Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлемі әдемі әйел

Әлемі әдемі әйел


Ай қабағы күлімдеп сұлу жеңгей,
Қояр емес дүниенің мұңын жеңбей.
Өзі тұрған мәуелі бір бәйтерек,
Ошағының маңайы рулы елдей.
Әйел деген – адамзат, түсін, ұғын,
Бар кеуденің салмағын арқалаған.
Жер секілді бір өзі кішігірім.

(Фариза ақын)


Шиелі азаматтар­ымен ажарлы аудан болса, осы ауданның бүкіл тыныс-тіршілігіне нәр беріп, ер-азаматтарына сенімді серік болып, олармен иін тірестіре жүріп, аудан өмірінің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген ­пайым­ды да парасатты, арын ақ жаулығына түйіп өткен қаншама аяулы аналарымыз, ақылына көркі сай қыз-келіншектеріміз бар. Олардың еңбектері адал, жүздері жарқын, абыройлары қашан да асқақ!
«Ұлтымыздың ертең азып-тозып кетпеуіне ертеңгі ұрпақ жауапты. Ал ұрпақтың мықты боп жетілуіне бүгін біз жауаптымыз!» – дейді академик Шахмардан ­Есенов. Ендеше, сол ұрпақты дүниеге әкелетін, оны тәрбиелейтін аналардың өзі қандай күйде, қандай тіршілік етіп жүр деген ойға тоқталғанымыз артық болмайды. «Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды. Жақсы қасиет адамға ананың ақ сүтімен дариды», – депті сонау ХІ ғасырда өмір сүрген әйгілі ғұлама Жүсіп Баласағұн бабамыз.
Ана – ұлылық, ал әйел – әлсіздік. Ұлылық пен әлсіздікті өз бойында үйлестіре білген жан ғана нағыз азаматтық биіктікке көтерілсе керек. Әйелдерді де «Азамат екен! Нағыз ер азаматтың ісін атқарды!» - деп дәріптеп жатады. Иә, ол рас. Өйткені, біз олармен қоян-қолтық араласып өмір сүріп келеміз, Білеміз.
Сұлу Сырдың Швейцариясы атанған көк желегі жайқалып, көк жидесі гүлдегенде әлемдік сұлулықтың отаны Париж көшіп келгендей күйде болатын шежірелі Шиелінің небір ғажайып жігіттері мен қыздарының тағдырлары мені әрқашан да сүйсіндіріп келеді.
Демеймін түнді қуған күндізіңмін,
Демеймін жалғыз жанған жұлдызыңмын.
Болса егер елім биік, өзім биік –
Деп жүрген ортаңдағы бір қызыңмын, –
деп Тұрсынхан Әбдрахманова жырлағандай, ел ішінде, ағайын арасында, дос-жаранның ортасында жарқ-жұрқ етіп, жанымызға жалау боп жүретін бір қызымыз бар. Ол – Ұлтай!

Жастық шағымызды бірге өткізген, махабаттың машақатын да бірге жүріп көтеріскен, есігі жабылмайтын, өрісі тарылмайтын, дастарханы жиылмайтын, күнде бір дос таппаса ауырып қалатын, үйіне қонақ көп келген сайын рахат табатын, өз қонағы түгілі, өзгенің қонақтарын да күтіп, шығарып салуға жарайтын, маңдайы жарқыраған Шиелінің сұлу жігіті – ері Қайратты дүниеден озғанша хандай қадірлеген, жаны жомарт, жүрегі кең Ұлтай – нағыз елдің қызы.
Ол – білікті маман, іскер басшы болды. Аудан орталығындағы бірнеше мектепте мұғалім, мектеп директоры қызметтерін атқара жүріп, ауданның мәдени өміріне тонның ішкі бауындай араласып, бірнеше фестивальдардың дипломанты атанды. ҚР білім беру ісінің үздігі Ұлтай Сейілова жолдасы Қайрат Ерманов екеуі білім беру ісі мен мәдени өмірге ерен еңбек сіңірген жұлдызды жұп болды. Қайраттың баритон дауысы мен Ұлтайдың сызылтып орындайтын халық әндерінің тыңдарман жадында сақталып қалғанына ешкім де шүбә келтірмес деп ойлаймын. Ұлтайдың репертуарындағы ерекше шоқтығы биік «Дедім-ай-ау» әнін тыңдаған кезде оның дауысының бояуының қанықтығы, әйел адамға ғана тән дауыс нәзіктігі, әннің ішкі иірімдеріне бойлайтын шеберлігі, тембрінің сүйкімділігі мұғалім емес, нағыз кәсіби әнші ән айтып тұрғандай сезінесің.
«Құлағыңа таққаның күміс сырға,
Күмбірлетіп шығасың күнде қырға, дедім-
ай ау,
Сағыныштан сарғайып шыдам таппай,
Мен өзіңді қосамын ән мен жырға, дедім-
ай-ау»,
– деп қайырғанда халық жадында сақталған өміршең әнді ол тіпті құлпыртып жіберуші еді. Тыңдаған жан ерекше әсер алып, ән құдіретіне еріксіз бас иетін.
Ұлтай мектеп басшысы болып тағайындалған күннен бастап, оған үнемі қолдау көрсетіп, қолтығынан демеген Қайраттың азаматтығы мен адалдығы қайсар да зерек Ұлтайдың талай белес­ке көтерілуіне ықпал етті. Отбасындағы балаларының да білім алып, белгілі бір мамандықты игерулері мен отбасын құрып, аяқтарынан тік тұрып кетулеріне ерекше мән берген Ұлтай алдына қойған мақсатына жету үшін отқа да жанды, суға да сүңгіді. Арманшыл, мақсатшыл ана Ұлтай қиындық атаулыны белден басып, қайраткерлігі мен пайымдылығын таныта алды. Өз балалары мен немерелерін қатар тәрбиелеп, қатар көтерді. Ұлдар ғана емес, қыздарынан да өрбіген перзенттерге де аса үлкен қамқорлық жасап, қадағалап келеді. Қайраттың дүние салғаны соншалықты ауыр болғанына қарамастан, есін тез жыйды. Сол бір сәттерде: «Тағдырдың басқа салғанына қарашы, Қайрат өмірдің бүкіл ауыртпалығын маған тастап, өзі келмеске кетіп қалды ғой»,- деп көз жасына ерік бергені есімде.
Ал Қайраттың ұстаздық еңбегі әрқашан да дер кезінде бағаланып отырды. Ол – нағыз жігіттің серісі еді.
Сынама хас батырды жаралыда,
Сынама хас сұлуды қаралыда.
Өзіңе өзге қамқор болсын десең,
Басқаның қарап үйрен қабағына, - дейді қазақтың қара өлеңінде. Өзін-өзі сыйлата білуі педагог Ұлтайдың, ол – өзгенің қабағына қарап, адамдар қарым-қатынасындағы нәзік қылды шерте білуінде. Сыйласып жүрген әрбір досының жан дүниесіне үңіліп, оның қадір-қасиетіне аса мән беріп отырады. Мұның өзі Ұлтайдың болмысына ғана тән адамгершілік деңгейі.
Әрине, Ұлтай – педагогтың бойындағы асыл қасиеттің бәрі де оның әкесі Сейілұлы Әуелбек ағаның қаны мен Гүлмейрамдай мейірімді ананың сүтімен қалыптасқан құндылықтар. Олай дейтінім, Әуелбек аға сонау ашаршылық жылдарында-ақ ауданда омарташылықпен айналысқан алғашқы жан екен. Ел ішіндегі көзін көргендердің айтуы бойынша – мерген, яғни аңшы, балықшы болған. Сондай-ақ, аттың ерін, киіз үйдің ағаштарын шауып дайындайтын он саусағынан өнері тамған шебер болған деседі. Яғни, «сегіз қырлы, бір сырлы» әке мен бармағынан бал тамған іскер ананың еңбекқор, шеберліктері, отбасындағы қонақжайлылықтары балаларының бойына сіңіп, олардың өмірден ойып тұрып өз орындарын табуына ықпал еткені аян. Қызғалдақтай қыздары: Палай, Бегай, Ұлтайлар – әке-шешелерінің екі ұл, екі қыздан айырылып қалып, тірі қалған көзқуаныштары. Тіпті, балалары тұра бермеген соң, Ұлтайдың өзін «Қорасан» әулиенің басына түнеп, Тәңірден тілеп алғандықтан, кіндігін де ырымдап шешен әйеліне кестірген екен.
Иә, әр әулеттің өз тарихы бар. Бұл – Өмір! Имандылықтың туын жықпаған Әуелбек аға пірге қол беріп, 40 жасында намазға жығылыпты. Гүлмейрам апам ері дүниеден озғанша атын атамай, «Пірадар» деп құрмет тұтқан. Міне, осындай ата-аналарының өнегелі өмірі балаларының бойында адамзаттық құндылықтарды қалыптастырудың ең ұтымды, ұлттық көріністері емес пе?! «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің» демеуші ме еді.
Мен Гүлмейрам апайдың көзін көріп, қолынан дәм татқан жанның бірімін. Бір таңқаларлығы – жасы 70-80-нен асқан шағының өзінде ол кісі бойын тіп-тік ұстап, аппақ жаулығын басына өзінше сәндеп салып, жас келіншектер сияқтанып аяғын баппен басып, кербездене жүруші еді. Біз қызымен жасты болсақ та, кішіпейілділікпен сәлемдесіп, халімізді сұрайтын. Сыртынан қараған адамға ол кісінің кешегі аштық пен жалаңаштықты көрген, қан құйлы соғыстың зардабын тартқан буынның өкілі екені байқалмайтын, өйткені ол өз заманының бүкіл ауыртпалығын ұрпағым көрмесе екен, ашаршылық сұмдықтарын өзімізбен бірге алып кетсек екен деген пиғылдағы нағыз ана еді.
«Алма ағаштың өзі түгілі аясынан да жұпар аңқиды. Анаңның кейігені де мейір боп аялайды... Қайран анаға татитын сөзді әлі таба алмай-ақ келеміз ғой!» – деп мұңданады дана ақын Мұзафар. Тектілік пен мәрттік те, жомарттық пен бекзаттық та біздің замандасымыз Ұлтай бойына өз әке-шешесінен дарып, оның әлемін нұрландырып тұрғаны анық. «Анам 87-ге келіп дүниеден озды. Шамам келгенше, ана алдындағы парызымды біршама өтегендей болдым. Бірақ, дүниеден ерте кеткен әкеме ешнәрсе жасай алмадым. Ол кезде жас едім. Тек тұңғыш ұлымды әкемнің атына жаздырдым. 2012 жылы әкем мен анама арнап ас бердім», – деп иығынан үлкен бір жүк түскендей серпіліп қалды.
Бүгінде Ұлтай – жоғарыда Фариза ақын айтқандай, «өзі тұрған мәуелі бір бәйтерек». Бүкіл саналы ғұмырының қырық үш жылын педагогикалық қызметке арнап, 1965 жылдан сахнаның сәнін келтірсе, ұл-қыздары өрісті, немерелері келісті болып, мерейін асқақтатты.
Елу жаста тау мен тасқа басты ұрып,
Алпыс жаста қолыма алдым таспиық.
Жетпіс жаста төрде отырдым қасқиып,
деген екен әйгілі Мақтымқұлы. Иә, бүгінде зейнеткер Ұлтайдың үлкен ұлы Ермек – кеден қызметкері, Алтынайы – медицина саласында, Бақыты – ұстаз болса, Фариза мен Сахнам да ата-аналарының жолын қуып, педагог мамандығын таңдаған жастар. Олардан өрбіген он бес немересін де қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, аялы алақанымен әлпештеп отырған мейірімді әже ол – Ұлтай! Қолы қалт етсе, тоқыма тоқиды, көктем шыға қара күз түскенше, үйінің айналасын гүлмен көркейтіп, бау-бақшасын жеміс-жидекпен жайқалтып отыратын асқан еңбекқорлығына сүйсінбеу мүмкін емес.
Айналасын достарымен толтырып, ағайын-туғанмен араласуға ерекше мән беруі де – оның жанының жомарттығы, азаматтық, имандылық өлшемі. Жарты ғасырдан бері мен танитын Ұлтай – нағыз әлемі әдемі әйел.
Ұлтайжан, бәрі де өтті басыңнан,
Кездерің жоқ сырыңды елден жасырған.
Қайсарлығың байқалатын жасыңнан,
Тал шыбықтай нәзік болмыс арусың,
Кезің болмас әлсіздікке бас ұрған.
Сол қарқынмен жеттің биік белеске,
Өткен күндер – сағым жылдар емес пе?
Еңбегің де, өнерің де – бәрі есте.
Күндей нұрлы дидарыңнан нәр алып,
Өмір – бағың жайнай берсін жемістей!

Гүлхадиша НЫСАНБАЕВА,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
Ы.Алтынсарин, М.Шоқай медальдарының иегері.
Алматы қаласы

29 мамыр 2021 ж. 763 0