Болмысы бөлек Әшекең

Шиелі ауданы халқы жазғы аудандық малшылардың тойын осында, ат шаптырып, қыз қуу, балуан күрес, концерт құрып жылда өткізетін.
Тоғанның басында Әшімханның Орынбасар, Орынбай әкелері отырды. Біз Еспе өзеннің бойында қоныстандық. Өзен арнасы өте кең, табанды – таяз су ағып жататын. Арна толы тоғай, қалың жыңғыл, жылқы, түйе көрінбейтін. Екі жағы биік жарға құстар қонып, шулап жататын. Біз сол жерден үкінің балапанын ұстап бағатын едік. Осы табиғат қазір тозған «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан», дегендей оған да 60-63 жыл өтіпті-ау!
Сол жайлаудағы малшылар, қазыналы қарттар еді. Ал, кейінгі қойшылар арақ, картаны үрдіске айналдырды. Сол малшы қазыналы қарттың бірі, Әшімханның әкесі Орынбасар еді. Ол кісі атақты ақын Нартай Бекежановтың жақын інісі болатын. Әшімхан сол аталарына еліктеп, ұқсап бақты. Атасы облыста мәдениет саласын басқарса, өзі ауданда мәдениет саласын басқарды.
Тамылжыған жаз айында қара таудың керемет табиғат аясында жастық шақ бірге өтіпті. Ақ бұлақтан су ішіп, тоғанға шомылып, «Кертай шыңы» басына жарыса шығып, басында кереметке қарап ұзақ отырып, Майшы табанында қозы-лақ қайырып өскен біз де, сол төлдей едік.
Әшімхан досыммен соңғы мектеп бітіру кешін сол үйде өткізіп, 40 сыныптас жас жан-жақа кеткеніміз есімде. Азамат болып қызмет жасағанда, менімен ойын бөлісіп жүретін. Оған дос көп болды, әр саладан.
Әшекеңнің әзілге де жақындығы бар еді. Бір туған күн кешінде сыныптастар отырып шәй ішкен соң далаға шығып, сыйлыққа ақша жинап жатқан жігіттерге қарап – «Жігіттер, бұл Әшекеңнің туған күні, жинасақ көптеу жинайық» дегені есте. Мектеп бітіргенге 20 жыл толған кешті де өзі басқарды. Есте қалардай өте мәнді өтті. Осы кештен соң сыныптас достардың ынтымағы мен достығы беки түсті.
Еңбегі достарына ғана емес, аудан халқына өте мол еді. Бірде Мейрам саған ризамын, алыстан келіп, алыстағы «Ақсүмбе» елді мекенінде жатқан «Басы қара» атаңның басын көтердің, ал мен осы сырдың бергі бетінде жатқан атам, Әйекенің басын әлі көтере алмай жүрмін, өкінішті деп еді. Осы алдағы жылда қолға аламын дегені бар. Мақсатына жетпеді, төтеннен індет тарап, соның құрбаны болып кете барды...
Мейрам Мүсілімұлы