Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықтың алғысын арқалаған Салтанат

Халықтың алғысын арқалаған Салтанат


Бәріміз де мектепте оқыдық. Ауылдық жерде мектептен басқа мәдениет ошақтары болмағандықтан (сол заманда) бар жиналыс, кездесулер мен кештер осы жерде өтетін. Ұлағатты ұстаздарымыздың айтқан әңгімесіне аузымызды ашып қарап, бірін түсінсек, бірін түсінбей, тәрбие кештеріне қатысқанымызға мәз болып отырушы едік. Есімде қалғаны, ол кезде көбінесе мамандық таңдау кештері жиі өтілетін. Әсіресе, мұғалім, инженер, мал дәрігері, зоотехник мамандықтары айтылып, оқушылар да осыларды қалап жататын. «Қазақстанның ХХХ жылдығы» атындағы мал совхозы (Бала би ауылы) болғандықтан ба, жоғарыдағы мамандықтарға оқуға баратын. Дәрігер, оның ішінде адам дәрігері жайлы білмейтінбіз. Ол оқу орнына түсу қиын болды ма, әйтеуір, медицина институтын бітіріпті дегенді өте сирек еститінбіз. Бірде кезекті мамандық таңдау кешінде сөйлеген ағайдың: «Өмірде адам екі нәрседен жаңылыспауы тиіс, біріншіден, жар таңдаудан, екіншіден мамандық таңдаудан» дегені есімде қалыпты. Ағайдың сол айтқаны өмір шындығы мен ақиқаты екенін енді көріп, біліп отырмыз.
Сылаң қаққан, сұңғақ бойлы, сұлу бойжеткен, әдемі де аққұба келген Салтанат қыздың маңдайына сол сирек мамандық – дәрігер болу жазылыпты. Ол 1970 жылы 30 шілде де Керделі ауылдық округінде дүние есігін ашады. Қаршадай ауыл қызы алты жасында №206 «Жиделіарық» мектебінің бірінші сыныбына барып, осында 8 жылдықты бітірген соң оқуын №159 «Еңбекші» орта мектебінде жалғастырады. Жоғары оқу орнына түсу үшін қаражат жинау мақсатында «екі қолға бір күрек» деп, «Коммунизм» колхозында бір жыл колхозшы болып еңбек етеді. 1987 жылы алғыр, жігерлі Салтанат Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтының студенті атанады. 1993 жылы институт қабырғасынан педиятр-дәрігер мамандығын алып шыққан талантты бойжеткен, екі жыл Қызылорда қаласында қалалық ауруханада қызмет етеді. Мол іс-тәжірибе жинақтайды. Балалар денсаулығына ден қояды. «Емдеу тәсілдерін меңгеріп, қалада «білгір балалар дәрігері екен» деген жылы сөзге ие болады. Науқастар тарапынан айтылған пікір кімді болса да жігерлендіретіні аян еді.
Туған жер қашанда ыстық, өзіне тартып тұрады. Салтанат та сол сезімге беріліп, туған еліне қызмет жасауды ұйғарады. 1994 жылы кәсіби еңбек жолын Шиелі аудандық жасөспірімдер дәрігері болып бастайды. Онан соң білікті дәрігер аудандық емхананың бас дәрігері, орынбасары, статистика бөлімінің меңгерушісі лауазымдарын атқарады. 2000 жылы неврология мамандығы бойынша білімі мен біліктілігін арттырып, 2010 жылы невропотолог қызметіне ауысады.
Дәрігер – денсаулық кепілі. Дәрігер – адам жанының емшісі. Дәрігер – аурудың арашасы. Адамдар өмірінің себепкері. Қиналып жатқан пенденің пірі. Науқасқа қолын созып, жанашырлық танытатын, жылы сөзімен де адам емдейтін қамқоршы, керек болса, әке-шешесіне айналып кететін ақ халатты абзал жандар. Сол қатардың бас жағында невропотолог-дәрігер Салтанат Әмірованың есімі де құрметпен аталып келеді. Шиелі тұрғындарына өлшеусіз еңбегімен танылған Салтанат, Гиппократқа берген антынан тайған емес. Әркезде адал қызметімен, адамгершілік қасиеттерімен науқас кісілерді қабылдап, кішіпейілділік танытып, оларды сөзімен де, ем-домымен де, дәрі-уколымен де жазып жіберіп, алғысқа бөленіп жүрген ілтипатты дәрігер. Заман қиыншылығы да адам жүйкесіне күш түсіріп жатады. Бұл аурумен ауыратындар уақытылы ем қабылдаса, ­Салтанаттай мамандарға кезіксе, сырқатынан тез айығып кететіні аян. Невропотолог-дәрігер Салтанат Әміроваға келіп емделіп, жазылған соң алғыстарын жаудырған емделушілерді де естідік. Аудан тұрғындары Ә.Тұрханбекова, Е.Қожахметова, Ә.Мырзахметов, Ә.Избасханова, Ә.Салиховалардан басқа да рақметін айтып, тілек білдірушілер де қаншама.
Елімізде медицина саласы қарышты даму үстінде. Сондай талапқа сай жұмыс істеу – әр дәрігердің міндеті. Жастайынан қоғам үшін еңбек етуге тәрбиеленген Салтанат үлкен атасы Әмір мен анасы Сәлимаға, тірегі, демеушісі болған ағасы Нұрланға риясыз ризашылығын айтып отырады. Бүгінде анасы Сәлима ардақты ардагер ұстаз-зейнеткер болса, бауыры, ағасы Нұрлан Әмір Шиелі аудандық аурухананың басшысы, бас дәрігері.
Аудандық мәслихаттың депутаты, үлгілі азаматша С.Әмірова отбасында, ошақ қасында ибалы, инабатты, қарапайым қазақ келіні. Өмірлік серігі, жұбайы Берік Қыдырәлиев кәсіпкер. Өз ісінің шебер маманы, іскер басшы. Алаңсыз, уайымсыз қызмет жасау ерлі-зайыптылардың татулығына, махаббатына да көп байланысты. Бұл жағынан Салтанат мен Берік өнегелі, мықты отбасылар санатына кірген. Үйде екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған бақытты жандар. Шаңырақта Салтанаттың сенімді серігі, енесі – елге танымал ұлағатты ұстаз, бүгінгі зейнеткер Раушан апай барда бұл отбасыда тек сыйластық, ойын-күлкі, отбасылық жақсылықтар болып жататындығына толықтай сенімдіміз.
Дәрігер мамандығының қоғамға қажеттілігі пандемия кезінде, карантинге жабылған шағымызда қатты білінді, дәрігерлердің қадыр-қасиеті сезілді. Өршіген жұқпалы ауруға дәрігерлер ғана төтеп берді. Мыңдаған адамдарды ажалдан құтқарды. Оған бас июге тура келді. Сол ақ халаттылар қатарында, індетке қарсы күресте, алдыңғы шепте Салтанат Әмірованың жүргенінен де хабардармыз. Дәрігерлердің жүрегі нәзік, ауруға келгенде қатал. Олар әркез күресуге даяр тұрады. Өмір мен өлімді арашалайды. Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, себепкер болады. Адам үшін бірінші байлық – денсаулық. Ал сол қағиданың орындалуы – білікті дәрігерлерге жүктелген. Ертеректе халық емшілері мен бақсылары адам өмірі жолында барын салса, қазіргі заман дәрігерлері оқыған-тоқыған, ғылымның, медицина саласының жетілген аппараттарымен, дәрі-дәрмектерімен, вакцинасымен қаруланған, адам қауіпсіздігін қорғай алатын үлкен армия. Салтанат та сол айбынды әскердің солдаты. Түн ұйқысын төрт бөліп, науқастар аурудан айығып кеткенше уайым жейтін, туысқаныңнан да жақын болып кететін абзал жан – ол дәрігер. С.Әмірова қоғамшыл, көпшіл, қайырымшыл, жанашыр, мейірім шашып тұратын ана. Адам жанын ыстық алақанымен, жылы сөзімен тербей емдесе, «Ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» дегендей, тұрмысы төмен отбасыларына қайрымды қолын созып отырады. С.Әмірова аудан халқының денсаулығын сақтау жолындағы еңбегі мен денсаулық саласына қосқан үлесі үшін және «Ана сезімі» қайырымдылық қорында 2014 жылдан бері жоғарыда айтқандарға қоса, балалардың денсаулығын қорғауға көмегін беріп, ақшалай, заттай үнемі атсалысып келеді. Салтанат осындай қоғамдық белсенділігі үшін «Алтын дәрігер» медалімен, 2015 жылы облыс әкімі Қ.Көшербаевтың «Алғыс хатына» ие болды. 2017 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының, медицина қызметкерлері кәсіподағы ұйымының «Құрмет грамоталарымен», сондай-ақ 2019 жылы республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының сертификатымен, «Елеулі еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Салтанат «маған халықтың алғысынан үлкен награда жоқ» – дейді, бота көзінен мейірімі төгіліп. С.Әміровадай дәрігерге деген құрметімді, жалпы ақ халатты абзал жандарға деген айрықша лебізімді осы шығармам арқылы жеткізсем дедім. Өйткені, Салтанат айтқан халықтың біз де бір өкіліміз.

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

18 маусым 2021 ж. 299 0