Салынған құрылыс сапаға сай
Бүгінгі сұқбат алаңында – аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Аман.
– Дана Сматұлы, сіз басқарған мекеменің жұмысы жайлы аздап ақпарат беріп өтсеңіз. Халық сыншы, «осылар не істеп отыр?» деп бәрін білгісі келеді.
– Оныңыз тура. Ауданда 145,4 шақырым аудандық, 101 шақырым облыстық, 80 шақырым республикалық маңыздағы автомобиль жолдары, Сырдария өзенінде екі қалқымалы көпір мен бір қалқымалы өткел бар. Аудандық маңыздағы 145,4 шақырым автомобиль жолдарының 136,7 шақырымы, яғни 94 проценті жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Облыстық және республикалық маңыздағы автомобиль жолдары 100 процент асфальтталған. Шынына келсек, басқа аудандармен салыстырғанда облыста бірінші орында тұрмыз. Қаражаты шешіліп жатса, енді көпірлер салуға, ескісін жөндеуге шығамыз. Кент және ауылдық округтерде 437 шақырым жол тораптары бар. Олардың тиісінше кентте 52,6 және елді мекендерде 47,5 процент көше жолдарына асфальт төселген. Ауданда «Шиелі ауданының 2019-2021 жылдар аралығында аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу жол картасы», «Шиелі ауданының 2019-2021 жылдар аралығында елді мекендердің ішкі автомобиль жолдарын жөндеу жол карталары» жасалынып, қазіргі таңда осы жол карталары бойынша жұмыстар атқарылуда.
Өткен жылы Сырдария өзеніндегі «Жөлек» қалқымалы көпірі күрделі, «Майлытоғай» елді мекеніне кіреберіс аудандық маңыздағы жол орташа жөнделді. Сонымен қатар, 2020 жылдан ағымдағы жылға өтпелі Қызылорда облысы, Шиелі ауданының М-32 «Самара-Шымкент» аудандық маңызы бар 6,5 км «Самара-Шымкент» автомобиль жолын (ПК 1921-1927,5) қайта құрылымдау және Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы маңызы бар «Жиделіарық» елді мекеніне кіреберіс автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 175623,0 мың теңге қаржы қаралып, осы жарты жылдықта құрылыс жұмыстары аяқталып, нысандар пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде көптен бері аудан тұрғындарының өтініші орындалып, Қызылорда бағытынан кіретін кірме жол шамамен 10 шақырымға қысқарып, «Алмалы», 21-бекет елді мекендері қамтылады.
– «Алмалы» ауылы ардагерлер Кеңесінің төрағасы Рысбек Мұхтаров айтып жүрген жол осы ма?
– Дәл өзі.
– Жақсы болған екен.
– Аудандық маңыздағы 100 шақырым жол, Сырдария өзеніндегі екі қалқымалы көпір мен өткел күтімге алынады. Биыл «Жансейіт-Ортақшыл», «Бала би» ауылына кіре беріс жолдар ішінара жәй жөнделеді.
– Мына «Жансейіт-Ортақшыл» деп отырғаныңыз өткенде бір жиналыста кент тұрғыны Үпілмәлік Мырзахметов ақсақал көтерген аралық па? Есіңізде ме? Ойдым-ойдым, тасы жұқа төселген былқылдақ жол деп еді ғой.
– Иә, иә, рас айтты. Сыннан қорытынды шығарамыз. Өткен жылы 90 шақырым жол күтіп ұсталынды. Жол түрлі себептермен бұзылып жатады. Сондай-ақ, «Қызылорда облысы, Шиелі ауданы «Жуантөбе» ауылына кіреберіс 0-6 шақырым автомобиль жолын» және «Сұлутөбе» елді мекеніндегі «Самара – Шымкент – Сұлутөбе (М.Тоқмағамбетов көшесі) жолын күрделі жөндеу» жобаларына жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп, ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындылары алынды. Биылғы жылы құрылыстары 2020 жылы басталған облыстық маңыздағы «Самара – Шымкент – Жеміс-жидек», «Шиелі-Қарғалы – Байкенже – Жаңақорған» автомобиль жолдарының жұмыстары аяқталады.
– Асфальттанбай аяқсыз қалған осы «Шиелі-Қарғалы», сосын «Алғабас-Бестам» жолы ше?
– Дұрыс айтасыз. Бөлген қаражаты сол жерге дейін жеткесін, тоқтап қалған. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша өткен жылы «Ақмая» ауылының бір көшесі жөнделді.
– Енді шиеліліктерге арман болған темір жол үстінен өтетін аспалы көпір жөнінде теріс әңгіме көп. Әсіресе, жүргізушілер тарапынан реніш жеткілікті. Кезінде журналистерге қаратып, «мақтаған көпірлеріңіз осы ма?» деп те жатты. Бұған не дейсіз? Қыста көліктер көпірге шыға алмай жатыр, төмен түсерде кілт бұрылған жол (колледжге қарай) апатқа ұшыратпай ма? деген сауалдар көп ел арасында.
– Негізі біз бұл көпірдің біткеніне қуануымыз керек. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, қазақта «көпір салған адам пейішке барады» деген де бар емес пе? Пейішті кім көрген? Бірақ, өз басым Шиелі халқы үшін, осы көпір үшін жүгіріп, адал қызмет еткенімді жасыра алмаймын. Аспанда құдай көріп тұрған нәрсені қалай жасырасың. Біткен іске айтылған сындарды да қабылдаймын. Кем-кетіксіз дүние жоқ. Көпірді соққан аудан тұрғындары мен жастары. Иә, жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тартылған 63 адам алғыс арқалауы тиіс. Асығыс болғанымен, уақтысында тез біткен құрылыс болды. Көпірдің құрылыс-монтаждау жұмыстары 2020 жылдың маусым айында басталып, 2020 жылдың желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға берілді. Бас мердігер «Стандарт Ойл КЗО», техникалық қадағалаушы «MSK Engineerig» және авторлық қадағалаушы «Мостдорпроект» ЖШС-мен келісім шарттар жасалынып, құрылыс-монтаждау жұмыстары бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес жүргізіліп, нысан пайдалануға қабылданды. Меніңше, көпірдің жағдайы жақсы.
Айта кетерім, құрылыс мекемесінің мастерлері басшылық жасағанымен, жұмысты жүргізген өз адамдарымыз. Біздің жігіттердің шеберлігіне риза болған мекеме басшысы осы 63 адамның ішінен 4 жігітті тұрақты жұмысқа қабылдады. Олар келешек көпір соғудың мамандары болып шығады деген сөз.
Техникалық қадағалаушы ұйым құрылыс мерзімдерінің және нормативтік құжаттардың талаптарының, оның ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапалы орындалуын қатаң бақылап отырды. Сонымен қатар, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» ШЖҚ РМК тарапынан объектінің жұмыстары мен материалдарының сапасын тексеру жүргізіліп отырды. «ТЕКА-Проект» ЖШС-мен (Алматы қаласы) көпірдің теміржол арқылы өтетін жол өткелінің аралық құрылысына, жүк көтеруіне, материалдардың беріктігіне тексеру және сынақ жүргізіліп, оң қорытынды алынды. Көпір сынақ қорытындысы бойынша 150 тоннаға дейін жүк көтере алады. Өзі көпір салатын республикамызда үш мекеме болса, соның бірі соққан көпірдің өмірі ұзақ болатынына, мықтылығына сенгіміз келеді. Сондай-ақ, жобалау-сметалық құжаттама (әрі қарай ЖСҚ) Қазақстан Республикасының барлық құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес әзірленген. Берілген жобадан ешқандай ауытқу-қысқарту немесе қосу болған жоқ. Оған заң тұрғысынан да жол берілмейтінін бәріміз де жақсы білеміз. ЖСҚ әзірлену кезінде Шиелі ауданы халқының көліктері саны мен көлік ағынының қарқындылығы ескерілген. 2018 жылдың 24 қарашасында әзірленген ЖСҚ-ға Қазақстан Республикасы ИДМ «Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» ШЖҚ РМК-ның (Мемсараптама РМК) №01-0141/18 санды оң қорытындысы да алдымызда жатыр. Мен қазір «жер болған» көпірдің параметрлерін де айтып берейін. Көпірдің ұзындығы 60 метр, ені 9 метр, барлық кірме жолдардың ұзындығы 1020 метр, айналма жолдың ұзындығы 154 метр, көпірдің биіктігі 7,25 метр (барлығы 8,4 метр), жарық шамдарының саны – 43 дана, барлық жол белгілерінің саны – 78 дана. Көпірге төрт жағынан шығатын баспалдақ, екі жағынан шығатын жаяу жүргіншілер жолы және көпірдің үстінде ені 1,5 метрлік тротуарлар бар. Аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл бойына көпірді күтіп ұстауға тиісті мекемемен келісім шарт жасадық. Олар қыс мезгілінде құм-тұз қоспасын төсеп тұрады. Қар шамадан тыс қалың түскен жағдайда қарды күреп тазалап отырады. Тиісті техникамен адамдар бөлініп, кезекшілік ұйымдастырылады. Техникаларын қысқа даярламаған кейбір азаматтар «ойбай, көпір сапасыз салынған екен, қыстың күндері жүре алмайды екен» деп байбалам салғаны рас. Оны халықтан естіп жатырмыз. Дақпырт қазір басылды. Жүргізушілердің де көздері жеткен болар. Біздің айтпағымыз, көпірге тиісті жол белгілері қойылған, сызылған, жарықтандырылған. Тек көлік жүргізушілер жол ережесін жақсы білуі керек. Соны сақтап белгіленген жылдамдықпен жүріп, техниканың доңғалақтарын, тежегіштерін қыс мезгіліне даярлау қажет деп есептейміз. «Әңгіме бұзау емізер, көңілге кірбің кіргізер». Көпір салынып пайдалануға берілгелі, көпір үстінде не маңында, шығу-түсу жолдарында ешқандай көлік апаты орын алған жоқ.
– Дана Сматұлы, көпшіліктің көкейіндегі білгісі келетіндері көпір қаншаға соғылды? Қазір қит етсе, сыбайлас жемқорлық айтылады. Өсек-аяң әшейін күдік пе?
– Астапыр Алла, одан аулақпыз. Көпірді салу үшін барлығы 653 млн 540 мың теңге қаржы жұмсалған. Оның ішінде: құрылыс жұмыстарына 644 млн 846 мың теңге, техникалық қадағалау қызметіне 7 млн 405 мың теңге, авторлық қызметіне 1 млн 289 мың теңге жаратылған. Көпірге құрылысты жүргізген мердігер мекеме тарапынан 5 жылға кепілдік мерзім берілген. Көпір құрылысы 10 айға жоспарланған, өзіңіз байқағандай 7 айда бітіп отыр. Құрылысы қыс мезгілінде біткендіктен мердігер мекеме қазіргі кезде қосымша сырлау, әрлеу, көркейту жұмыстарын жүргізді.
– Жұртшылыққа енді түсінікті болғандай. Көпіріміз елге қызмет көрсете берсін. Жол қатынас құралы болғандықтан, халық сол жермен күнде жүреді. Кентішілік және ауыларалық жолдардың да тозатыны белгілі. Әсіресе, жүргізушілердің, көлігі бар адамдардың ой-шұқырлы жолмен өткенде не айтатынын, не деп қалатынын жақсы білесіз. Жауабыңыз?
– Ол да рас. Кеше ғана «Өскен өңір» газетінің өткір тілді тілшісі Гүлнәр Дүйсебай «Жұрт алаңы – жол жайы» деген мақала жазды. Орынды. Қоғам үшін жанашырлық танытқанына өз басым ризамын. Осыған сәл түсінік. «Бестам-Алғабас-Жеміс-Жидек» учаскесі мен «Қарғалы» жолы, яғни «Шиелі-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған» (10-17 шақырым арасы) облыстық маңызды жолдар, яки облысқа қарайды. «Еңбекші» жолы 5 жылға «КазАтомПром» мекемесіне былтыр сенімді басқаруға берілген. Жолды солар жөндеп отыруы тиіс. Мекеме «Шиелі-Жолшымен» келісім шартқа отырған. «Жансейіт-Ортақшыл» жолы бұрын шаруашылықтың өзінде болған, халық өтінішімен аудандық маңызға алынып, 2013 жылы асфальттанған. Биыл оны ішінара, орташа жөндейміз. Мақалада айтылған бағдаршамға байланысты, светофорлар кент ішіне 2005-2007 жылдары қойылған. Бағдаршамдардың ақау актілері полиция бөліміне беріліп, жол бойындағы белгілер сатып алу заңы бойынша істелінеді. Арада түсінбестік туындап, осылай уақыт та созылып жатады. Бәрін құптап, мақұлдап, біліп отырмыз.
– Бір ауыз алдағы міндеттерге тоқтала кетсеңіз ...
– Әлбетте. Өзі Шиелі ауданы аумағынан өтетін Сырдария өзенінің ұзындығы 220 шақырымды құрайды. Аудан бойынша арғы бетке өзен бойынан бірде-бір автомобиль көпірі салынбаған. Уақытша өтетін 3 қалқымалы көпір және 1 қалқымалы өткел бар. Оларда өткізілетін техникалардың, жүктердің салмағына шектеу қойылған. Қыс мезгілінде қалқымалы өткелдер мен көпірлер алынып, дарияның арғы жағымен қатынас қиындайды. Осы мәселелерді ескере отырып, Қарғалы ауылдық округі маңайынан Сырдария өзеніне автомобиль көпірін соғу жоспарлануда. Қазіргі таңда жер бөлу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоспар іске асса, тарихи оқиғалар қатарынан орын алары сөзсіз.
Екінші: Тұрсынбай датқа елді мекені мен «Бұланбай бауы» елді мекені арасына автомобиль жол құрылысын жүргізу ойластырылуда. Ауданда Сырдария өзенінің сол жағалауында «Бұланбай бауы», «Жуантөбе», «Қызылқайың», «Ботабай» елді мекендері, өмір-тіршіліктері қайнаған ыстық ауылдар орналасқан. Аталған елді мекендердің жайылымдық жерлері 19 мың гектарды құрайды. Кеңестік кезеңде бір кездері Сырдария өзенінің сол жақ жағалауынан «Бұланбай бауы» және Тұрсынбай датқа ауылдарына дейін қиыршықтасты, асфальтты жол жөнделіп, екі елді мекенді жалғастыратын ортада 60-65 шақырымдай жері қалып қойған. Бұл жолдың бір шеті облыс орталығы Қызылорда қаласы арқылы Ақтөбе облысына шықса, екінші шеті Түркістан облысы арқылы Өзбекстан Республикасына дейін кетеді. «Күміскеткен» су қоймасының соғылуымен осы екі ауыл арасына жол салынған жағдайда, «Сырдарияның сол жағалауындағы облыстың және ауданның елді мекендерін жалғастырып, егін, мал, балық шаруашылықтары, өнеркәсіп, туризм дамиды. Жобаға байланысты техникалық-экономикалық негіздемесі жасалынып, жоба-сметалық құжатқа қаржы қарастырылуда.
Үшінші: «Еңбекші» елді мекені тұсынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жолы үстінен көпір соғу көзделуде. Оған «КазАтомӨнеркәсіп» ҰАҚ АҚ-ы ЖСҚ -ын даярлауға қаржы бөліп, әзірлеуде. Аудан әкімдігі «Самара-Шымкент-Еңбекші» автомобиль жолына параллель жасалынатын технологиялық жолға, көпірге тиісті жер телімін бөлді. Сондай-ақ, облыстық маңыздағы «Самара-Шымкент-Жеміс-Жидек» автомобиль жолының 14 шақырымында (Ә.Тәжібаев ауылына кіре беріс) және «Шиелі-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған» автомобиль жолының 0 шақырымында («Бидайкөл» ауылына кіре беріс) орналасқан апатты жағдайдағы көпірлерді күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлдіру. Бұл мәселелердің барлығы аудан әкімінің қаперінде, әкімдіктің бақылауында тұр.
– Дана Сматұлы, мәнді де мазмұнды әңгімеңіз бен ақпаратыңызға мың алғыс. Аудан тұрғындары біраз нәрседен құлақтанды. Жолаушыларға «Жолдарыңыз болсын, сәтті сапар!» дейік. Қызметтеріңізге Алла тағала абырой берсін, өмірде жолымыз болсын!
– Рахмет, мен де соны тілеймін.
Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
ҚР Журналистер одағының мүшесі