керегі ақша, ЖОО-на түсу, оны бітіріп келген соң жұмысқа орналасуда ақшаға келіп тіреледі. Сонда ақшаға неге бәріміз сонша тәуелдіміз? Тілі жоқ ақшаның тіршіліктегі құдіреті күштірек екеніне ерексіз таңдай қағамыз-ау.
Ақиқатын айтсақ, қылмыс болған жерде ақшамен шешіп кететін жағдайлар орын алады. Көлік апаты, заң бұзушылық орнаса да айыппұл төлеп, тез құтылып кететін «Жұмабектің бажалары» да баршылық. Көк қағазға құмарлығымыз сонша, кейде лауазымын пайдаланып, пара алып, қызметінен босапты дегенді де құлағымыз шалып жатады. Ол аздай ақшаға сұлулықты да сатып алуға болады. Сән салондарға барсаң, өзіңді танымастай етіп өзгертіп береді. Қас, кірпік, тырнақ, шаш бәрін-бәрін ақшамен өзгертуге болады. Бір парақ қағаз адамның бүкіл өмірін өзгертіп жібереді десек артық айтқанымыз емес. Шоу бизнесте де кімнің ақшасы көп, сол танымал болып шығады. Ақшаң көп болса, тіпті, әнші де бола аласың, кәсіпкер де боласың.
Қарапайым өмірден алынған мысал десек, көзін енді ғана ашқан, өмірге жаңа келген сәбиді перзентханадан алып шығарарда, нәрестені орап шыққан аяжанның қолына ақша ұстату керек деген қағида да қалыптасқан бізде. Кез келген қуанышты хабарды жеткізген адамға сүйінші ретінде де ақша ұсынады. Ойлап қарасақ, ақшаның біздің өмірімізде алар орны зор. Теңге кез келген адамға керек, әрине. Сол үшін ол қадірлі. Айтайын дегенім, ақшаның құлы болмау керек. Себебі бұл күндері әкеден қалған мал-мүлік үшін араздасып, көпшілік алдында қырғи-қабақ болған бауырларды жиі кездестіреміз. «Ақша – қолдың кірі», «Дәулет мәңгі тұрмайды» деген әке өсиетін әп-сәтте естен шығарып, пұлдың соңында құл болып кетсек, келер ұрпаққа не тәрбие бермекпіз? Дәулет бітсе даңдайсып шығар әрекеттен береке тапқанды көрмедік.
Айтқыш қазекем «Қалтамда ақша болса шапанымның жыртығы білінбейді» деген екен. Алдыңда ас тұрғанда қарныңның ашқаны уайым болмайды. Сол ас жоқ болса, қарның ашқаны екі-үш есе мазаңды алады. Сол секілді ақшаның буы, ақшаның тылсым құдіреті болатынын да ескерейік. Санаңды ақша емес, ақшаны сен билей білгенде ғана табысты әрі абыройлы бола алады екенбіз.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ