Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 2021-2022 оқу жылына құжат қабылдау басталды

2021-2022 оқу жылына құжат қабылдау басталды


Әр бала білім алуға құқылы. Алайда жер жаһанды жаулаған індет кедергі болғаны баршамызға аян. Осыған қарамастан, сақтық шараларын сақтай отырып, білім алуға болатыны хабарланды. Сәуірден бастап 2021-2022 жылғы оқу жылына құжат тапсыруға болатынын естіп, мән-жайды білмекке аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Дәуренбек ­Насибековпен кездескен болатынбыз.
– Дауренбек Насибеков, Бас санитар Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысы шыққаны бәрімізге белгілі. Осы қаулы негізінде Шиелі ауданы білім бөліміне қарасты барлық білім беру ұйымдарында қандай шаруалар атқарылды?
Жаңа қаулы бойынша алдымен мұғалімдер мен ата-аналар арасында түсіндірме жасау мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2021 жылғы 11 наурыздағы №18-2/298 санды хаты аудан бойынша білім беру мекемелеріне жолданып, әлеуметтік желілерде таратылды. Хат негізінде 2018 жылғы 12 қазандағы ҚР Білім және ғылым министрінің №564 бұйрығына сәйкес ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау басталатыны хабарланды. Осы орайда, «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына сәйкес 1-сыныпқа балалар дайындық деңгейіне қарамастан қабылданатынын ескеру керек.
– Пандемияға байланысты кей бүлдіршіндер неден қалыс қалды? Міне, оқу жылының төртінші тоқсаны да басталды. Бүлдіршіндердің 1 сыныпқа жолдануы қалай болмақ?
Иә, балаларға оңай болмайтыны анық. Бірінші кезекте балаға білім мен тәрбие беру міндетіміз тұр. Жалпы бұған дейін кезекші топтарына ілінбеген, сонымен бірге мектеп алды даярлық топтарына бармаған 1-сыныпқа келетін балаларды қысқа мерзімді даярлықпен қамтамасыз етуді қарастыру қажеттілігіне сәйкес білім беру ұйымдарында іс-шаралар жоспары жасалды.
Ата-аналарға құжаттарды қабылдау 1 сәуірден басталғанын хабарлаймын. Қажетті құжаттардың тізбесі білім беру ұйымдарына жолданды. Сондай-ақ, құжаттарды барынша «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы қабылдайтынын айтқым келеді. Ал шалғайда орналасқан, интернеті жоқ елді мекендерде құжаттарды қағаз жеткізгіш (факс) арқылы өткізу мүмкіндігі бар. Бұл туралы ақпараттық түсіндірме жұмыстарын белсенді жүргізу және білім беру ұйымдарындағы «E-gov өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрыштарын жетілдіру тапсырылды.
– 1 сәуірден бастап мектепке баратын оқушылар саны қанша және қалай іске асырылады?
Шиелі ауданындағы білім мекемелері бойын­ша 1-сыныпқа құжат қабылдаудың кестесі бекітілді. 2021-2022 оқу жылында 1-сыныпқа қабылданатын балалардың жалпы саны – 1919 оқушы деп жоспарлануда. Атап айтқанда, сәуір айына – 664 бала, мамыр айына – 622 бала, маусым айына – 421 бала, шілде айына – 212 бала қабылданады деген сенімдеміз. Тамыз айы­­на дейін толық қабылданады.
– Ендеше іске сәт! Балалардың емін-еркін білім алуына тілекшіміз.
Ақбота Баянбай
02 сәуір 2021 ж. 1 130 0