ӨМIР БОЛСА, КӨМIР БОЛАДЫ...
Қанекеңнiң тағы бiр қыры – әзiл-оспаққа шеберлiгi. Мереке кезiнде берiлетiн достық әзiлдердiң көбiсiн өзi жазатын. Кейiн бiзге де жазғыза бастады. Сын-сықаққа, әжуа-қалжыңға, әзiл-оспаққа шебер болатын. Ойланбастан аяқасты айтылған ұрымтал сөздерi, қанатты қалжыңдары елдiң аузында жүр. Солардың бірқатарын оқырманға ұсынып отырмыз.
Айып етпе, ағасы
Сонау бiр жылдары Қанекеңнiң жеке жыр жинағы жарық көрдi. Көлемi пышақтың қырындай жұп-жұқа. Бағасы 10 тиын. Бiр кiтабын аудандық атқару комитетiнiң төрағасына (Қожай Дүйсенбаевқа) былайша қолтаңба жазып берiптi:
«Айып етпе, ағасы,
Өлеңiм жоқ келiстi.
Кiтабымның бағасы –
Екi стакан шемiшке».
Ол уақытта бiр стакан шемiшкенiң (семечки) құны 5 тиын тұратын.
Төрт әйелдi ол емес, мен алғандай...
Қанекең аудандық партия комитетi жанындағы парткомиссияның мүшесi екен. Төрт әйел алып тастаған бiр коммунистiң мәселесiн тексерiп, бюроға дайындау тапсырылады. Сұрастыра келе ауатком төрағасының туған қайнысы (балдызы) екенiн бiледi. Жазайын десе ауатком, жазбайын десе аупартком қыспаққа алады. Парткомиссияның төрағасы «бол, тездет, әйтпесе өзiңдi бюроға саламын» дейдi дiкеңдеп. Екi оттың ортасында қалған ақын:
«Төрт қатынды ол емес, мен
алғандай,
Аупарткомға барамын зәрем қалмай.
Бюро, бюро, бюро, деп нығарлайды,
Шыбын жаным осыдан аман қалғай»,–
деп жазып, өлеңін комиссия төрағасының орынбасары аупарткомның нұсқаушысы Төлеген Мұстафаевтың алдына қалдырады да, өзi кетiп қалады.
Жiгiттер, өткiзбейiк күндi босқа
Мал азығын дайындау науқаны кезiнде баспасөз, оқу-ағарту, партия, комсомол, кеңес қызметкерлерiн жұмысқа жұмылдыру тәжiрибеде болатын. Шөп шабуға барғандар қарап жүре ме, үш-төрт шыны тентек суларын, сыраларын ала барады. Күн ыстық. Егiстiктен аптап есiп тұрады. Шөлмектерiн жылып кетпесiн деп, қашыртқы су сақталатын үлкен арыққа (сброс) салып қояды. Бiр орнында тұрғандықтан да, суы салқын, шөлмектер мұздатқышта тұрғандай болады.
Жұмысқа кiрiсер алдында жүзден бiр-бiр тартып алады да, түстiң болуын күтедi екен. Осындайда табиғатынан тағатсыз Қанекең:
«Жiгiттер, өткiзбейiк күндi босқа,
Тезiрек жетейiкшi сбросқа!» – деп өлеңдететiн көрiнедi.
Өлеңмен емдешi, емдесең...
Бiрде Қанекең ауруханаға түседi. Көңiлiн сұрап барған әрiптестерiне емдеушi дәрiгер: «Берген дәрiнi iшпейдi, жастығының астына тастай бередi. Ауруға ем керек, дәрiнi iшпесе қалай жазылады, сендер де айтыңдар», – деп өтiнiш бiлдiредi. Бұл сөздi естiп қалған Қанекең дәрiгерге қарап:
«Жазылам, жыр оқы сенбесең,
Ауру не тәйiрi, үрей бiр.
Өлеңмен емдешi, емдесең,
Ақынға арман ғой дүлей жыр!» – деп бір шумақ өлеңді төгіп жіберді.
Көмiрдi емес, өмiрдi сұра
Күздiң соңы, қыстың басы, күн ызғар. Қанекеңнiң үйiнде көмiр бiтiп қалады. «Әне-мiне» деп жүргенде қыстың жартысы өтедi. Үйдiң iшi суытып, балалар дiрдектеп тоңа бастайды. Бүгiн де күндегiдей уәдемен жарылқап, кеңсесiне кiре бергенде телефон шарылдап қоя бередi. Трубканың аржағында әйелi Балайым «көмiр қайда, көмiр!» деп бар даусымен бажылдап тұр екен. Қанекең аспай-саспай:
– Оу, жан жарым, жанжалдың керегi не, алдымен көмiрдi емес, өмiрдi сұрасаңшы. Өмiр болса, көмiр болады ғой, – дедi.
Солдан санағанда: Қанапия Дәрібаев,Сәрсенбек, Өркен (солдан екінші Қуаныш Түменбаев, оқушы кезі)«Қызылту» орта мектебінің (қазір Әлиакбар Монтаев атында) оқушыларымен кездесу сәтінде.
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
(Сурет жеке архивімнен алынды)