Еңбектің наны тәтті

– «Балам, егер сен мені тыңдамай бұзық болсаң сені қоқысқа тастап жіберемін. Сосын анау ағай секілді қоқыс теріп жүресің», – деп балаға тіл қатты. Осы кезде санам санға, ойым онға бөлініп, тілімді тістеп қалдым. Расымен де оң-солын енді ғана танып келе жатқан бүлдіршінге осылай айту дұрыс па? Бұл қорқытудың дұрыс емес екенін біліп, іштей күрсінгендей болдым. Тағдырдың жазғанына мойынсұнған жандардың еңбектерін сөз етуге біздің қандай құқымыз бар деген ой келді. Бір сәтке өзімді әлгі жандардың орнына қойып, нағыз еңбек адамдары екендерін ұғынғандай болдым.
Бала санасында нағыз іскер адам имиджі – көзілдірік киіп, сөмке асынған адам ретінде қалыптасуы әбден мүмкін. Не болмаса, қымбат көлік пен қымбат киім киген жанды білім саласынан да, қызмет бабынан да жоғары деген ой келеді. Алайда, нағыз еңбек пен нағыз шеберліктің қарапайым жұмыста екенін аңғара бермейміз. Жалақысы көңілді қуантпаса да, еткен еңбегі құрметке лайық. «Махаббатпен жасау» тіркесі тап бір осы жандарға әбден лайық.
Кісіні киген киімі мен еткен еңбегіне қарап бағалау, адам санасының ең төменгі сатысы. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді, болмас елдің баласы бірін-бірі қатын дейді». Исі қазақ жұрты қай кезде болмасын тауып айтқан. Бабалар аманаты ұлт пен тіл емес пе? Ұлттың құндылығын арттыру үшін бізге бауырмалдық қажет. Жұмысы жоқтықтан арылып, екі қолға бір күрек асынған жандарды қолдаудан бастау керек. Сонда ғана елім деп еміренген жұртымыз да, болашақ жас өрен де нағыз еңбектің қасиет-қадірін ұғынатын болады. Ал, қазіргі біздің санамызда қалыптасу керек сөз «еңбектің наны, жалқаудың жаны тәтті».
Айгерім ӘЛІШЕР