Тракторшы Патыма
Жүгіріп шығар төбе көп, Асу бермес шын қиын. Қартайған шал елде көп, «Ақсақал болу тым қиын» демекші, ауылымыз жол-жол құмның арасына орналасқан. Біздің бала кезімізде биік құмнан зорға асып, мектепке баратынбыз. №50 Абай атындағы орта мектеп осы құмның етегіндегі тақыр жерге салынған «Ащықұдық» және «Талаптан» колхоздары көрші болып, 1928 жылы құрылыпты. 1950 жылдары екі колхозды біріктіріп «Қазақстанның ХХХ жылдығы» колхозы, кейін ірілендірген мал совхозы атанған. Талаптан ауылдық округі әкімшілігі 1976 жылы құрылса, совхоз 1995 жылдан бастап Бала би ауылы аталып келеді. Осындағы екі рулы елді – Бұлтыңдар мен Көкмұрындарды осы биік сары құм бөліп жатыр. Екі жақты қыз алысып, қыз берісіп ежелден құдандалы болып кеткен. Топырақ – құмдай араласып, ағайын-туыс, бауырға айналған ел. Бес мыңдай халық тұратын, жеті жүздей шаңырақ түтін түтетіп отырған, қартайған жайсаң шалдары да көп, ақылман ақсақалдары да жетерлік, еңбекқор, еңбекшіл жастары жайраң қаққан ауыл – Бала би елді мекені.
Жасынан «тракторшы Патыма» деген атты иеленген Патыма Жақсыбаева осы ауылдың тумасы. Неге екені белгісіз Кеңес үкіметі өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қазақ жастарын мал шаруашылығы мен механизаторлық мамандықтарға үндей бастады. Қазақ жігіттері мал бағуға тартылса, қыздар трактор рөліне отырып, ерлерше қызмет етуге көшті. Шопандардың жастар бригадалары ұйымдастырылып, оның құрамында уылжыған жас қыздар да қой бағып, айдалада ат үстінде жүретін. «Бәйгеқұмда» №97-ші СПТУ деп аталатын училище болатын. (Қазіргі Шиелі индустриалды-агротехникалық колледжі). Сол СПТУ-дың даңқы асқақтап тұрған кез. Механизаторлық, шопырлық білім алу үшін мұнда бүкіл Одақтан оқушылар келетін. Олар арнайы форма киімдермен жабдықталатын. Қара бас киім, қара күпәйке, қара шалбар киген СПТУ-лықтар «Бәйгеқұмға» сыймай кететін. Оқу корпусы, бес-алты жатақханасынан адам үзілмейтін. Көбісі сегізінші, тоғызыншы кластардан келген майда оқушылар көп болғасын ба, жергілікті халық оларды «қара тоқтылар» деп әзілдейтін. Қалай десе де бұл кәсіптік училищенің рөлі ерекше еді. Аудан жастары алысқа шапқыламай, ауылдардың ұл-қыздары уайымсыз жақын жерден мамандық алып, колхоз, совхоздарда еңбек етіп жататын. Республика жастарының Үндеуінен үн қосқан Патыма Жақсыбаева да 1969 жылы мектеп бітірісімен ауылына тиіп тұрған училищеге келіп түсіп, 1970 жылы тракторшы мамандығын алып шығады. Ол заман еңбек адамдарына қамқорлық жасалған, бар құрмет соларға көрсетілетін өте қызық өмір болушы еді. Күріштен мол өнім өсірудің шебері, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев, әйгілі шопан, екі рет Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев, Социалистік Еңбек Ері «Харьков» совхозының тракторшысы Кәмшат Дөненбаева, өзіміздің «Коммунизм» колхозының тракторшысы Шырынкүл Қазанбаева т.б. секілді еңбек адамдарының есімі жер жарды. Сол жылдары еңбектерімен ел сүйсіндірген тракторшы қыздар Жадыра Таспамбетова, Гүлсім Дәрібаева, Жәндігүл Жұмабаева, Патыма Жақсыбаевалар қазақтың кең даласын гүл жайнатып, темір тұлпардың тізгінін тартып, Шиелінің шынарына айналған шақтары еді. Ауыл жігіттері наздана: «Арғымаққа міндім деп артқы топтан адаспа» деп жататын. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деп жақсы істерімен, әдемі қылықтарымен көзге түсіп жүрген Патымадай ару қызға кім назарын салмасын? Сары құмның аржағында тұратын ащықұдықтық сырбаз жігіт Жауқаш сыртынан ғашық болып жүргенін білдіреді. Сезім, шіркін ұшқын беріп, 1971 жылы екі жас үйленіп отау құрады. Сүйікті жары Жауқаштың ата-анасы «бір мың болғыр» жандар екен. Жас келіндері Патымаға «анау тракторыңды таста!» демеді. Патыма ерте тұрып, сиырын сауып, шәйін даярлап қойып, сосын барып тракторын дарылдатып оталдыратын. «Үлкен пышақ ұялғаннан өтеді» дегендей, үй іші көрші-қолаңнан ұялды ма, әйтеуір, осы трактор есік алдында 15 жыл дарылдап тұрды. Олар келіндерінің қайсар мінезіне, қиындықтан қашпайтын еңбекқорлығына іштей риза да болған шығар. Кім білсін? Патыма Бердуали Баекеев басқаратын өндіріс бригадасында тракторшы болып еңбек жолын бастайды. Бір жылдай техниканың қыр-сырын терең білмекші болғаны, гаражда механик қызметін атқаратын күйеуі Жауғаш Ибаділдаевты тыңдағаны, трактор паркінің бастығы Әнуар Кенбаев пен бас инженер Шатланбек Бәкіровтердің ақыл-кеңестерін тыңдауы, сосын барып өзіне бекітілген МТЗ-50 тракторына отыруы – оның болашағына даңғыл жол ашқандай болды. Совхоз мал шаруашылығымен қатар мың гектарға дейін күріш те екті. Мал басын көл-көсір етті. Сол жылдары қой басы 50 мыңға, жылқы жеті жүзге, түйе мың жарым басқа жетсе, оған қоса жемдік жүгері егіліп, сүрлем салынды, күздік, жаздық бидай өсіріліп, көкөніс, бақша өнімдері, екі жарым мың центнерге дейін ет өткізіп, мал азығын жоңышқа көлемі жеті жүз гектарға жеткен. Мінекей, осындай шаруаларды атқаруға бірінші кезекте техника керектігі сөзсіз. Бітпейтін, бас-аяғы жоқ тірліктің қақ ортасында қос білегін сыбанып осы Патыма да жүретін. Үйге де ерте кетіп, кеш келетін. Тракторына тұқым сепкіш жегіп күріш екті. Пресс тартып шөп, жоңышқа престеді. Бидай, жүгері, күріш піскенде тіркеме телешкамен егіс даласынан орталық қырманға дән тасыды. Арасында сәбиін емізіп келуге де уақыт табатын. Қыста қойшылардың қыстауларына шөп тасу басталады. Күннің суығы, жаңбыры, қары оны тоқтата алмайтын. Басшылар қай жерге жұмсайды, Патыма тапсырманы орындамай қайтпайтын. Оған өжеттігі, коммунистік партияның қызыл билеті, қысқасы механизатор жігіттер алдындағы қыз баланың өр намысы осалдыққа жібермейтін. Өйткені, бұл қызу еңбекте жүрген бір өзі емес, құрбы-құрдастары, ағалары тракторшылар: Мырзахмет Кеншімбаев, Сәруар Кенбаев, Бақыт Төребаев, Тасболат Таумаев, Жәндігүл Жұмабаева, Асылбек Тәжімовтер де шапқылап жүретін. Патыма Жақсыбаева ауылдан асып, аудан көлеміне танымал тракторшы болып, ауылдық және аудандық Кеңестерге депутат болып сайланды. 1972 жылы ерен еңбегі еленіп, омырауына «Құрмет белгісі» орденін қадады. Әріптестері «Жарайсың, Патыма!» деп, риза болып қол соғысты. Азаннан кешке дейін селкілдеп трактор айдау қыз балаға оңай дейсіз бе? Мына шеті жүздеген шақырым келетін «Темір», дария бойындағы «Бәкір тамы», ауыл сыртындағы «Құрақбай», «Омбай», «Мортық», «Жүніс әулие», «Тектұрмас», «Бурабай» мал қыстауларына шөп тасу – осы механизаторлардың мойнында. Барсаң да барасың, бармасаң да барасың. Олар үшін жазылмаған заң. Сөйтіп жүріп Жауқаш пен тракторшы жеңгей екеуі дүниеге сегіз ұл-қыз әкелді. Бірақ «Алтын алқа» бұйырмапты. Құдай өзі беріп, өзі алады екен. Бес бірдей ұл-қызы жастай шетінеп кетті. Содан бір ұл, екі қызы қалып, ержетті, бойжетті. Қарашаңырақтағы ұлы Сәбит Жауқашұлы РУ-6 мекемесінде ана жолын қуған механизатор. Еңбегіне адал. Әкесі мен анасынан алған тәрбиесі – еңбек, еңбек, тағы да еңбек. Жасында көп жыл трактор айдап, денсаулығына байланысты жұмысын доғарған анасы Сәбиттің келіншегі Тұрғанкүл келін қарайлап отыр. Енесіне шаң жуытпайды. Қалаған ас-ауқатын даярлап береді. Алланың берген екі ұлы Патыма әжелерінің ермегі. «Аталарың түйе қарап кеткен, құдай қаласа кеп қалар» деп немерелерін де, өзін де жұбатып қояды. Бірақ жүрегі бұлқан-талқан. Ақмарал мен Айдын қыздары Шиелідегі №219 мектептің жоғары білімді мұғалімдері. Екеуі де шәкірт тәрбиелеудің хас шебері болып жүрген ұлағатты озат ұстаздар. Үйлі-баранды. Әже бақыты – осылардан туған жеті немерелерін маңдайынан бір иіскеп, рахатқа бөлену. Одан артық өмірде не бар өзі?!
Қарапайым тракторшы Патыма өзінің елеусіз екендігін айтып қалды, Шиеліде кездесіп қалып. Сөйтіп тұрып: Қайным-ау, Құдай төрт түрлі адамдарды жаман көреді екен. Өтірікші саудагерді, кердеңдеген кедейді, зинақор жылпос кісіні, залым ел басқарушыны. Біз тракторшы әйелдерміз, қазір жетпістен асқан кемпір болдық. Бұның біреуіне де жатпаймыз. Еңбектен көз ашпай, туған жерімізді көгертеміз деп аянбадық. Ең болмаса, Шәмші Қалдаяқов көкеміздей «... Көңіліңді көктемдей, көзіңнен танимын» деп те ешкім айтпады. Даукес әйелдер еленіп, еңбек еткендер шет қалуда. Кешегі аналар мерекесінде де жәутеңдеп қала бердік. Міндетсінбейміз-ау, бірақ тракторшы қыздарын төбелеріне көтерген сол кездегі басшыларымызды еске алып, «ой, құдай-ай!» деп қаламыз. Менің анам баласына «Ай, нанжауғыр, әйелің жақсы болса, шешеңнен кем болмайды» деп отырушы еді. Құдайға шүкір, жаман емеспіз. Сені көргесін айтып жатқаным ғой дегені. «Дұрыс қой» дегеннен басқа не дейін? Осы мақаланы жазуыма да тракторшы Патыманың бір ауыз сөзі себеп болды.
Айтатын нәрсесін ұмытып қалған құдасы, «құдағай, сіздің құйрығыңызды көріп есіме түсті ғой» деген екен, сондай-ақ менің де тракторшы жеңгемізді көргеннен кейін барып ол туралы жазу есіме түсе кеткені. Расында ұят болды.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
ҚР Журналистер Одағының мүшесі