«Жағымпаздық» – қайдан шыққан дерт
Осы күні маған күллі қазақ даласы мақтау сөзге малынып тұрған сияқты көрінеді. Кейде бұл қайдан жұққан кесел деп ойланып қаламын. Жалпы, жағымпаздық ауру ма әлде әдет пе? Тіпті, жағымпаздықты өнер дәрежесіне дейін көтергендер бар. Мысалы, әлуметтік желіде аты-жөнін тектеп, белгілеп, неше түрлі мақтау сөздер жазып жатады. Артынша кеудеңді зіл, көңілді мұң басып, сан түрлі ойға шомып қаласың.
Дегенмен, «адам аласы ішінде, мал аласы сыртында», деп қазекең бекер айтпаса керек-ті. Қазір қалталы азаматтардың жағасы мен қалтасын жағалап, алдында құрдай жорғалап жүрген адамдарды жиі кездестіруге болады. Біздің қоғамдағы ең кесірлі дүние осы – жағымпаздық. Кімге болса соған жағынуға дайын тұрады. Тіпті, жағымпаздықтың дерті күнделікті әдетке айналған тәрізді. Мұндай адамдар өзінің қадір-қасиетін жіті түсіне бермейді. Өзін өзгелерден төмен санап, қылпылдап жүреді. Жалпы айтқанда, кәдімгі құлдық сана ұрып тұрады. Біз бүгін сыйлау мен жағымпаздықтың ара-жігін ажырата алмайтын хәлге жеткендейміз. Мұның соңы жақсылыққа апармасы анық.
– «Өсек деген бәле бар өтірікпен бір туған, жағымпаздық – жан досы, бірге жатып, бір тұрған» демекші, бұл – адам бойындағы ең жағымсыз қасиет. Біреуге жағыну кәдімгі өмір салтына айналған сыңайлы. Қошеметшіл адам өз қадірін білмейді. Өзінің өзгелерден артық та емес, кем де емес, тең құқылы екенін онша сезінбейді. Тіпті, жағымпаздық пен сыйлаудың аражігін ажыратпайды. Жарамсақтың бала-шағасы да ұяда көргенін іледі. Біреу тәуір қызметке тағайындалса, бірге түскен суретін жариялап, «көрдің бе, сені мақтап жатырмын» дегендей аты-жөнін тегтеп, ағыл-тегіл пост жазатын жастарды көргенде осындай нәрселер ойға оралады. Жарайды, оны қойшы, сананы тұрмыс билейдінің кері шығар. Бірақ, бізде мақталған адам да мақтаушыны «тәйт» деп тойтармайды. Сол мадақ өзінің түбіне жететінін ойлай бермейді. Жалпы, қолпаштауды үнсіз қабылдайтын, мақтау сөз жанына майдай жағатын кісінің де жағымпаздан айырмасы шамалы. Ұдайы орынды-орынсыз мақтау естіген азамат қолпаштауға алғаусыз сеніп, өзін шынында да кемеңгер, анадан асып туған тұлғаға балай бастайды. «Құлды бәрекелді өлтіріпті» деген қазақтың даналығына осындайда еріксіз бас иесің, – дейді «Ашық Алаң» бағдарламасының шеф-редакторы Еркебұлан Нүрекеш.
P.S. Иә, жағымпаздықтың жүгін қанша адам арқалап жүрсе де, өзінің болашағына балта шауып жүргендерін білмейді-ау, сірә. Дегенмен, осы тұста Абай атамыз айтпақшы, «Сенбе жұртқа тұрсада қанша мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап, өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген саралы сөзден-ақ жетістікке жету үшін өзгеге емес, өзіне сене білуің керек екенін аңғартады.
Дархан Байтілес