Жер бетіне жақсылық ұялаған күн
Жүздеген жылдар бойы қазақ халқымен бірге жасасып, ұлттымыздың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпының ажырамас бөлігіне айналған Наурыз мерекесінің орны ерекше. 22 Наурыз – қазақ үшін қасиетті күн. Данышпан ата-бабаларымыз бұл күнді табиғаттың айрықша белгілерін ескере отырып белгілеген. Ал, наурыз айын ерекше қасиеті бар ай ретінде бағалағап, жыл басы санаған.
Қазақ неге наурызды жыл басы санаған?
Өйткені дәл осы наурыз айында табиғатта сирек кездесетін құбылыс – күн мен түннің теңелуі болады. Нақтырақ айтсақ, аспан әлемінде Үркер, Сүмбіле, Үшарқар-Таразы секілді ірі үш жұлдыз бір түзудің бойына тіркесіп, тізіле орналасады. Мұны халық күн мен түннің теңелуі дейді. Бұдан кейін үш шоқжұлдыз да көзге көрінбей кетеді. Міне, бұл көктемнің басталғанын білдіреді. Кейін жаз біте бастағанда Таразы, кейін Сүмбіле, қыс келгенін білдіретін Үркер туады. Бірақ күн мен түн теңелді екен деп халық өткінші амалға алданып қалмайды. Үркер, Үшарқар-Таразы, Сұлу сары жұлдыздарына қарай отырып, олардың көкжиекке жақындау шамасын межелеп, жаздың шығуына қанша күн қалғанын есептейді. Содан кейін ғана шаруашылыққа кіріскен екен. Ата-бабамыз күн мен түннің теңелгенін жан-жануарлардың мінез-құлқына қарап та ажырататын болған. Мәселен, батыс қазақтары наурыздың 14-сі күні сарышұнақ інінен шыққанын күтіп, бақылау жасайды. Егер сарышұнақ інінен ұзамай, маңайында жүрсе, демек, күн әлі суық болады деген сөз. Ал егер інінен ұзақтау кетсе, онда күн жылынады деп болжаған. Тасбақа інінен шыққанда, ауызына шөп тістеп шықса, онда күн мен түн теңелді әрі күн жылынады деген. Бұл шөпті халық «мәриям шөп» деп атап кеткен. Күн мен түннің теңелгенін төрт түлік те сезеді. Мұны «әз жүру» дейді. Яғни, отардағы қошқар күннің жылынатынын біліп тұмсығын көкке көтереді екен. Наурызда жауып жатқан қар үстіне құмалақ шашу арқылы көктемнің ерте, не кеш шығатынын болжап білуге болады: егер құмалақ қар үстіне кідіріп қалса, көктем қырық күн кеш туады деген де әңгімелер бар. Ата-бабамыздың осыншама ілімді меңгергенін көргенде таңданбасқа амалымыз бар ма?
Р.БЕКТҰРҒАНҰЛЫ