Алақандағы әлем
Бұрын қалай? Бүгін қалай? Есіңізде бар шығар, бала күніңізде үйде үлкен қара түсті теледидар болатын. Жақтаушаларын ағашпен көмкерген бір алып дүние. Ол істен шықса, тұтас ауыл дамудан тысқары қалатындай көрінетін. Өйткені, теледидар ауыл бойынша бірнешеу ғана. Бар-жоғы үш каналды көрсететін сол теледидардың «пульті» - жұмсауға оңай бала. Осындай бір күндерде ойыннан шаршағаным бар, «пульт» болуға құлшынысым болмады. Ал анам маңдайымнан сипап: «Ертең мына жарықты да, теледидарды да орныңнан тапжылмастан өшіріп-қосатын дәурен туады. Асықпа!» деген еді. Ал мен ертегі тыңдағандай болдым. Рас, қазір технология дегеніңіз сайрап тұр. Тек қолыңыз жетсе болды, жаңа технология жаныңызда.
Ақпарат технологиясы дегеніміз – компьютерді және телекоммуникациялық жабдықтарды деректерді сақтау, шығару, тасымалдау және өзгертуге арналған технология. Бұл термин 1958 жылы Гарвард Бизнес шолуында алғаш рет пайда болған екен. Гарольд Дж.Я.Либет және Томас Л.Висслер былай деп жазыпты: «Жаңа технология әлі де басқарылмайды. Біз ақпараттық технология (IT) деп атаймыз. Анықтамасы үш санатты қамтиды: өңдеу әдістері, шешімдерді енгізу және модельдеудің статистикалық және математикалық әдістері, сондай-ақ бағдарламалық қамтамасыз етудің жоғары тәртібін енгізу. Бұл өз кезегінде жаңа заманның талабына сай қамдалып, еркін қолданысқа енген технология».
Құр сөзбен қуырдақ қуырғалы отырған жоқпыз. Сөзіміз салмақты болуы үшін маман пікірінен бастап көрелік. Қорқыт ата атындағы ҚМУ ақпараттық технологиялар және ғылыми жұмыстарды коммерцияландыру басқармасының бастығы, экономика ғылымдарының кандидаты Нұрлан Құлмырзаевпен әңгімелескен едік. Тақырыпты тілге тиек қылған ол әріден қайырды.
– IT технология дегеніңізді қазақшаласақ, ақпараттық технология деген ұғым. Мұның пайдасы қандай? Әрине, шаш етектен. Бұл – байланыс, бұл – ақша айналымы, бұл – бизнес деген тәрізді ары қарай жалғасып кете береді. Әлемнің әр қиырындағы адамдар осы ақпараттық технологиялардың арқасында бір-бірін көрместен байланыс жасап, жұмыс жүргізуде. Алысты жақын қылып, жаяуға тездетіп шаруасын бітіруге көмектеседі. Бұрынғыдай банктен ақша аударуға немесе темір жол және әуе билетін алуға табаныңыздан тозып әуре болмайсыз. Мемлекеттің бір түкпіріндегі оқиғаның жедел түрде технология арқылы тарап, бүкіл республика құлағдар болып отырғаны, ақыр соңы сіз менімен алып отырған сұқбатыңыздың мүмкін болып отырғаны да осы технологияның арқасы. Ендеше, мұның пайдасын айтып тауысу мүмкін емес. Алайда, еліміздегі IT сала дамыған елдердің деңгейіндей емес. Мемлекеттік құрылымдар, бизнес саласы санды әлемге өту қажет. Бізде әлі қорқыныш бар, ақпараттық әлемге сенімсіздік бар. Бір жағынан ақпараттық қауіпсіздік болса, екінші жағынан мамандарға деген сенімсіздік. Мамандарға сенімсіздік неден пайда болады? Сұраныс жоқ болса, ұсыныс та жоқ. Егер мамандарға талап қойылса, нарықта осындай мамандар қажет делінсе, олар талапқа қарай мамандана бастайды. Жақсы бағдарламашылар бізде де бар, бірақ олар шетелдік компанияларда жұмыс жасауда. Дегенмен, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы пайда болғалы бері IT мамандарының арасында серпіліс пайда болғандай. Ауқымды жұмыстарды әлі де жалғастыруға тиіспіз, – дейді Н.Құлмырзаев.
Иә, әлемді алақанға сыйдырған технологияның өріс алғаны әрбіріміз үшін тиімді болып тұр. Бәзбіреуге қаражат аударуыңыз керек болса, оның шотын білгеніңіз жеткілікті. Смартфонның бетін сипайсыз да қаражатыңыз діттеген жеріне жетіп отырады. Бұл ретте коммуналдық төлемдерді де қазір мойын созып сағаттап кезек күтпей, терминалдан төлей салу мүмкіндігі көптеген жерлерде қарастырылған. Үйіңізде отырып, сонау өзге мемлекеттегі туыстарыңызбен бейнебайланысқа шығасыз. Қажет дүниеңізді сауда нүктелерінің сайтына кіріп, үйден шықпай-ақ сатып аласыз. Міне, мүмкіндік деп осыны айтыңыз. ІТ саласы дамып, көптеген мүмкіндіктерге қол жеткізгенімізбен, маман таңдауда әлі де сол баяғы ылдилаумен келеміз. Бұл күнде компьютердің тілін білгеннің бәріне программист деп ортақ атау беріп, біз саланы әлі толық меңгермегенімізді көрсететеніміз тағы бар.
– Мысалы, заң процесімен айналысатын адамды заңгер дейміз. Бірақ олардың ішінде сала бойынша бірнеше тармаққа бөлінеді. Айталық, прокурор, адвокат, нотариус, жылжымайтын мүлік бойынша заңгер, тек қана ерлі-зайыптылардың яғни отбасылық және ажырасуға байланысты мәселелермен айналысатын заңгерлер, тағы сол сияқты. Бұл деген сөз әр саладағы заңгер басқа саладағы заң тармақтарын білмеуі мүмкін. Өйткені, ол өзінің тікелей жауап беретін саласы емес. Дәл сол сияқты, айти мамандары да жалпы «айтишник» аталғанымен олардың өз ішінде бағдарламашы, серверлік құрылғылар маманы, компьютер технигі, жүйелік администратор, айти аналист тәрізді тармақтарға бөлінеді. Сол себепті, бір айти маманы екінші бір айти салаға қатысты жағдайды білмей қалып жатса, таң қалатын жөні жоқ. Осы кезде дейін IT маман болу үшін бір бағдарлама тілін біліп, компьютер архитектурасын тану жеткілікті еді. Қазір талап күшейді. IT бағдарламалар кез келген салаға енгендіктен, IT маман ол агроном да болу керек, металлург та болу керек, дәрігер, нанотехолог та болу керек. Себебі, бұл мамандардың бағыты әртүрлі. Бірі бағдарламаның ішкі кодын яғни алгоритмін жазуға машықтанса, келесісі оның интерфейсін жазады. Үшіншісі дизайнға жауапты, – деген Нұрлан Құлмырзаев жұртшылық көзқарасының әлі де болса дұрыс орныға қоймағанын айтты.
Еліміз аталған технологияны күнделікті өмірге ақырын енгізіп келеді. Қазіргі таңда ауылдардың өзінде тұрмыстық қажеттіліктермен технологияға демде-ақ көшуге даярлану үстінде. Өйткені, сол арқылы тұрмыстық қажеттіліктер жылдам әрі адам күшінсіз өтелетін дәурен таяп қалды.
Сөз түйін. Бала күнімізде ауылда үлкен бір төбе болатын. Ұялы байланыс осы жерде жақсы тартатындықтан елдегілер «Билайнтөбе» атап кеткен. Оқудағы балаларына қант-май жіберген ата-ана дорба салған көлігі жайлы айту үшін әлгі төбенің үстіне шығып, сөйлесіп отырады. Онда да үнемі дауыс ұлғайтқыш арқылы арғы жақ пен бергі жақтың дауысы анық естілетін. Қазір ше?! Ол күн келмеске кеткен. Үйдің әр бұрышында бір-бір смартфонды ұстағандар өздерінің айти технологиямен таныс екендігін ойлап отырған жоқ, бірақ қолданып отыр. Түбі әлем қолданысқа енгізген мұндай жаңа технология Қазақстанды да тұтас қамтитын болады.
М.СНАДИНҚЫЗЫ.