Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жігіттің жүрген жері Мысыр Шәрі

Жігіттің жүрген жері Мысыр Шәрі

«ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ ҰСТАНЫМЫ ЖАҚСЫ» ДЕГЕН ӘШЕКЕҢ МАРҚҰМ МӘТЕЛДЕП СӨЙЛЕУ СӨЗІНІҢ ӘЛҚИССАСЫН: «АРЗЕКЕҢ АЙТПАҚШЫ...» ДЕП БАСТАП КӨБІНЕ-КӨП «ЖІГІТТІҢ ЖҮРГЕН ЖЕРІ МЫСЫР ШӘРІ» ДЕГЕНІН ТӘМСІЛДЕЙ ТАҚПАҚТАП, ЕКПІН САЛА КӨП МАҒЫНА СИҒЫЗЫП ЖИІ ҚОЛДАНУШЫ ЕДІ. САЙЫП КЕЛГЕНДЕ ӘР АЗАМАТ ЖҮРГЕН ОРТАСЫНДА ЗІЛІ ЖОҚ СЫПАЙЫ ҚАЛЖЫҢЫМЕН, СЫНАЙ ТҮЙРЕП ТАУЫП АЙТАТЫН ӨТКІР ӘЗІЛІМЕН ДУ-ДУ ӘҢГІМЕ-ДҮКЕННІҢ КӨРІГІН ҚЫЗДЫРЫП, ЖАРҚЫЛДАП ЖҮРГЕНГЕ НЕ ЖЕТСІНДІ МЕҢЗЕЙТІН БОЛСА КЕРЕК, АРЗУЛЛАША АҒЫНАН ЖАРЫЛЫП АҚТАРЫЛЫП АРАМЫЗДА ЖҮРЕТІН БОЛМЫСЫ БӨЛЕКШЕ ӘШЕКЕҢНІҢ ОРНЫ ҮҢІРЕЙІП-АҚ ҚАЛҒАНЫ АНЫҚ.
Абай данышпан «...Алды үміт, арты өкініш қайран өмір, желігін жерге тықпас кісің бар ма...» – демеуші ме еді? Желпілдеп жүріп, желкілдеп жүріп қайран өмірдің қымбаты мен арзанының арасын ажыратпастан сайда саны, құмда ізі қалмай өмірден өтіп жатқандар қаншама? Ал, өткен жылы ғана дүниеден озған өзіміздің Әшекең саналы ғұмырын ауданның мәдениет саласына сарқа жұмсап, табан аудармастан 22 жыл басшылық қызметте болып артына сүбелі сөз, кестелі әзіл, өнер сүрлеуінде өзіндік із салып келе жатқан зейінді іні, мейірлі қарындастар шоғырын қалыптастырған мол мұра қалдырып үлгеріпті-ау... Екі дүниенің абыройын тілейтін мұсылманшылық қағидамызға сай, мезгілсіздеу кеткені болмаса, айтуға ауыр болса да – абыройлы өлім! Артында ондаған шәкірт тәрбиелеп, алды-арты бүкіл қазақ еліне танымал (Клара Төлендиева, Мұхамедәлі Бекпейіс, Нұртілек Ақтаев) талантты да талапты шәкірттер тәрбиелеп отырған өзінің негізгі шығармашылық өміріне арқау еткен ән еркесі Нартай атындағы өнер мектебінің қазығын қағып, аудан көлемінде алғаш рет «Шаттық» музыкалық, 1990 жылы Португалияда өткен Бүкіл дүниежүзілік фольклор фестиваліне қатысқан «Нартай сазы» фольклорлық ән-би ансамбльдерін құрып, жетекшілік жасағаны, ерекше өнері үшін «Нартай сазы» халық ансамблі атағын алуы, міне осының бәрі бір адамның ұзақ жылдар бойы еткен еңбек, төккен тер, табан ақысы екенін неге айтпасқа?
Бүкіл халықтық халық шығармашылығы фестивалінің екі дүркін лауреаты Әшімхан Орынбасарұлының мәдениет саласындағы еңбегі мемлекеттік дәрежеде жоғары бағаланғаны 2002 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2007 жылы «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен, «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық қазақ Творчестволық Бірлестігінің «Ұлт мақтанышы» және «Н.Бекежанов» медальдарымен және Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталып жоғары бағасын алғаны да осыған дәлел. «Елде (Шиеліде) кісіменен ісі бар екеу болса, соның бірі Әшекең еді...» деп аудан халқына көңілін білдірген ғалым ініміз Мамай Ахетов айтпақшы, аудан мәдениеті майталманының орны толмас қазасы тұсында Әшекең жайлы жазылар естелік кітаптың кіріспесіндей болған көңілге медет, бірқатар жүрекжарды лебіздер келіп жатты қызмет орнына. Қазақта «Өлдің – өштің!» – деген сөз бар. Бірақ, оны Әшекеңе байланыстыра айтуға ауыз бармайды. Абай хакімше айтқанда өмірден озғанына жыл толатын Әшімхан ағамыздың «мені» мен «менікі» ғана ажырапты-ау деп түйсініп, басталған екінші ғарыштық ғұмырының ұзағырақ болуына сенім артқан жайымыз бар бұл күндері. Расында, көзден таса болса да, көңілден кетпей жүрген елес бейне мұрнынан ғана мырс етіп күлетін әдетіне бағып, әркез көз алдымнан көлбеңдей жалт ететіні бар. Іле-шала көмескі күлгін кейіпте көз суырар сағымға сіңіп кете барады. Уақыт озған сайын аракідік «уақытында қадіріңді біле алмадық па екен осы?..» дейтін күпті көңіл түкпіріндегі жылт етіп көрінер күмәнді сауалдардың да бой көтеретіні рас. «Қой!» дейсің ондайда өзіңе өзің. Тіпті, орны бөлек әке мен шешенің де қадір-қасиетін жете сезінгеніміз беріде, өзіңді айна-қатесіз қайталайтын балаларыңның шәлкес-шала тірліктеріне ашу шақырғанда ғана «ой, әттеген-ай...» деп бармақ тістететін бір сәттік өкініштен ой түртіп, селк еткізер кездеріміз де болмаушы ма еді? Оның қасында 20 жылдың арғы жағындағы ағалы-інілі қарым-қатысымызда жұтып қоярлықтай тым «тәтті» болып кетпесекте, «ищай» десіп «ащы» болып ірге ажыратқан жеріміздің болмағанына шүкіршілік ететініміз де бар. Күрмеуге келмес өмірдің қысқа жібінің бір ұшын шыжымдап ұстағандай күй кешесің ондайда. Өмір шіркіннің осыншалықты алдамшы, адамдардың біріне -бірі 5 күндік қана қонақ екенін пайымдамасқа лаж қалмайды. Ойлайсың, бірақ түпсіз тереңіне бойлай алмайсың. Осы күндері әңгіме сөздің әлқиссасын «Әшекең айтпақшы...» деп бас­тайтын кездеріміз көп, сірә, ол кісіге деген қимастық, сағыныш сезімдер көмейден осылай ақтарылатын болар. Айтатындай бар, табиғатында иі жұмсақ Әшекең жүрген жерінде қиыстырып кісінің ойына келмес небір қысыр сөздер мен әзіл-қалжыңдар айтып күлкіге көміп жүретін. «Әй, мен отырған жерде көп әңгіме айта бермеңдер, аузым жеңіл адаммын, бастықтарға байқамай айтып қоюым мүмкін», – деп ескертіп қоятынын қайтерсің. Қайсыбір бірінші басшыларды нысанаға ілген қисық сөздеріміздің кейде алдымыздан шығып жататын тұстарында, мұрнын тартқыштап монтиып, апалақтап, күмілжіңкіреп қалатын. «Әй, осы менің тұзым жеңіл, үш адам отырған жерде айтылған сөзде еге болушыма еді, енді менен көретін болды ғой бұлар...» – деп әжептеуір қысылып қызарақтап қалатын. Бірақ, ол кісіге бір адам ренжімейді, арғы жағы мөлдір, зілі жоқ оған өкпелеу де мүмкін емес-ті. Артынша-ақ, тағы да бір тосыннан айтылар жеңіл әзілмен еріксіз күлкі шақырып, көңіл шуағымен еріп жүре беретін кірбің-күдіктің барлығы да жуылып-шайылып кететін. Ретімен айтылған әзілдің өзінің кейде қорған, кейде қару боларлық қауқары болатынын байыбына барып, астарына үңілсең, Әшекең марқұм ылғи да танытып жүреді екен ғой өстіп. Бірде жұмыста отырып фойеге шықсам, қолында ішінде қағазы қобыраған пакетті ұстаған Әшекең өткеннің де, кеткеннің де әрқайсысына ту сыртынан мұрын астынан естілер-естілмес күбірлеп «сәлеметсіздер ме, сәлеметсіздер ме?» деп жөпелдеме кішірейіп, кібіртіктегенсіп, көзі күлімдеп ортада состиып тұр екен. Түсіне қойдым. Жұмысқа кейіннен кірген бір-екі қыз иықтарын қиқаң еткізіп, тасыраңдап қиыстай өтіп бара жатқанына көзім түскен. Сірә, фойедегі өткен-кеткендердің бұрынғыдай құрақ ұшқан жапа-тармағай ықыласты сәлемінің болмай тұрғанын көңіліне алды ма екен деген оймен, даусымды көтеріңкіреп «өй, сендерге не болған, танымай тұрсыңдар ма, осы жерді 20 жыл басқарған Әшекең емес пе, дұрыстап күтіп алып, шығарып салыңдар?!» деп жауырды жаба тоқып жатырмын ғой баяғы.
– Е-е бәсе, сөйтіп айтып қойсаңшы мыналарыңа, зейнеткерде қай бір қауқар қалды дейсің, қағып кетіп жүрер... – дейді ешбір зілсіз, жәй ғана мұрын астынан сөйлеп. (Білем, бұл – жақсы нышан, яғни көңіліне алып ренжімегені). Көбіне ашуын әзілге жеңдіретін сыралғы ағамыздың, мырс етіп мұрын астынан сөйлеуінде де «осыны да ескере жүріңдер» деген ишара жататынын бұрыннан білем.
– Пакетің не, аға? Папка ұстамайсың ба?- деймін менде күле сөйлеп.
– Әй, нешауа. 30 жыл ұстадық қой сол папкаңды мүйіз шықса. Ішіне іліп аларлық ештеңе түспейтін соны жинай беріппіз ғой, әнеукүні ақтарып қарасам, қағаздан басқа түкте ілінбейді-ау қолыма, бұйырмасын, бәрі бос, тіпті алақаннан ұят екен сенсең...
– Бәрін үйіңе таси бергенсіз ғой тышқаншылап, – деймін мен сөзге тартып.
– Әлдеқалай заманға бірдеңе жасырмадыңыз ба?
– Қайдан білейік, өмірі жас болып жүре береміз деп ойлаппыз ғой, үйге тасып та қарық қылмағанмын-ау, сірә, әйтпесе қолға бірдеңе ілінер еді ғой...
– Оны біз қайдан білеміз, әй, қайдам-ау, дұрыстап іздесеңші қалтарыс қалталарын...
– Оны анау өзің мініп жүрген қара мәшинеден сұра, бірақ ол сорлыда тіл жоқ қой, әйтпесе каналдың жағасы мен жиденің көлеңкесінде ізі қалған «қара тұлпарым» ғой, талай сауық-сайраннан сайрар еді-ау?!.
– Жыртыла бересің, Әшеке. Қырық жамау жүрегіңмен не қарық қылдым дейсің? – деп қытығына тиемін.
– Ә, солай екен ғой, бірақ менің кеудемде 25 жасар жүрек соғып тұр деп алдап қоямын ғой жұртты, – деп келіскен сыңай танытады миығын тартып. Артынша босаңси бастағанын өзі де мойындағандай ал кеп күлеміз екеуміз.
– Одан мынау пакет дегенің рахат қой, – дейді кабинетке кіре бере. Берсе-аша саласың (екі қолымен еңкейіп ашып-жауып көрсетіп жатыр), ештеңе ілінбесе де ауыр емес, бүктейсің де ұстап жүре бересің. Үмітсіз-шайтан, жүргенге-жөргем, бұл аталар сөзі, білгесін айтқан шығар, сосын ұстап жүрміз да.
– Қойшы соны, диуанаға ұқсамай, жарас­пайды.
– Өй, сен де бір қызық екенсің. Диуана мен зейнеткердің айырмашылығы шамалы ғой, диунаға – халық, зейнеткерге – үкімет береді. Бірақ ыдысың бір, құлқын ортақ. Онда – қап, менде – пакет, оныкі – есек, менікі – жигули, ол да заманауи есек есепті, қорықпайсың ала бересің диунадан қандай жауапкершілік? – деп шұбыртып барады. Көмейі көрініп тұр, бажа болып келетін оның мені қаужаған түрі ғой. Пакетің құр шықпасын деп қолына бес мың теңгелік қыстырдым. «Е, мұның жөн» – дейді. Ал кеп тағы күлеміз содан. «Маған бүгін бірде бір адам кездеспей-ақ қойды ғой, құдая құдауанда...» дейтін, сөз астары бас жазу мәселесін меңзейтін бір қаужағыш ағамыздың сөзін еске түсіріп, біраз әңгіме дүкен құрып тарқасып едік. Ай, дүние-ай десеңізші, осының бәрі күні кешегідей көз алдымда.
Үнемі жайдары жүретін Әшекеңді тым жалпақ шешей, жадағай еді деуге де болмас еді. Оның да сирек те болса түнеретін, түйілетін кездері болатын. Ал, қаттырақ ашуланғанда нарттай қызарып кетуші еді (бірді-екілі ондай жағдайларға да куә болғанымыз бар). Жұмыс барысында үйлеспей қалатын жерлердің болмай тұрмайтыны бесенеден белгілі жайт қой. Осындай бір тұста аудан басшысы тарапынан әжептеуір сынға ұшыраған жиынның соңына таман басылған әңгімені қайта қозғап жанына тие берген бір силы ағамызға екі көзі шоқтай жанып, қабағын түйе қасын садақтай иіп қадала қарап тұрып: «Қоймадыңыз ғой тіпті, сізге де ой бауырымдап баратын адам керек болатын шығар, оны да ойлап қоятын жасқа жеттің ғой, аға!!!» дегенінде ашық күнде шатыр-сұтыр найзағай ойнағандай адам қарасы қалың кең залда бір сәтке тым-тырыс үнсіздік орнады. Көбе бұзар көсем сөз демесек те, ашынғаннан шықты деуге келер ащы даусы тарғылданып, өрттей қарып түсер өткір сөз болып шыққаны анық еді. Әшекеңмен әріптес болып араласқан соңғы 22 жылда мұндай тарпаң мінез танытқан кезін көрмеген екенмін. Ашуын ақылға жеңдіретін адам ғой, өзгеге жеңіл, өзіне зиян болып тиетін тым мәмлешіл жұмсақтау мінезінің жүрегіне түсірген жүгі ­ауыр­­лау болды ма, сәтімен өтті деген отадан соң да, оның көп күтімді қажет ететін қаралумен жүретінін байқайтынбыз. Ақыры бар пәлекет сол осал тұстан келген сыңайлы, шұғыл жасалған интенсивті терапиялық амалдарды жүрек құрғыры көтере алмапты ғой. «Хош!!!» – деуге мұршасы жетпей кете барыпты.
Өткен жылы мамыр айында кәсіби мерекемізге орай сала ардагерлерін түгел шақырып мерекелік іс шара өткіздік. Сый-сияпатымызды жасап құрмет көрсеттік. Әрине ортамызда Әшекең бар. Сахнаны сағынып-ақ қалғандай, ортаға шығып әнші қызымыз Гүлнармен қосылып керемет ән шырқады. Таза лирика, мұң мен сағынышқа бөлеп, өте әсерлі шықты. «Жұп болсын» деп шуылдаған көпшілік көрерменге, көздері күлімдеп, танауы делдиіп, айналсоқтап, кібіртіктеп сахнаны қимай тұрса да «Келесі жолға қалсын да...» деген сұлу-сыпайы жауабымен түсіп кетіп еді. Сол құрғыр «келесі жолының» болмайтынын ол да, қаумалап қауқылдаған біз де білмеппіз. Сыртқа шығып суретке түстік. Жұрт тарасып жатты, ол кісі біраз кідірді. Байыппен, зер сала айналаға ұзақ қарап тұрып-тұрып: «Қой, мен де қайтайын. Бұл бір жақсы ұйымдастырған тірлігің болды, шапан киіп шалға ұқсап қалсақ та, қомпайып қуанып қалдық қой...» деп арғы жағын әдеттегіше әзілге айналдырып еді. Бұл сәт – өмірдегі біздің ең соңғы жүздесуіміз болды, беу дүние-ай десеңізші?!.
Өмір атты сахнада өзіне берілген өлшеулі өмірінде шынайы да жағымды образымен қалған, аяулы да әріптес ағамыздың жатқан жері жайлы топырағы торқа болсын. Сіз біздің жадымыздасыз. Аудан мәдениетінің ұстыны болған тау тұлғаңыздың алыстаған сайын биіктей түсетініне күмәніміз жоқ.

Исабек Сәрсенбайұлы
22 мамыр 2021 ж. 456 0