Жақсыда жаттық жоқ
Ауылға анадайдан көрік беріп, менмұндалап тұрған зәулім спорт кешенінің бос болатын кезі жоқ . Иықтарына асынған сөмкелерімен ағылып келіп, әрқайсысы өзіне тән жаттығуларымен шұғылданып жатқан жасөспірімдердің спортқа деген ынтасын шыңдай түскен бұл орда – армандарды орындаудың бастамасы десе болады. Салауатты өмір салтының бірден бір кепілі – бұқаралық спорт. Бұл үлкен кешеннің ішінде спорттың барлық түрінен дайындықтар үздіксіз жасалады. Тәжірибелі жаттықтырушылардың әр шәкіртін жарысқа қосардағы еткен еңбектері үлкен жетістікке жеткізді. Ауылдың да, ауданның да намысын қорғауда, чемпиондар баулуда жаттықтырушы Рахат Ерзақовтың еңбегі көрінбей қалған жоқ. Нұр-Сұлтан қаласында өткен қазақ күресінен Марғұлан Қасымбеков Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, Павлодарда белбеу күресінен Мырзабек Мұстафаев Қазақстан чемпионы атанса, Абзал Сәдібеков Республикалық жарыстардың чемпионы атанды. Маңдай терімен тапқан бір теңгені адам игілігіне жұмсайтын азаматтардың қатарынан табылып жүрген жандар біздің қуанышымыз. Сол бірді мың еткен Алғабас ауылының тумасы ауыл көркін айшықтаған зәулім «Машрап ата» спорт кешенінің ірге тасын өз қаржысымен қалап, алғыс арқалаған Жылқыайдар Машрапинге ауылдастардың, әсіресе жастардың айтар алғысы шексіз. Жылқыайдар жасынан-ақ еңбекке жақын болып өсті. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген сөздің түпкі төркінінде өзін ғана ойламай өзгені де өзіндей көрген осындай кісілер туралы ой жатқан болар.
Әңгімеге арқау болған кейіпкеріміз Жылқыайдар Машрапин 1954 жылы осы ауылда зиялы қауым отбасында дүниеге келді. Әкесі Бижігітов Машрап 40 жыл ұстаздық етіп, жоғарғы адами қасиетімен елге танымал ел ағасы болып өтсе, анасы Гүлбаршын 9 перзентті дүниеге әкелген ел анасы. Ол Алматы қаласындағы Қазақстан мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының «Экономика және ауыл шаруашылығын ұйымдастыру, басқару» факультетін бітіріп, осы ауылда экономист, бас экономист және бас бухгалтер болып 23 жыл қызмет атқарған. Колхоз тарап ұжымдарға бөлініп кетуіне байланысты 2001 жылы «ҚазАтомПром» АҚ компаниясына экономист болып орналасады. Сол жерден зейнеткерлікке шыққан ол қол қусырып қарап отырмады. «Жер – ерге береді, ер – елге береді» дегендей көп жылдар ауыл шаруашылығын көріп өскен Жылқыайдар енді шашыраңқырап жүрген майда шаруа қожалықтарын жинастырып «Заңғар» шаруа қожалығына топтастырды.
Қиыншылығы көп болды. Техника, жабайы болып кеткен жерлерді қайта өңдеу, тәжірибелі мамандарды табу үлкен еңбекті қажет етті. Талаптанған жанға бәрі де рет-ретімен келе береді екен. Ұлдары Бейбіт, Ерболат, Талғаттардың қолдауы үлкен демеу болды. Тәуекел ердің тірегі, алға ұмтылыс тоқтамады. Сыр бойының негізгі дақылының бірі – күріш, бидай, жоңышқа. 2020 жылы 250 га жерге еккен күріштің әр гектарынан орташа 62 центнерден, жаздық бидайдың 55 гектарынан 14,5 тонна өнім жинаса, мал азығы үшін егілген 55 га жоңышқалықтан 4,5 тоннадан орташа өнім жиналды. Ел ризығы үшін бел шеше кіріскен еңбеккерлердің жетістігі сол озат механизатор ағайынды Арыстановтар, Мадияр Қордабаев, Жүсіп Қалжановтар техниканың тілін таба білді. Звено жетекшісі Төрехан Арыстанов күріштің әр гектарынан 67 центнерден өнім алып, алға шықты. Еткен еңбек, төккен тер зая кеткен жоқ. Жыл қорытындысымен еңбеккерлердің алды автомашина мінсе, одан кейінгілер миллион теңге мен тағы басқа сыйлықтарға ие болды. Ұжымның барлық мүшелеріне мал азығы үшін жем-шөп беріліп, әр отбасыны ақ күрішпен, басқа да қаржылай көмекпен толық қамтамасыз етіп отырды. Ас, құдайы тойларда, мереке күндері әсіресе, аналарға деген қамқорлықтың орны ерекше. Білімді, білікті азаматтың бір бағытта ғана емес жан жақты болуы табиғи болмысының тазалығына да байланысты. Қаншама халықтың жүгін көтерумен қатар, Жылқыайдардың қоғамдық жұмыстар атқаруда қызметі бір бөлек. Ел ішіндегі психологиялық ахуалды ретке келтіруде ауыл ақсақалдары, зиялы қауым, қарапайым еңбек адамдары мен қоян қолтық араласып, кез келген мәселені шешудегі ықпалы оны ардагерлер ұйымының төрағалығына жеткізді. Тек ауылда ғана емес, аудан, облыс көлеміндегі абыройы да аз емес. Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі. Жылқыайдар қай кезде бірінші марапатты халықтан алса, одан кейінгі марапаттары еңбегінің жемісі, оның мәртебесін көтере түсті. 2013 жылы «Бизнес лидері» төсбелгісімен, ҚР Президентінің жарлығымен Конституцияның 25 жылдығы медалімен марапатталды. Ауданымыздың айнасы «Өскен өңір» газетінің 80 жылдығына орай «Газеттің 80 жылдық» төсбелгісі, от ауызды орақ тілді ақын Әбділдә Тәжібаевтың 110 жылдығына арналған төсбелгілері кеудесінен орын алды. Бұлардан бөлек аудандық, облыстық және «КазАтом өнеркәсібінің» алғыс хаттары, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Жылқыайдар тек қызметте ғана үздік емес, сондай-ақ өз әулетінің қамқоршысы, жанашыры, көшбасшысы. Үлкенге іні, кішіге аға, ағайынға бауыр, айбынды әке, адал жар. Жұбайы Шолпанай екеуі немерелерінің бірін арқалап, бірін жетектеп, риясыз күндерін кешіп жүрген жайлары бар. Ол қандай ортада жүрсе де ешкімге жаттығы жоқ, жан шуағын шашар жақсы дос. Сыйластықтың сый табағының тәтті дәмін татып, құрмет төрінен көрініп жүрген азамат.
Айжамал Әбдіхамитқызы,
«Өскен өңір» газетінің штаттан тыс тілшісі
«Өскен өңір» газетінің штаттан тыс тілшісі