елін сүйген ерлік істейді
Қазақ тарихымен қатар жасап келе жатқан Шиелі ауданы алаш жұртына төнген небір тауқыметті еңсеріп, елмен бірге көтеріп келеді. Киелі мекеннің топырағы талай нар тұлғаларды тәрбиелеп, қазақ елінің әлеуеті мен экономикасын, руханияты мен мәдениетін қалыптастыруға зор үлес қосуда. Биыл осы қасиет қонған Шиелі ауданының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Бүгінде, ауданда халыққа қажетті кәсіптің барлық түрі дамып, экономикасы өсіп, тұрғындар тұрмысы жақсарып, кент пен ауылдардың жыл өткен сайын АЖАРЫ кіріп келеді. Иә, Шиелінің бүгінгідей жетістікке жетіп, атының алты Алашқа әйгілі болуы бірінші кезекте өңір халқының қажырлы еңбегінің арқасы.
Осыдан 12 жыл бұрын аудан әкімдігі, кезінде Шиелі ауданының бірінші басшысы болған азаматтардың басын қосып, аудан жұртымен кездесу өткізген-ді. Сол кездесуде, бір кездері аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Сейділда Оспанов ағамыз «Қазақстанның біраз аудандарын басқардым, сол аудандардың ішінде халқының жұмысқа ықыласы ерекше ауған Шиелідей ауданды кездестірген жоқпын», – деді. Бұл, өмір көрген ағаның Шиелі ауданының еңбеккерлеріне берген әділ бағасы болатын.
Халық шаруашылығының қай саласында болсын, бүгінде мақтауға лайықты азаматтар баршылық. Менің әңгімемнің арқауы болғалы отырған азамат ауданымыздың құрылыс саласында көп жылдар бойы абыройлы еңбек еткен Мұстафа Сыздықов. Мұстафаның әкесі Смаил ақсақал ашаршылық жылдары азғантай ағайынды аштықтан аман алып қалудың қамын ойлап, Өзбекстанның Ферғана облысына қоныс аударған екен. Сол себепті, Мұстафа 1946 жылы Ферғана облысының Горский ауданында дүниеге келіп, сонда білім нәрімен сусындайды. 1963 жылы Ташкент политехникалық институтына оқуға түсіп, оны 1968 жылы құрылыс инженері мамандығы бойынша тәмамдайды. Жас инженер институтты бітіргеннен кейін Қоқан қаласында әскери міндетін өтеп жүргенде ата-анасы елге оралып, ата-мекенге қоныс аударды. Әке-шешесінің ізімен елге оралған Мұстафа, алғаш еңбек жолын 1970 жылы «Қызылордаауылқұрылыс» ТБО зауытында құрылыс мастері болып бастайды. 1972 жылы «Қызылордаауылқұрылыс» ТБО зауытының Шиелідегі ПМК-1607 мекемесіне шебер болып ауысады.
Ол жастайынан үлкендердің алдында отырып, аға буынға құрметі мен қызметін аяп қалмады. Әсіресе, аталарының ата-жұртты айтып, Шиеліден шыққан атақты адамдар туралы әңгімелерін ықыласпен тыңдап, санасына сіңіріп алатын. Оның жүрегінің түкпірінде елге барып қызмет етсем, Шиелінің көркеюіне өзімнің тамшыдай болса да үлесімді қоссам, деген асыл арманы болды. Ал, қызметін аудандық ПМК-1607 мекемесіне ауыстырғанда сонау бала күнгі арманы орындалып, ерекше қуанады.
Жас жігіттің жігерлілігі, өзіне берілген тапсырманы қалтықсыз орындауы, шыншылдығы мен адалдығы аз уақыттың ішінде-ақ оны аудан басшыларына белгілі ете бастайды. Бұл, Мұстафаның аудан жұртшылығына қиындығы көп құрылыс саласының инженері ретінде көріне бастаған алғашқы жылдары еді.
1975 жылы елімізде мамандандырылған шаруашылықтар құрыла бастады. Осы кезде құрылған «Телікөл» қаракөл қой совхозын басқаратын білікті мамандар іздегенде, бас прораб қызметіне Мұстафаның кандидатурасы ұсынылады. Бұл кезде ол құрылыстың қыры мен сырын терең меңгерген аудандағы білікті құрылыс инженерлерінің бірі еді. Жаңадан құрылған шаруашылыққа басшылар отыратын кеңседен бастап, жайылымдағы малшылардың, ауылдағы мамандардың үйлерін, қоймалар мен қашырым пункттерін, мал бордақылау алаңдарын салу сияқты, ұшы-қиыры жоқ жұмыстардың құрылысына кірісіп кетеді.
1978 жылы «Бәйгеқұм» көкөніс бақша шаруашылығында тәжірибелі құрылысшы керек болғанда аудан басшыларының таңдауы тағы да Мұстафаға түскені бекер емес. Өйткені, жауапты істі тек жауапты маман ғана алып жүре алатынын сол тұстағы басшылар жақсы біледі. Шаруашылыққа аға прораб болып кірісіп, көптеген жұмыстарды рет-ретімен атқарады. Ауылдың сызбасы, соған сәйкес салынған тұрғын үйлердің, балалар бақшасы мен аурухананың ғимаратын салу жұмыстары өз қолынан өтті.
«Бәйгеқұм» көкөніс бақша шаруашылығында жеті жылдай жұмыс жасағаннан кейін 1984 жылы ол кісіні «Қарғалы» қаракөл қой совхозына аға прораб жұмысына ауыстырады. Аудан орталығынан ең қашық, дарияның арғы бетіне орналасқан бұл шаруашылықтың өз қиыншылығы бар екенін ескеріп, аудандағы ең тәжірибелі мамандар осы шаруашылыққа жіберіледі.
«Қарғалы» совхозында үш жыл жұмыс істеген Мұстафа, 1987 жылы «Бәйгеқұм» қамыс зауытына бас прораб қызметіне ауыстырылады. Мекеме жергілікті шикізаттан құрылыс материалдарын шығарумен айналысып, аудан шаруашылықтарының барлық мұқтаждарын өтеп отырады.
«Жігіттің жүрген жері Мысыр шаһар», – дегендей, Мұстафа қызмет істеген жерінің бәрінен ақылдасар әріптес, сыйласар дос, сырласар бауыр таба білді. Алла адамға бақ берердің алдында үлкен арман беретін сияқты ма деп те қаласың кейде.
Ат жалын тартып, азамат болғаннан соң Мұстафа Сыздықов ата қонысқа барып қызмет істесем, Шиелінің өсіп-өркендеуіне өз үлесімді қоссам деген бала кезіндегі арманына жетті.
Абзал азаматтың туған жерінің төсіне ту етіп тіккен адалдығы мен асыл тұлғасы жерлестерінің жүрегінде өшпестей болып қалды. Енді оның жарқын бейнесін кейінгі ұрпақтың жадында мәңгілікке қалдыру үшін Мұстафа Смаилұлының есімі Шиелі кентінің аты жоқ бір көшесіне берілсе деймін. Өйткені, Мұстафаның еңбегі еленуге лайық азамат.
Сұлтанбек Оразымбетов,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.