Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Арман асуындағы азамат

Арман асуындағы азамат


Елден шалғай жүрсек те аудандық «Өскен өңір» газетінің ешбір санын қалдырмай әлеуметтік желіден оқып отырамыз. Себебі, газет бетіндегі материал­дар арқылы туған жердің тыныс-тіршілігімен танысып, өткенді өшірмей барды бағалаймыз. Газет – уақыттың тамыршысы, жаңалықтың жаршысы, халықтың тілекшісі, айбыны, қамқоры, өткен аруақтарды сілкіндіріп, тірінің жасампаз тірліктерін насихаттап отыратын рухани күш.
Газет бетінде бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша еңбек адамдары қазіргі тілмен айтқанда кәсіпкерлер, адам жанының арашасы – ақ халатты абзал жандар туралы көп айтылады.
Осыдан бес жылдай бұрын ауданға сот төрағасы болып өзіміздің жерлесіміз, елге белгілі азамат Орманбектің ұлы ­Марат келіпті дегенді естіп, ауданның 5-6 ақсақалы барып, қызметіне сәттілік, өзіне абырой тілеп қайтқанбыз. Сол сәттегі Мараттың бойындағы ұстанымы, сөз саптауы көңілге жақсы әсер қалдырды. Жақсы адамның бойындағы тектілік, бекзаттық бірден көзге көрініп тұрады ғой. Сол кезде санамда қалыптасқан жағымды ой ақыры мені Марат туралы осы ойтүрткімді жазуға алып келді.
Марат 1989 жылы Шиелі кентіндегі №48 Ә.Қоңыратбаев мектебін тәмамдаған. Одан соң, Қарағанды Мемлекеттік Университетінің заң факультетін үздік бітіріп, өмір жолын ұстаздықтан бастаған. Өзінің ізденімпаздығы мен біліктілігінің арқасында ұстаз жолында да аз уақытта талай белестерді бағындырды. Кейін заң факультеті деканының орынбасары, деканы, юриспруденция ғылымның магистрі атанды. Қазақстан басқару академиясын тәмамдады. Бірақ, Марат бала кезінен «кім боласың?» дегенде «сот боламын» – дейді екен. Ақыры оны бала кезіндегі асқақ арманы әділет саласына алып келеді. 2008-2012 жылы Маңғыстау облысында экономикалық соттың судьясы қызметін атқарады. Осы қызметте жүріп Жаңаөзен қаласындағы әкімшілік сот төрағасы қызметіне тағайындалып, қолына бұйрық алған кезін өзі былай еске алады.
– Жаңаөзен қалалық судьясына тағайындалған бұйрықты қолға алғаннан кейін бірден Маңғыстауға емес Шиеліге тарттым. Бар ойым Маңғыстау киелі мекен болғанымен, Шиелінің киелі адамдарының батасын арқалап барғым келді. Ата-ананың ақ батасын алып, Шиелі жерінің киесі Ыбырай атамның басына зиярат етіп, өмірде өзім осындай болсам екен деген сот саласының ақтангері Тұрмат ағамның ақылын тыңдап, жаңа қызметке тас-түйін дайындалып, қандай қиындық кездессе де жеңуге әзір болып бардым.
Мараттың осы қадамынан-ақ оның қазылық қызметтегі қиындықты жүрегімен сезіне білгендігі байқалады. Судья үшін мансап пен адалдықты қатар алып жүру маңызды. Мансаптың ығына кетсең кеудеңдегі адалдық сезіміне, арыңа дақ түсіресің, адалдық арманыңның ақ туы, ол туды жығып алмау керек, сондықтан судьяның жолы жіңішке, өте ауыр жол.
Бір жолы Мараттан жеке мәселе жөнінде кеңес сұрап барған едім, асықпай тыңдап, байыппен жауап берді де:
– Аға, келіп қалған екенсіз, асықпаңыз. Қазақта қуыс үйден құр шықпа деген тәмсіл бар. Мынау екінші үйің ғой, бір кесе шәй ішіп, нан ауыз тиіп кетіңіз деген соң амалсыз кідірдім. Әңгімені Мараттың өзі бастап «Аға, сіз түсінесіз, біздің жұмысымыз өте ауыр, адамның жүрегіне салмақ түсіреді. Адам тағдырын саралау, ақ-қарасын ажырату оңай емес. Сот процесі аяқталғанша бізді қылмыскердің өмірі, оның жанұясының, бала-шағасының келешегі бәрі-бәрі толғандырады, оған талдау жасап, әділ шешім қабылдау міндетіміз. Арыңды қастерлеп, адалдығыңды паш ету азаматтық парызымыз, біз осы міндеттің үдесінен шығып жүрміз бе, оның әділ сыншысы халық, сіздер ғой» – деді. Оның осы сөзінен кейін мен Мараттың өзі шығарған әрбір шешіміне асқан жауапкершілікпен қарайтын талғамы биік парасатты жан екенін байқадым. Туған жерде қызмет істеу, сол елдің азаматы үшін үлкен сын. Осы сынның үдесінен де Марат абыроймен шығып келе жатқан сыңайлы. Әрине, ел болғасын бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес. Ханның да, қараның да әділ сыншысы – халық. Өзінің туған жерінде абырой жинау да оңай емес. Өзі қызмет атқарған жылдарда жергілікті атқарушы билікпен жақын қарым-қатынас жасап, Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаевтың, Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевтың, аудан әкімдерінің алғыс грамоталарымен марапатталды.
Әңгімеміз қызып, орайы келіп қалғасын Маратжан осы салада кімге еліктейсің? Мынау менің ұстазым дейтін тұлғаң бар ма? – дедім.
– Мен мектеп бітіріп оқуға кетерде де, оқу бітіріп қызметіме кіріскенде де Тұрмат ағамнан бата алдым. Жаңаөзенге қызметке кетіп бара жатқанда да анамды ертіп барып Тұрмат ағамнан батасын сұрадым, – деді. Қазақта «Бата мен ер көгерер, жауынмен жер көгерер» демекші, Мараттың бойындағы жақсы қасиеттің бәрі батамен дарыған ба деп қалдым. Өйткені, бата өмірдің бағдаршамы, абыройы, келешегі, «баталы ер арымас» дейді дана халқымыз. Марат өзіне ұстаз санайтын Тұрмат ағасы да елге еткен адал қызметінің арқасында халықтың ықыласына бөленген жан. Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», аудандық ардагерлері кеңесінің алқа мүшесі, аудандық кеңестің мүшесі, аудандағы билер төрағасы.
Қорыта айтқанда, Марат Күздеубаев өзі қалаған мамандығынан ләззат алып, құзар шыңына қол созып тұрған арман асуы биік азамат. Туған жерің, елің, сенен үлкен үміт күтеді дегіміз келеді.

Есіркеп Шәдібеков,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», ҚР Журналистер одағының мүшесі
26 сәуір 2021 ж. 693 0