Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітап оқу мәдениетін дамыту керек

Кітап оқу мәдениетін дамыту керек


Сәтін салған сәрсенбіде Талаптан ауылдық округіне жол түсті. Ондағы мақсат Бала би ауылы Абай атындағы №50 мектеп кітапханасында «Бір ел – бір кітап – 2021», «Тәуелсіздік 30 жылдығы – 30 кітап», «Менің сүйікті кітаптарым» тақырыбында ұйымдастырылған семинарға қатысу. Тәуелсіз елдің ұрпақтарын рухани құндылықтармен сусындату мақсатында өткен мектеп кітапханашыларының аудандық семинары кітап оқыту мәдениетін дамыту бағытында өрбіді.
Ғаламдық мәдениеттің бір бөлігін кітапхана құрайды. Кітап оқу білімге ұмтылысты, дүниетанымды кеңейтуді, адамның өзін тануын білдіреді. Кітап – адамның жан дүниесінің рухани қазынасы, асыл байлықтың өлшемі. Күнделікті қарапайым өмірде кітап оқитын кісі мен оқымайтын кісінің айырмашылығын тез аңғаруға болады. Кітап оқыған адам ақыл-парасат, таным, білім, жұртпен қарым-қатынас, тіл байлығы, сыпайылығы мен мәдениеттілігі сияқты ізгі қасиеттерімен ерекше болып тұрады.
Бұл күндегі өзекті мәселе – баланың кітап оқуға деген ықыласын арттыру, олардың оқу барысында логикалық ойлауын қалыптастыру, сол кітап жайлы баланың мәдени сөйлеуін дамыту болып табылады. Мектеп кітапханашыларының ұйымдастыруымен өткен шара оқушыларға қазақ әдебиетінің, әлем классикасының алтын қорындағы аса құнды шығармаларды оқыту, сол туындының рухани маңыздылығын жеткізу, қазақ тілінде ғылыми кітаптардың көбеюіне үлес қосу, шығармаларды экранизациялау, оқушы бойындағы шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында болды. Семинарға аудандық білім бөлімінің әдіскері Жанат Ысқақова және аудан мектептерінің кітапханашылары қатысты.
Семинар жоспары үш бөлімнен құралды. Ұйымдастыру бөлімінде Шара Қилыбаева семинарды ашса, негізгі бөлімінде «Менің сүйікті кітаптарым» атты көрмені №50 орта мектептің кітапханашысы А.Аймбетова оқушыларымен бірге таныстырып өтті. Одан кейін «Жыр дүлдүлі Ж.Жабаев-175 жыл» тақырыбында №149 мектеп кітапханашысы А.Асылбек баяндады. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі жаңа оқулықтар тақырыбында №50 мектебінің кітапхана меңгерушісі Ш.Балтабекқызы баяндама оқыды. Шараға тек кітапханашылар емес, мектеп оқушылары да белсене қатысты. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай 30 кітапқа №50 Абай атындағы орта мектеп оқушылары таныстырылым жасады. Ал, мобильді кітапхана жұмысы бойынша №50 мектептің кітапханашысы А.Аймбетова мен 9 сынып оқушысы Дилара Асанбек QR код арқылы жаңа технологиямен кітап оқу жолдарын көрсетті. Одан соң «Оқуға құштар мектеп» жоба аясында Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерін оқушылар оқыса, А.Рахменова ұлы ақынның шығармалары туралы ой қозғады. Семинар соңында келген мұғалімдер «Еркін микрофон» арқылы кері байланыс білдіріп, алдағы уақытта бүгінгі семинардан үйренген әдіс-тәсілдер, мәліметтер өз жұмыстарынан көрініс табатындарын айтып, алғыстарын білдірді.

Шапағат Тілеубаев
10 сәуір 2021 ж. 821 0