Дос жайлы толғаныс
Шалқалап жатып, ұзақ ойға шомып кететініміз бар. Неге екенін қайдам, ойыма шақтарым орала береді. Жас кездегі әр шағым, қырық жастағы ар шағым, елудегі ер шағым, алпысқа толған дер шағым, жетпіске жеткен бел шағым. Адам болған соң өмірде жора-жолдас, дос арттырдық. Менің есімде қалғаны сыныптағы достарым. Он жыл аунап-қунап, күліп-ойнап бірге өскен достарың құйттай жүрегіңде сағыныш болып мәңгіге қалып қояды екен. Шалқыған өмірде бірін көрсең бірін көрмей, бәрібір кеудеңде ыстық нандай сақталып қалған. Қайран сыныптас достарым! Сендерге ешкім жетпейді. Партадағы отырыстарың, сабақ оқығыштарың, шат күлкілерің, алаңсыз ойындарың, мөлдір көлдей көңілдерің, балалық махаббаттарың, қып-қызыл қызғаныштарың, аздаған аңқаулықтарың, біреуге сенгіштіктерің адалдықтарың, отансүйгіштіктерің, сынып қыздары алдындағы батырлықтарың, намысқойлықтарың есімнен әлі кетпейді.
Біз қазақтың кемеңгер ұлы ақыны Абай атындағы №50 орта мектептің түлектеріміз. Сол Абай хәкім «Досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас», «Қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол» десе, одан әрі «Жаман дос – көлеңке, басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт шалса, іздеп таба алмайсың» деп жаман достардан безіндіреді. Одан әрі институт, университет қабырғасындағы достар болады. Олар көп емес. Бірең-саран. Төрт-бес жыл болған соң ба, ара тез суып қалады екен. Сосын әр жақтан жиналған студенттер тарап, елдеріне кетеді. Ауылына барған соң қызметке тұрады, сонымен күнделікті күйбең тірлік басталып, дос жайына қалса керек. Бұны студенттік уақытша достар десек жарасар. Мұнан соң әскердегі достар ше? Олар да ұзаққа бармайды. Ілуде біреулер жан-жолдас атанып жатады. Енді сыныптастардан кейін ұзақ жыл бірге жұмыс істеп араласатын қызметтегі достар саналады. Ұжымдағы адамдар да әртүрлі, әрқилы. Көп достардың сырлары осы қызметте жүргенде ашылып, шашылып, теріс ыңғай, жағымсыз мінез, ерсі қылықтарымен, жағымпаздық іс-әрекеттерімен алшақтай түседі. Басшы болсаң қасыңнан кетпей, қосшы болсаң жоламай қалатындары жетерлік. Халық даналығында достарды үшке бөліп, «Бір дос қалтаңнан пұлың шыққанша, бір дос маңдайдан терің аққанша, бір дос кеудеңнен жаның шыққанша» демей ме? Шындығында адал дос болу – ауыр жүк. Бір адал дос он туыс-жақыныңнан артық көрінеді. Бір жақсы дос он шақты жаман жолдастан биік тұрады. Тағы да халық даналығы «Досың жүз болса аз, жауың жалғыз болса да көп» деп ойыңа ой қосады. Адал дос – адал серігің. Сеніп жүрген досың сатып кетсе ше? Басшы болып тұрғанда айналаңда болатын, қызметің төмендеп ауыссаң, не зейнетке шықсаң, достықты айырбастай салатын, қазақша айтқанда өзіңді сатып кететін зыттыбай достарды да кездестірдік. Мен ондайларды дос демеймін, жолдас деймін де қоямын. Яғни жолай жолда кездесіп қалған адам. Содан шыққан-ау, орыстар «жолдас Қарғабаев» деп жатады ғой. Адамдар да сөздер сияқты, олар орын-орнына қойылмаса, мағынасын, адамдығын жоғалтады екен. Сондай-ақ ел арасында «Бір ит біліп үреді, бір ит білмей үреді. Қабаған ит үрмейді» деген де әңгіме жүр. Оның растығын да дәлелдей кеткен, «Шын дос іздесең, ит асыра» дейді. Бізге «Ат сүрінсе, есек қуанады» дегендей дос қажет емес. Айлакерлікпен, жағымпаздықпен, есеппен еткен достыққа сенбе дер едім. Бірақ «Айлакер адам жағымпаз келер» демекші, оның қулығына қуып жете алмайды екенсің. Қазір дос боп жүрген адамдар да байыған сайын бір-бірінен аулақтай, қашқақтай бастағандай. Достықты «ант» деуіміз қажет. Ант – абыройың, антты бұзу – екіжүзділік, сатқындық, абыройсыздық. Атақ үшін, мансап үшін, қызмет үшін досын сату – сол адамның адалдықтан арамдыққа ұмтылған шағы. Кейкиіп, кекірейген түрі. Әр заманның өз алаяғы болатыны секілді, өзімшіл, өркөкірек, баққұмар, таққұмар, байлыққұмар, күншіл, досының жетістігін өлгенше қызғанатын, мекенін аңдыған қызғаншақ қораздай достармен де талай жолықтық. Үлкендер айтып отырушы еді. «Жалған достан сақтан, қалған астан сақтан» деп. Тұрып қалған тамақты жесең ұшынасың, болмаса уланасың, ал жалған дос одан да қауіпті дегені емес пе? «Малдың аласы сыртында, адамның аласы ішінде» , «Достың достығын сөзінен сынама, ісінен сына», «Мініңді досың айтса білгені, қасың айтса күлгені», «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген қанатты сөздерді бала күнімізден естіп келеміз. Дос та, жолдас та адалдыққа жүгінеді. «Жақсыменен жолдас болсаң жетерсің мұратқа, жаманменен жолдас болсаң, қаларсың ұятқаны» да білеміз. Қазіргі он достың біреуі дос, тоғызы арам десем, сіз де ренжи қоймассыз. Бүгінде адам да, дос та, жолдас та майдаланып кетті. Ол жөнінде Сырдың сырлы ақыны – Сырбай Мәуленовтың мынандай өлең жолдары еске түседі. Ол кісі былай дейді. «Ақша шіркін майдаланса тиын ғой, Адам бірақ майдаланса қиын ғой». Шындығы сол, кім болса да досыңда намыс, ар, ұят деген болу керек. Жақсы, адал дос – отбасыңның бір мүшесі. Оған сырыңды да, жырыңды да, мұңыңды да, балалық махаббатыңа дейін айтып саласың, Арада үйішілік сыйластық, достық қарым-қатынас орнайды. Досыңмен туысқаныңнан бетер араласасың. Достық мәңгілікке ұласып жатса, оны ұл-қыздарың, болашақ ұрпағың жалғастырады. Достық сезім – жақындық сезім. Оны сезіне білу – жүректің әмірі. Сондай шын досымның бірі – Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, сатирик-жазушы, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Нұрмахан Елтайды аса қадірлеймін, құрмет тұтамын, мақтаныш етемін. Өйткені, ол – нағыз дос. Досын үнемі іздеп отырады. Достық қасиеттерден жаңылысқан да, адасқан да, алжасқан да жоқ, сол қалпы. Досың болса, осындай-ақ болсын деймін. Абайша айтқанда, «Қабыл көрсе сөзімді, кім таныса сол алсын». Достарыңыз көп, дөп болсын!
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі