Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіп түбі – нәсіп

Кәсіп түбі – нәсіп


“Бизнестің жол қартасы – 2020” бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылатын болды. Бұл жөнінде елбасы Н.Назарбаев 2018 жылы 5 қазанда «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында мәлімдеген болатын. Бұл бағдарламаның Басты мақсаты – өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты өсуін қамтамасыз ету. сондай-ақ, бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру.
Еліміздің бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруге ұмтылуы, Әлемдік сауда ұйымына енуі, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы – еліміздің ауыл шаруашылығы үшін үлкен мәртебе. Өйткені ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының негізгі саласы, сол арқылы халықтың тұрмыс жағдайы жақсармақ. 2019 жылдың сәуір айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылға дейін техникалардың жаңартылу қарқынын 2-ден 6 процентке және суармалы егіншілік жерлерін 1,4 миллионнан 2 миллион гектарға арттыруды тапсырды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамыту, егістік алқаптарын әртараптандыру, тұқым сапасын жақсарту, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдануды ұсынды. Біздің елде ауыл шаруашылық саласын дамытуға барлық жағдай жасалған және астықтың түр-түрі өседі. Ауылдық жерлерде халықты азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз ететін шаруа түрлері де баршылық. Жеке кәсіпкер ретінде ауыл шаруашылықты дамытуға үлес қосып жүрген еңбек адамдарына мемлекеттен қолдау көп. Сондай еңбек адамының бірі – көпбалалы ана Рита Мықтыбаева. Ол Жөлек ауылының дәрігерлік амбулаториясының дәрігері, үй-үйді аралап, алғашқы көмек көрсететін абзал жан. Балаларын оқыту үшін мемлекеттік жалақыға қарап отырғысы келмей, қолынан келгенше шағын кәсіп ашуды жөн көрген. Содан құс асырауды алты жылдан бері жанына серік қылған. Тіпті бұл үшін еш жерден шаруашылыққа арналған несие алмаған. Сатып алатын азық-түліктен гөрі, таза, ауылдың табиғи өнімдерін қолданатын көрінеді. Құс шаруашылығы қазірде ең жаңа және ең қарқынды дамып келе жатқан сала. Құстың қаз, түйетауық, үйрек, тауық сынды түрлерін асырайды. Құс санын екі есеге көбейтуге талпынып, олардың әрқайсысын қоралап қадағалауда. Жұмыртқасын инкубаторға салады. Сондай-ақ бүгінгідей нарық заманында жұмыртқаның таптырмас азыққа айналғанын да білеміз. Кәсіпкер ауласында түрлі құстар мен үй жануарларының жүргенін көріп бір демалатын көрінеді. Тіпті, құс шаруашылығымен қатар, үй жанындағы көлшікке балық көбейтіп, кәсібінің шырайын келтіріп отыр. Ауласында қояны, жайлауда сиырлары тағы бар. Ендігі кезекте кәсібін алға қарай дамыту үшін мемлекеттен қайтарымсыз несие алып, бизнестің көкжиегін кеңейтуді жоспарлап отыр. Жан-жақты, істің көзін таба білетін кәсіпкеріміз алынған қаражатқа үй алдынан шағын мейрамхана ашқысы келетінін және 1 гектар жерін егін шаруашылығына арнағысы келетінін айтты.

Ақтолқын ӘЛЖАНОВА
26 ақпан 2021 ж. 364 0