Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Атың қандай сүйкімді еді, Шиелі

Атың қандай сүйкімді еді, Шиелі


Өңір, өлке, ел-жер атауы көбінесе сол жердің өзіндік белгілерінен туындап жатады, халықтың аузында қалыптасады, ел санасында орнығу кезеңінен өтіп барып, бекиді.
Шиелі жерінің атауы осы өңірде жабайы шие көп өскендіктен қойылған деген жорамал айтылады. Арнайы әдебиеттер шие жемісі туралы мынадай мәлімет береді. Шиенің жер жүзінде 150, ал Қазақстанда 7 түрі өседі екен. Олар дала шиесі, қызыл шие, Тянь-Шань шиесі, кәдімгі шие, түкті шие, қызыл жемісті шие, сүйілді шие болып бөлінеді. Солардың ішінде сипатына қарағанда Шиелі өңірінен кездесетіндігі:биіктігі 3 метрден аспайтын ағаш - түкті шие, бұл қолдан өсірілетін мәдини жеміс ағашы және тау беткейіндегі биіктігі екі метрге дейін өсетін жабайы бұта-қызыл жемісті шие.
Көнекөз қариялардың айтуынша, Шиелі атауы осы өңірде, әсіресе су жағасында молынан өсетін ақ шеңгелге, оның шиедей қызыл жемісіне байланысты да қойылыпты. Шиелі атауын халық осылай мұнда соншалықты мол өспейтін шие жеміс ағашынан, жабайы шиеден емес, соған ұқсас, жиі кездесетін жемісі шиедей қып-қызыл ақ шеңгелден туындатқан сияқты. Ақ шеңгелдің жемісін де шие деп атайды. Жазушы Оразбек Сәрсенбай Шиелінің бас мұрабы атанған Байсын Көлдейұлы туралы жазған мақаласында Шиелінің аты мол өсетін шоқ-шоқ қызыл шиеге орай қойылса керек деген болжам айтады.
Шиелі атауын бекітіп тұрған тағы бір белгі  – Сырдың Шиелі жерін аралап ағатын ұзындығы 100 шақырым шамасында қысқа тармағы Шиелі өзені өзегі.
Сөз түйіні жер атауы, ел атауы – Шиелі.
"Шиелі шежіресі" кітабынан 

15 қазан 2019 ж. 1 398 0