Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ізгілікті іздесек, ата салтымыздан ажырамайық

Ізгілікті іздесек, ата салтымыздан ажырамайық

Тұңғыш Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударды. Оның ең негізгісі – ұлттың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстанымды сақтап қалу. Құндылықтарымыз бен озық дәстүрлерімізді табысты жаңғырудың алғышартына айналдыра білу. Бұл ретте тұңғыш Елбасы «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып,қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек», – екенін атап көрсетті.
Қай халықты алып қарасақ та, оның өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнкөрісі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Салт-дәстүр сол халықпен жасасып, оның тарихына өшпес із қалдырады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан дәстүрлеріміз де жоқ емес. Ендеше, салтымыз санамызда мәңгілік жаңғырып тұруы үшін дәстүрімізді ұмытпау, оны ұлықтау – басты парызымыз. Қазақ халқының қасиетті дәстүрлерінің бірі – бата беру. Бата арабтың «фатеке» деген сөзінен шыққан, яғни, «алғыс айту», «ақ ниет», «ақ тілек білдіру». Батаны жолы үлкен данагөй ақсақал немесе қадірлі қонақ беруі тиіс. Бата беруші Алладан бақытты өмір, денсаулық, береке, әрбір істе табысты болуын тілейді. Бата адамдарды лайықсыз, теріс қылықтардан сақтандырады, жастарды ізгілікті әрі қайырымды істерге баулиды. Халқымыз үлкен іске кірісерде, дастарқаннан дәм татуға отырғанда немесе жол жүріп, алыс сапарға аттанарда ақсақалдардан бата алатыны да осымен байланысты.
«Аға өлсе – жеңге мұра, іні өлсе – келін мұра» деп есептеген дана халқымыз ешқашан жетім-жесірін жылатпаған. Күйеуі қайтыс болып, жесір қалған жас әйелге күйеуінің жақын туысының бірі «әмеңгерлік» жолмен үйленген. Көшпелі қазақ халқының өмірінде мұның әлеуметтік маңызы зор болған. «Жесірін жатқа бермеу» қазақтың өз тұқымының басқа елге кетпеуін әрі ұрпағын өз жұртында қалдырудың, қан тазалығын сақтаудың бір жолы. Марқұм болған адамның балалары өз руының, өз туысының қарамағы мен қамқорлығында қалады, жат жұртқа жіберілмейді. «Жетім көрсең жебей жүр» деп ешқашан баланың жетім өсуіне жол бермеген, қазақ халқы осылайша «жетім» деген аттан құтылған. Жесірдің төркін жағы да «Қайтып келген қыз жаман» деп ырымдап, қайтып келуіне рұқсат етпеген. Қайтып келген жағдайда жесірдің маңдайына қара күйе жағып, қаралаған. Сол себептен қазақ қоғамында әмеңгерліктен бас тарту сирек кездескен, бас тартқан жағдайда оған бала да, мал-мүлік те берілмеген, тек өз қалауымен күйеуге шығуға рұқсат етілген.Осылайша үйдің үлкендері отбасының бірлігін, амандығын, тұтастығын сақтауға тырысқан. Бұл қалыптасқан жүйе қоғам ішінде жеңіл жүрісті әйелдердің болмауына, жалпы әйел затының абыройы мен беделінің сақталуына да себеп болды. Әмеңгерлік ру ақсақалдарының басқаруымен қандас туыстар арасында мұқият талқыланған, ортақ ұйғарыммен шешілген. Тарих тағылымына көз жүгіртсек, әмеңгерліктен немесе екінші әйелден дүниеге келген талай марқасқалар бар. Тізбектемей-ақ, Құнанбай атамыздың туған інісі Құтпамбет қайтыс болған соң, атастырылып қойылған, қыздай жесір қалған Ұлжан анамызға үйленгенін мысалға келтірсек болады. Бұл берекелі некеден Абайды дүниеге алып келді.
Жетімге пана, жесірге қамқор болу, мұқтаждың қабағына қарап, мүгедектің қолтығынан демеу – ата дініміздің асыл құндылықтарынан. Бүгінгі таңда ата-бабамыз қалдырған сара жолмен жүріп, әмеңгерлік салтын жаңғыртсақ, жетімдер үйі жабылып, жесірлер жыламас еді.

Ақтолқын ӘЛЖАНОВА
02 ақпан 2021 ж. 327 0