Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Үлкендік пен биіктік

Үлкендік пен биіктік

Сәл ойға шомып кетсең бәлеге қаласың. Анау ше, мынау ше? Сол тақырыпты қаузасам деп кірісе берсең, маған бәрін ұлы Абай айтып, жазып кеткендей көрінеді де тұрады. Ойшылдығымен, даналығымен әлемге танылған хакім Абайды танып білу, оның әр сөзіне мән беріп отыру, өлеңдерін, әндерін, жатқа айту әр қазақтың міндеті, парызы деп санаймын. Біз сол ұлыларды оқу арқылы алға қадам жасап, үлкендіктің не екенін, биіктіктің өлшемін танып жатамыз. Біз көбіне «менен жасы үлкен адам» деп ұғынамыз. Үлкендіктің басқа жақтарына мән бермейміз. Сондай-ақ «оның бойы менен биік немесе тау биік екен» дейміз де қоямыз. Биіктіктің қыр-сырын аңғара түспейміз. Үлкендік пен биіктік салыстырмалы бірдей көрінетін табиғатында адамға да, затқа да тән өлшем десек болғандай.
Үлкендік – адамдық, кісілік, ұлылық, данышпандық, заңғарлық, даналық, ағалық, ақсақалдық, яғни адам бойындағы өзгелерден өзгеше, ерекше, ғажайып қасиеттердің болуы. Биіктік – ұзындық, ұшар биік, аспан, көк, тау шыңдары, көз жетпес шың, қиядағы бүркіт, космос. Адамдардың ойы жеткенмен, қолы жетпейтін шексіздік. Дүниеге келгесін алдыңда аға-апаң, артыңда іні-қарындасың болғаны қандай жақсы. Аға-апаңнан үлкендік күтесің. Іні-қарындасыңа үлкендік жасайсың. Адам есейгесін отбасында да, қызметте де өскісі келеді. Биіктерден көрінгісі келіп аласұрады. Қызмет бабында биікке өрлеп бастық болады, әкім, министр, президент болуға ұмтылады. Өткен замандарда да үлкендік пен биіктік болған. Болғанда қандай. Үлкендер билеп, кішілер тыңдап, кішілер үлкендерді сыйлайтын болған. Дастарқан басында үлкендерге құрмет деп, олардың қас-қабағына жас жігіттер қарап отырған. Олар шайын ішіп, не ауқатын жеп болса, жастар тамақ жеуді кілт доғарған. Дереу бата сұраған. Бүгінгі жастар үлкен кісілерді қаңтарып отырғызып қойып, сораптап шай ішіп, былшылдатып тамағын жеп отыра береді. «Мына жақта үлкендер отыр-ау» деген ой болмайды. Шыдамсыз бір ақсақал «Қарақтарым, болдыңдар ма?» дегенде барып бастарын көтереді. Бұл – күнделікті өмір шындығы. Жалпы үлкенді үлкен, кішіні кіші деп отырғанымыз дұрыс. Бұл – құрмет пен ізеттің тоғысар жері. Яғни «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген ілтипат. Бұрынғының адамдары би мен шешендердің айтқан сөзіне тұрған. Сөз қадірін түсінген. Оны оң құлағымен тыңдай білген. Сөздің парқына бас иіп, тоқтаған, тоқтамға келген. Үлкенді үлкен санаған. Аға тұтқан, қадірлеген. Ақылды-ақыл деп, нақылды-нақыл деп ажыратып отырған. Оқымаған сауатсыз, білімсіз қазақтар үлкендікті төбесіне көтеріп, аға деген сыйлы адамын «Сіз мен үшін бір төбесіз» деп оның мерейін өсірген. Қазір ше? Айтпаңыз! «Айналайын көке, ақылыңды басыңа жақ, өз ақылым өзіме жетеді. Не істеймін, не қоям, өзім білемін» деп дүңкілдей жөнелетіндер жүрегіңді айнытады. Жаныңды жаралайды. Жастарға сенген күдеріңді үзеді. Хакім Абай атамыз осындайда «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп бекер айтпаса керек. Ата-ананың қадірін үйленгенде білерсің демекші үлкендердің қадірін ақыл айтар адам таппай жаның қысылғанда, басыңа іс түскенде, сосын сол кісі өліп қалғанда ғана біліп жатамыз. Үлкен адам бір жас, бір күн болса да, үлкендігін білдіреді. Қазақ о бастан үлкенін ағалаған, көкелеген, әкелеген, аталаған, сыйлаған, пірі санаған. Қазір ше? Сұрамаңыз! «Үлкен болсаң қайтейін. Құдай ма едің? Не керек саған? Мені кіші екен деп қорлап тұрсың ба? Үлкендігің сондағы бес жас па? Ол бел құрдас, он жас ол да сондай. Үлкенмін деп қоқаңдай берме. Жасың үлкен болып осы уақытқа дейін не бітірдің? Қандай, нендей үлкендік жасап жүрсің?» дейді. Анау әл-Фараби, Абай, Бейбарыс, Ыбырай, Шоқан, Балаби, Досбол датқа, Мұстафа Шоқайлар елді аузына қаратты емес пе? Бұл үлкендік пе, әлде басқа ма? Меніңше, асқан үлкендік. Миллионнан, мыңның арасынан қақ жарып шығатын, бір туар үлкендер. Ондай кісілер қоғамның тұтқасы, елдің ағасы, тонның құндыз жағасындай болған халқының панасы, жұртының данасы боп саналған. Олар үлкендікті қадірлей білген, кісілікті ұстанған, жолдарынан таймаған, кемеңгерлікке жеткен. Биіктік – сананың сапасы. Санасы жоғарылар биікке көтеріледі. Мансаптың шың басына шығуға ұмтылады. Мақсаты – өзгелер жете алмаған биікті бағындыру.
Адам биіктікке білімімен, көргенімен, ақыл-парасатымен, адамшылығымен, ар-ожданымен, өз ұлтын, халқын, жерін, елін сүйе білуімен, патриоттық сезімімен, қайсарлығымен, өжеттілігімен, Тәңірдің жазмышымен жетеді. Бүгінде Алатаудың құлжасындай шың басында ойнақтайтын, бүркіттей шыңнан асып қалықтайтын, өз биігінде жүретін азаматтар, үлкендер азайып кетті. Үлкендік пен биіктік жанаспай қалды. Сөйтіп тепе-теңдік бұзылғандай. Үлкендік майдаланып, биіктік аласарып кеткендей. Сөйтсек әдептілік кісілікте емес, кішілікте екен ғой. Үлкендік жасай білу – көбіне тектілікке тартып, тегіне соқпай кетпейтін көрінеді. Қанша пысықпын, қумын, жағымпазбын дейтін үлкендердің үлкендігі шала туған баладай әлсіз, жұтаң, әсерсіз, ойға қонымсыз, айтары жетер жеріне жетпей, жетім баланың күйін кешетіні қазақ ертегілерінде де, тарихымыздың шындық айтылған шығармаларында да айтылып келеді. Заманында үлкендікті Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер ұстай білген. Олар үлкендікті, билікті, ақылды қарабасының қамы үшін емес, елдің елдігін, бірлігін, ынтымағын сақтау жолына арнаған. Ал қазір ше? Таңданбаңыз! Күлкіңіз келеді. Үлкендер жағыну мен жағымпаздықтың тарғыл жолына түскендей. Өздері қоғам үшін ештеңе тындырмаса да, сол баяғы үлкендігін өзінің жеке басының тірлігін күйттеген болып жүр. Кейінгі жастар үлгі аларлық тәрбие мектебі жоқ. Жастары сексеннен асқан қария -қарттарымыз өз ұл-қыздарынан кіші басшыларды «Ақа», «Жақа», «Сақа» деп «екелеп» отырғандары жарасымды ма? Сырттай сөйдеп отырған қарт ағаларымызды аяп, жанымыз ашып кетеді. Орыстар «Иван Иванович» дейді де қояды. Түсінікті ғой. Бұл жерде де ағаларымыз үлкендік жасай алмай жатыр. Басшының аты-жөнін айтуға болмай ма? ­«Наурызбай Ақпанұлы» деп немесе інім, бауырым, қарағым, шырағым деп тіпті өкпе-бауыры езіліп жақсы көріп жатса, «көкем менің» десе болмас па?! Осындай жағымсыз әрекеттерімен үлкендеріміз «балалары» алдында бас иіп, кішірейіп, биіктік деңгейден көріне алмауда. Бұл жерде сыйластық емес, біртүрлі қимастық сезіледі. Ерсі нәрсе әркезде ерсі көрінеді. Басшыны «бала екен» деп сыйлама дегенім емес, сыйлаудың да, сыйластықтың да, құрметтеу мен қадірлеудің де шекарасы, әдебі, мәдениеті, эстетикасы мен этикасы бар. Ертеде халқына еңбек сіңірген жайсаң жандарды ғана «екелеп», оларға ел болып көңіл қошын сездірген, құрметін, ризашылығын білдірген. Үйдегі балаларымызды «Жұмеке», «Тұреке» деп жатсақ, қалай болар еді? Әрине, үлкендігімізге, биіктігімізге сын, қариялығымызға, үстіңгі еріндегі мұрт пен иектегі ақ сақалдарымызға мін, ұят емес пе? Үлкендіктің жөні әсте бөлек еді ғой. Неге, не үшін, кім үшін майдаланамыз? Басшыны аты-жөні жоқ, бас салып мақтай жөнелу үшін бе? Адамды көзін бақырайтып қойып, әлі ештеңе тындырмаса да мақтау – «Мініңді, кемшілігіңді досың айтса – білгені, қасың айтса – күлгені» болып кетпей ме? Кім болса да аудан халқына адал қызмет етсін. Еңбегімен танылсын. Ешкім мақтауға зәру емес шығар. Мақтанудың да, мақтаудың да өз орны бар. Өз басым жалпақтай мақтауға, көлгірси сөйлеуге, мақтап отырған кісіңнің кім екенін толық білмей тұрып, жобалап мақтауға қарсымын. Өйткені оны сізден де жақсы білетіндер қанша мақтасаңыз да ана кісіге емес, өзіңізге күліп, мазақ етері сөзсіз. Ауданымызды қаншама азаматтар басқарып, жоғарыға өсіп кетіп жатқаны белгілі. Кезінде солардың бәрін де мақтадыңыздар. Дұрыс дейік. Бірақ осы кезге дейін аудан тұрғындарының есінде қалып, міне, жігіт деп те, әкім деп те жарқын істерімен арттарына із қалдырған, Шиеліні қала қыла жаздаған Жарылқасын Тұрабаев пен Нұрлыбек Нәлібаевтардан басқаны ауыздарына алмайды. Олар елден мақтау сұраған жоқ. Шиелі кенті көркейсін, гүлденсін, аудан тұрғындары аман болсын деп аянбай еңбек етті. Халық оларды алдыңғысына ширек ғасыр болса да, соңғысына он екі жыл өтседе ертегідей еске алып, елге жасаған жақсылықтарын, атқарған тірліктерін мақтаныш көріп, сондай кісілер еді деп мақтап отырады. Мақтау сөздер осындай жағдайларда орнымен, шындығымен айтылса, үлкендік те, биіктік те ешқайда қашпас еді. «Ер жігіт мен істедім демейді, ел істеді дейді, көп істесе де кем істедім дейді» екен. Дәл айтқан. Адам боп ұғынсақ қазақтың даналық сөздері жетіп артылады. «Ақша шіркін майдаланса тиын ғой, адам бірақ майдаланса қиын ғой» депті. Үлкен басымызбен үлкендіктен кішіреймейік, биіктіктен аласармайық, ағаларым! Менің әлсіз ойым соған жетті.

Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

19 қазан 2020 ж. 866 0