Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Елге еңбек сіңіру – ең үлкен бақ

Елге еңбек сіңіру – ең үлкен бақ

Адам едім арманы – мұраты көп,
Енді ғана көктемім нұр атып ед (і).
Алып қалдың сен мені бір ажалдан,
Басымды идім, дәрігер, рақмет!

Шыр-шыр етіп жазбаған өлеңдерім,
Есім шықты, елірдім, елеңдедім.
Айналайын, дәрігер, сен болмасаң,
Кім біледі, мен бәлкім өлер ме едім?! –
деп Тынышбай ақыншылап, мен де дәрігерден жаныма араша сұрасам, сен де, оқырманым, талайың ақ халаттылар алдында талай рет дәрменсіз күй кешіп, олардың батыл жүректеріне жүгініп жүргендерің рас.
Сонау 2000 жылдардың басында мен немеремді ертіп Алматыдан Шиеліге бардым. Екі-үш күннен соң басымды көтеруге шамам келмей қатты ауырдым. Босқа жата беруге болмас деп, Тұрсынай сіңліме телефон соқтым. Жағдайды естіген ол дереу емханаға жету керектігін айтты.
Мен көшіп кеткелі елде талай өзгерістер болған. Талай дәрігер дүниеден озып, бірнешеуі қоныс аударыпты. Жастардың ішінде өзім оқытқан шәкірттерімнің де білікті маман-дәрігер болғандарын көріп, төбем көкке жеткендей болдым. Тұрсынай мені ертіп, «Мен сізді өте білікті дәрігерге апарайын» деп, бір кабинеттің есігін ашты. Қарасам, өзім танитын сіңлім Айман Нақыпова екен.
Менің есіме сексенінші, тоқсаныншы жылдары ауданда тұрған шақтарым түсті. Мен аудандық аурухананың жанындағы көшеде тұрдым. Күнде таңертең орталықтағы мектебіме қарай жүремін, ал ауданның бүкіл дәрігер, медбикелері орталықтан маған қарсы жолығып, ауруханаға қарай ағылады. Ол кезде такси атымен жоқ. Автобустар автовокзалдың төңірегінен әрі аспайды. Бүкіл мұғалім, дәрігер, шенеуніктер көбінесе жаяу жүреміз. Бетпе-бет күнде кездескен соң, бір-бірімізді жақсы танитын халге жеттік.
Мен өзі қашаннан-ақ дәрігерлер қауымын жақсы көремін, олардың еңбектерін бағалаймын, олар адам жанының арашашылары екеніне сүйсінемін. Оның үстіне сол жылдары Шиелі ауданында кәдімгі сайдың тасындай іріктелген сымбатты да сауатты, іскер де еңбекқор бір топ ерекше дәрігер-мамандар шоғыры болатын. Олардың ішкі-сыртқы мәдениеті мен өз істеріне деген жауапкершіліктері де халықтың көңілінен шығушы еді. Әсіресе, Өтеген Жәленов, Рая Көзденова, Жәкен, Бибінұр Махамбетәлиевтер, Иманғали Әбдіхалықов, Серік Мәуенов, Төрехан Бектегенов, Қыдырбай Айтмаханов, Амангелді Әбдірахманов, Мыңжасар Болатов, Ыбырай Ахметов, Ахметулла Базарбаев, Айман Нақыпова, Ирина Ким, Базарбай Үмбетов, Күлзабида Ізбасқанова, Қойлыбай Бекпейісов, Мырзагүл Дүйсекова секілді нағыз өз ісінің майталмандары халыққа қалтқысыз қызмет жасағандарын ұмыту мүмкін емес.
«Бабын білген кісі көтеремді тұлпар, шөжені сұңқар етеді», – дейді халық даналығы. Сүйектері күл-талқан болып, тұла бойын қан жуып жатқан пенделерді де, ана дүниенің есігін ашуға дайындалып қалған небір ауруларды да дәрігерлеріміз өлімнен аман алып қалып, өмірімізге араша түсіп жүрген жоқ па?!
Міне, сондай дәрігерлердің бел ортасында Ахметулла мен Айман да жүруші еді. Ерлі-зайыпты екі дәрігердің аудан халқына жасаған қалтқысыз қызметі елдің есінде. Ахметулла мен Айман кезінде Шиелі ауданына арнайы жолдамамен келген екен. Олар осы ауданда тұрып өсті, өркендеді. Медицина институтынан алған тиянақты білімдерінің арқасында қаншама жанның жанына жалау болды. Ол екеуі шын мәнінде елді емдеу үшін келген білікті дәрігерлер дәрежесіне көтерілді.
Ұлы ғұлама әл-Фараби араб елінде аты шығып, «Шығыстың Аристотелі» атанып, артында мол мұра қалдырғанын білеміз. Ғұлама 80 жасқа келіп, өмірмен қоштасарда: «Мен Қыпшақ елінен ешқандай атақ-даңқ іздеп келген жоқпын. Мен білім іздеп келдім, сол білімді араб елінен таптым, бірақ менің Қыпшақ еліне сүйспеншілігім шексіз», – деп, өзінің туған жерге деген сағынышын өлеңге түсірген екен. Сондай-ақ, Ахметулла мен Айман да өздерінің Атамекендерін шексіз жақсы көре жүріп, жүрек жолдамасымен туған жерінен Шиелі ауданына келді, адал еңбек сіңірді, атақ-даңқ қумады. Бірақ та бүгінде атақ та, абырой да, даңқ та Ахметулла мен Айманды өздері іздеп тапты. Бұл екі дәрігердің қазір абыройларын асқақтатып тұрған өнегелі істері бар. Оның бірі – сонау 2001 жылы «Шиелі денсаулығы» атты 30 адамға арнап ашқан жеке емханалары болса, Айманның өзі үнемі білімін жетілдіре жүріп, дәстүрлі медицинамен қатар, әлемдегі дәстүрлі емес ем түрлерін де игерді. 1986 жылы Киев қаласында «Аллергия сырқатын емдеудің жаңа тәсілдері» бойынша білімін жетілдіріп келсе, 1987 жылы Корея мемлекетіндегі профессор Пак Дже Вудың су-джок акупунктура тәсілі бойынша дәріс алып, халықаралық сертификатқа ие болады да, дәстүрлі емес ем – инемен емдеу тәсілін қолға алады. Өзге дәрігерлер секілденіп барға қанағат етіп отыра беретін Айман ба? Жоқ! Бұл Айман – аудан орталығында жүріп-ақ, отбасындағы отағасы, қарт атасы, шиеттей бала-шағасы бола тұра, өзінің дәрігерлік қызметін үнемі ғылыммен байланыстырып, теория мен практиканы шебер ұштастыра отырып, елдің денсаулығын арттыруға шын мәнінде ерен еңбек сіңірген Сыр бойынан шыққан қазақтың маңдайы жарқыраған ақылды қызы, қолы шипалы емшісі.
Осы жылдар ішінде Айман асқар таудай тірегі, ақылына ақыл қосып, бағыт-бағдар беріп отырған жан-жары, алтын қолды хирург, балаларының сүйікті әкесі Ахметулладан көз жазып қалды. Асыл жарының дүниеден озған қайғысы жанына батқан Айман бұрынғыдан да бетер жігерлене түсті. Өйткені, өздерінің, яғни екеуінің бастаған істерін әрі қарай дамытып, ел сүйсінетіндей халге жеткізуді алдына міндет етіп қойды.
Оның үстіне қазір Айманды қолдайтын ұл-қыздары ер жетті. Тұла бойы тұңғыштары ­Арыстан ата-анасының жолын қуып медицина институтын тәмамдаған білікті дәрігер-хирург болып, Ақтөбе қаласындағы облыстық ауруханада жемісті еңбек етіп жүрсе, қызы Раушан республикаға танымал саяси, әлеуметтік бағыттағы қоғамдық белсенді басқарушы, білікті маман, танымал кәсіпкер. Ол «Ақ көгершін» қоғамдық қорын басқарумен қатар, мұнай саласында белгілі қоғамдық келісім менеджері, кәсіпкер, ал қара шаңырақтың, киелі шаңырақтың иесі – баланың кенжесі Асқар бірнеше тілді меңгерген аудармашы. Ол да мұнай саласында еңбектеніп жүрген белсенді азамат.
Міне, осындай білімді де іскер ұл-қыздарының арқасында дәрігер Айман шабытына шабыт қосып, Елбасымыз Н.Назарбаевтың сөзімен айтсақ: «Сыр – Алаштың анасы» болса, сол Сырдың жүрегі болып саналатын Қызылорда қаласының нақ төрінен 2016 жылдың 16 сәуірінде Профессор Хачатурян атындағы жеке клиникасын ашып, сонда Бас дәрігер болып қызмет атқаруда. Ал бұл клиниканың бүкіл басшылығы Ахметулла мен Айманның қыздары, бүгінде осы өңірдің көркейіп гүлденуіне бір адамдай еңбек сіңіріп келе жатқан жас та болса, бас болып жүрген Раушан Ахметулланың қолында екенінің өзі көңілге қуаныш, жүрекке жұбаныш ұялатады. Заманында жас та болса тапқырлығы мен шешендігіне, ақылды алғырлығына дән риза болған Төле би бабамыз Қаз дауысты Қазыбекті төбе би сайлағанда:
Қой асығы демеңдер,
Қолыңа жақса сақа ғой!
Жасы кіші демеңдер,
Ақылы асса аға ғой! – деген емес пе?! ­Раушан бойындағы зеректік пен алғырлық, парасат-пайымдылық осындай ауқымды міндетті атқарудың негізі болып табылса керек.
Бұл клиника 2017 жылдың қараша айының 1 жұлдызынан бастап жаңа атауға ауысты. Ол – «Q-med» инновациялық медициналық Орталық деп аталады. «Q-med» инновациялық медициналық Орталығының басты бағыттары: адам ағзасын түрлі вирустар, бактериялар мен паразиттерден, грибоктан тазарту, ағзаның осал тұстарын, иммундық жүйесін қалпына келтіру арқылы адамды дерттен айықтыру. Буын, омыртқа аурулары, аллергияның кез-келген түрінен айықтыру, әйелдер мен ерлерде кездесетін бедеулік, простатит, бауыр аурулары, қан айналымын жақсарту амалдары жасалады. Ем-домның ерекшелігі – химиялық, гармондық дәрі-дәрмектер емде қолданылмайды. Емдерде қолданылатын тәсілдер: токпен емдеу, инемен емдеу, су-джок терапиясы, сүлікпен емдеу, сумен емдеу, емдік ерітінділер дайындалып, науқастарды иондалған сумен емдейді, массаждың түр-түрі қолданылады, фитобочкалар мен ароматерапия, психологиялық көмек, психотерапия, лазермен қан тазарту, тұзбен емдеу, емдік ашығу мен шынығу, диеталық тамақтану, Германия аппаратымен ішек жолдарымен тазарту және тағы басқа.
Бұл Орталық клиника болып алғашқы ашылғанынан бері қарай 1,5 жыл ішінде 1000-ға жуық адамды түрлі дерттерден емдеп шығарды. Мұнда алыс-жақын шет елдерден де науқастар келіп, ем-дом алып кетіп жатыр. Атап айтар болсақ: Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея, Татарстан, Ресей, Украина, Германия, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстанның барлық аймағынан көптеген аурулар келіп, медициналық инновациялық ғылыми жаңалықтарының көмегімен сауығып кетті.
«Q-med» инновациялық медициналық Орталықтың емдеу тәсілі әлемдегі теңдесі жоқ емдеу орны екеніне бүгінгі таңда талайлардың көзі жетті.
Еліміздің Ата заңы: Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп айтылады. Ендеше Айман Нақыпова мен ­Раушан Ахметуллақызының атқарып жүрген зор істері мен адам денсаулығына деген қырағылықтары жүректегі мейірім-шапағат пен саналы болжампаздықтың жемісі екенін байқауға болады. Бұл – адамға қызмет ету, адамды құрметтеу, адамның өсу-өркендеуіне медицина тарапынан нақты көмек екені анық.
Мысалы, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның дерегінше, Қазақстанда 14 мыңнан астам әйел мен 1 мыңнан астам еркек бедеулігіне байланысты диспансерлік есепке алынған екен. Сондай-ақ, жалпы елімізде отбасылардың 15 пайызы бедеулікке ұшырағанын да вице-министр жасырмайды. Ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көзқарасы бойынша некедегі мұндай бедеулік көрсеткіші көңіл бөлуге тұрарлық проблема болып саналатын көрінеді. Өйткені, бұл деңгей демографиялық көрсеткішке кері әсерін тигізері бесенеден белгілі. Аталмыш отбасылардың 15 пайызы деп отырғанымыз – демографиялық өсімге үлес қосуға мүмкіндігі бар жастағылар. Өкініштісі – ұрпақ өрбітуге қабілеттері жоқ. Неліктен? Мұндай деректің өзі – халқымыздың басындағы трагедияның көрінісі. Міне, осындай сәттерде дәрігерге жүгінгеннен артық қандай амал-тәсілдеріміз бар. Әрине, 100 пайыз мәселе шешіліп кетеді деп ойламаймыз, дегенмен ем-домсыз денсаулықтың түзелмейтіні рас.
2016 жылғы зерттеулер бойынша еліміздегі сәбилердің дүниеге келуі 55 пайызға өссе, тұрғындардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жетсе, мұның өзі халықтың медицинаға арқа сүйеуінен екені анық.
Қазақстан – бүгінгі таңда медициналық туризм еліне айналды, бізге алыс-жақын шет елдерден науқастар келіп емделуде.
Бүйрек, бауыр, өкпе, жүрек сияқты ағза мүшелерін трансплантациялайтын күрделі операциялардың бәрі өзімізде жасалады.
Біздің еліміз жасанды жүрек орнатудан әлемде Германия мен АҚШ-тан кейінгі үшінші орында тұр. Медицинамыздың дамуы жалпы рес­публика бойынша осындай деңгейге көтеріліп жатқанда, біздің Айманымыздың да жасы асқаралы алпысты алқымдағанына қарамастан іздену, даму үстінде жүруі өте жарасымды, оның атқарып жүрген ұлан-асыр тірліктері ел медицинасын дамытуға, адам денсаулығын жақсартуға қосылып жатқан үлес деп білуіміз керек.
Ұлы ойшыл әл-Фарабидің айтуынша: «Ізгі және қажетті жұмыс істеген адам – басқа адамнан жоғары тұруы керек». Бабаларымыздың ізгі ойын мұрат еткен халқымыз адамның адамдық қасиетін білдіретін ең жоғарғы деңгейі ол еңбек екенін түсінген. Ол адамға адамгершілік тұрғыдан күш-қуат беретін құдіретті қасиет деп түсінген.
Ал, Абай мал табуды тек еңбек деп қарастырмай, оны адамгершілікке, адамның еркіндігіне бастайтын жол екенін ескертеді. Мысалы ақын:
«Жолға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,
Малың болса, сыйламай тұра алмас ел», -
дей отыра, «мал тап» дегенде табыс, пайда, кәсіп дегенді меңзеп отырғанын айтуымыз керек. Яғни, кәсіппен айналысудың оңай емес екенін, бірақ соған сіңірген еңбегің арқылы ел-жұртыңа құрметті болатыныңды шегелеп айтып отыр дана ақын. Немесе:
«Тәуелсіз, талапсыз мал табылмас,
Еңбек қылмақ еріншек адам болмас», - деп, еңбектің рөлін, байлықтың көзін адамгершілік тұрғысынан түсіндірсе, сонау ХІ ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұн бабамыз: «Кісі танымақ болсаң – ісіне қара» деп соқырға таяқ ұстатқандай бізге де бағыт берген болса, мен де білікті дәрігер Айман Нақыпованың атқарып келе жатқан ісіне қарап, замандастары мен соңынан ерген ұрпаққа өнеге болар ауқымды ісін көріп, мақтаныш еткім келді. Мұндай клиника немесе орталық ашудың өзі – Абай айтқандай тәуекелге бел буғаннан бастау алып отырғаны баршаға аян.
Қазақ халқы: «Тәуекел деген – желқайық, өтесің де шығасың» демеуші ме еді, Айман мен Раушанның тәуекелшілдігі арқасында бұл емдеу орталығы қаншама жанның үкілі үмітін ақтап, дертінен айықтырды. Адамгершілік дегеніміз осы.
Өткен 2020 жыл – әлем дәрігерлері үшін нағыз сынақ жылы болды. Жер бетін жалмаған жұқпалы індетпен күресуде қайсарлық пен қайраткерлік танытқан ақ халатты абзал жандарымыздың ерен еңбегіне сүйсінбеу мүмкін емес. Осы тұста Айман Нұржігітқызы еңбек етіп жүрген клиниканы басқарып отырған Раушан Ахметуллақызы өз клиникасын науқастарды жедел қабылдайтын орталық ретінде жабдықтап, өңір тұрғындарына жағдай жасағанын, сонымен бірге, әкесі Ахметулла мен анасы Айман Нұржігітқызы еңбек еткен Шиелі аудандық ауруханасына қайырымдылық көмек қолын созғанын көгілдір экраннан көріп, сүйсінгеннен көзімізге жас алдық. Иә, «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген осы.
Айман Нұржігітқызы білікті дәрігер ғана емес, парасатты ана, ағайынға жанашыр ­бауыр, мінезге бай адал дос. Ол – текті әулеттен шыққан өнегелі де абыройлы жан. Ол – Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қан майданда болып ерлік танытқан барлаушы, командир, омырауы орден, медальға толып, елге аман оралып, Сыр өңірінің экономикасы мен мәдениетін дамытуға зор еңбек сіңірген майдангер Нұржігіт Нақыпұлының кіндігінен тараған 11 баласының бірі, бел баласының бірі. Ол Ахметулладай арда азаматты өсірген Базарбаевтар әулетінің келісті келіні.
Бүгінде «Q-med» клиникасы облыс орталығында екі бірдей емдеу орталығына айналып көркейіп келеді. Ал біздің сүйкімді дәрігеріміз – жаңалыққа жаны құмар, жақсы істердің ұйытқысы Айман Нұржігітқызы еліміздің түкпір-түкпірінен дертіне дауа іздеп келгендердің жандарына шуақ сыйлап, мейірімін төгуде. Сондықтан Айман Нұржігітқызын өзінің төл мерекесі – дәрігерлер күнімен құттықтап, оған:
Сен – нағыз батыр қызсың, дәрігерім!
Риза еттің алдыңа келген бәрін елдің.
Сыр бойының ғана емес, дүйім жұрттың,
Сүйікті дәрігері боп сенімге ендің.

Айманжан, арта түссін абырой-даңқ,
Елге еңбек сіңіру – ең үлкен бақ.
Ақ халатың ақ туың секілденіп,
Сақтап жүрсін арыңды түсірмей дақ! – дегім келеді. Иә, Айман өзінің кішіпейілдігі мен жанының тазалығын мамандығына серік етіп, дерттенген жүректерге жол тауып келеді. Ылайым, солай болғай!

Гүлқадиша НЫСАНБАЕВА,
педагог-зерттеуші,
ҚР білім беру ісінің үздігі,
Ы.Алтынсарин, М.Шоқай медальдарының иегері
18 маусым 2021 ж. 407 0