Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп

Қазақтың айтулы қаламгері «Жұмулы көз – жүйрік ойдың алаңы» деп жазыпты бір күнделігінде. Ал біздер бабалардың маржан ойларын, асыл сөздерін сан рет естісек те жанарды жұмып бір сәт салмақтай алдық па? Парқы мен нарқын түстеп ажыратар түйсікпен жүйрік ойдың алаңына үңілдік пе екен? Дәл бүгінгі уақытта маңдайдағы жарқыраған қос шырақты жұмып ойлану былай тұрсын, көкіректің көзін ашып, ұлы ақын айтпақшы, хақтықтың сәулесін түсіре білу басты мәселеге айналған сияқты көрінеді де тұрады.
Әуелі хәкімнің «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деген қос тармағын үңіліп көрелік. Абай айтқан сезім өресі неткен биік «сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» дейді.
Оқырман, сіз осы тармаққа қаншалықты мән бере алдыңыз? «Жаннан тәтті» деген сөздің өзі Алланы өзіңнен артық сүй дегені емес пе? Пенделер дүниені көздеп, қиыншылықтан шығу, бай-бағлан болу, абырой-арлы болу сынды дүниелерді тәрк етіп, азап пен тозақты да ұмытып, шынайы мұсылмандық сезіммен бабалар жолын ұстансын дейтін болсақ, ең алдымен «жаннан тәтті», арманыңнан ардақты Жасаған иеңе шынайы сезіммен үн қатқан жөн емес пе? Сонда ғана «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа?» деген данышпандай жалған дүниенің қызығы мен құлшылықтың парқын, нарқын ажыратар ма едік?! Мұның ар жағында бүкіл адамзатқа тән ұлы құндылықтар, бекзат болмыс пен рухани тазалық менмұндалайды. Міне, Абай жырларындағы қос тармақтың өзі осындай тебіреніске жетелейді.
«Ақынның таразысы – әділ таразы. Ол іңгәлаған бөбектен бастап алып батырды да, бүкіл адамзат тағдырын да салмақтай алады. Өйте алмаса, оның ұсақ болғаны, тар құшақ болғаны, тар құшаққа таудай тағдырлар – тамаша планеталар сыймайды» дейді қазақтың белгілі ақыны М.Әлімбаев. Иә, ақын айтқандай, ұлы Абай данышпандығымен, кемеңгерлігімен, ақындығымен кеудесіне адамзаттың ең ұлы хикметін сыйғызған тұлға.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ