Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбекпен егіз Әділхан

Еңбекпен егіз Әділхан


Ғұмырға жуық жасап келе жатқан қазіргі Бидайкөл ауылынан талай тарландар мен таланттар, даналар мен батырлар және еңбек адамдары шыққан. Осындай өнері озық, өресі биік, ел мақтанышына айнала білген тұлғаның бірі – Әділхан Бектегенұлы.
Ол 1940 жылы 22 шілде де Бидайкөл ауылына қарасты Тақыркөл елді мекенінде дүниеге келген. Балалық шағы осы ауылдың бұрқыраған шаңында, балығы асыр салып ойнақтаған көлінде, еңбек адамдарының тырмалаған жерінде өтеді. Мектепті бітірген соң Алматы халық шаруашылығы институтының есеп-экономика факультетіне түсіп, бухгалтер мамандығын иеленіп шығады. Оқу бітіргеннен кейін оқығанын туған жерге жұмсау мақсатында ауылына оралады. Алғашқы жұмысын 1961-1982 жылдары «Гигант колхозында» бас есепшіліктен бас­тап, 1988-1992 жылдары Шиелі аудандық ауыл шаруашылығында аға экономист, бас экономист, 1992-1998 жылдары аудандық ауыл шаруашылық басқармасында бас ревизор, 1998-2003 жылдары аудандық ауыл шаруашылығының бас маманы қызметтерін ащы терінің, адал ниетінің арқасында атқарып, зейнетке шығады. Еңбек демалысына шықса да, еңбекке деген құлшынысы тоқтамай, өзі таңдаған мамандығынан қол үзбейді. 2004-2009 жылдары Жуантөбе ауылдық округіндегі «Жаңа Бестам» ЖШС-да, 2009-2013 жылдары Гигант ауылдық округіндегі «Ынтымақ Г-Г» ЖШС-да бас бухгелтер қызметтерін абыроймен атқарады. Елін сыйлаған ерді кім ұмытар? 2019 жылы Бидайкөл ауылының тұрғындары қоғамдық жиналыста еңбек ардагерлерінің төрағасы ретінде сайлап, сенім білдіреді. «Өткеннің еншісінде кеткен есең бар ма» дегендей, сексеннен асса да өзін қартқа теңемей, жастардан қалыспай, ақылы мен қажыр-қайратын түлеп ұшқан мекенге сарқылғанша жұмсауды өзіне міндет санаған ақсақалдың пайым-парасаты көпке, әсіресе жастарға үлгі. Осындай іскерлігінің арқасында жақында «Бейбітшілік әлемі» халықаралық шығармашылық бірлестігіне үлес қосқаны үшін, халықтар арасында ынтымақтастық пен достықты нығайтып, Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысқаны үшін генерал-майор А.Нұрмановтың дипломымен және «Ел ардақтысы» медалімен марапатталып, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Сыздық табыс етті.
Қазіргі таңда 3 ханзадасы мен 1 ханшайымының қуанышын көріп, 13 немере мен 2 шөберенің ардақты атасы атанған ақсақалға Алла күш-қуат бергей.

Ақбота БАЯНБАЙ
05 сәуір 2021 ж. 315 0