Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шелпек неге жетеу?

Шелпек неге жетеу?



Қазақ әлімсақтан дүниеге келген баласына ұлттық құндылық пен салт-дәстүрді үйреткен. Сондықтан елде қаншалықты алмағайып заман болса да, дәстүрлеріміз жоғалып кетпеді. Әлі күнге дейін дәуірден дәуірге өтіп, ұрпақ санасында сайрап тұр. Ал ел жадында жатталмаған жоралғылар «Елу жылда ел жаңа» дегендей, уақыт талабына сай жаңғыруда. Бұл ретте Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын тілге тиек етпесек болмайды. Себебі, елбасы аталған мақалада салт-дәстүрге айрықша мән берген. Ол өз кезегінде: «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек» деді. Сонымен қатар құндылық пен озық дәстүр табысты жаңғырудың алғышартына айналу керектігін де атап өтті.
Еліміздің сан мың жылдық тарихына көз тастасаңыз, салт-дәстүрге қаншалықты бай екенін аңғарасыз. Соның ішінде жеті шелпек тарату дәстүрі ерекше мәнге ие. Бірақ оның қашан және қай жерде пайда болғаны туралы тұщымды ақпарат жоқ. Тек халық арасындағы аңыздарға қарап, бұл дәстүрдің Пайғамбарлар дәуірінен келе жатқанын аңғарамыз. Осы орайда шелпек неліктен жетеу болу керек деген сұрақ туындайды. Бұл сауалға жауапты Ысқақ қожа әулиенің кезінде пайда болған әфсанадан таба аламыз. Қазығұртта өмір сүрген Ысқақ қожаның ұлы Ысмайыл әкесі дүниеден өткен соң, қырқына дейін бейсенбі күні жеті шелпек таратыпты. Сонда халық күлшенің неге жетеу екенін сұрағанда, «Жеті күлшенің сауабы жеті атаңа, одан асса, жетпіс атаңа кетеді. Ал бір күлше өз қара басыңа жетеді» деп жауа­п берген екен. Міне, осы сәттен бастап ел арасында «Жеті шелпек жеті түрлі бәледен сақтайды» деген сөз пайда болыпты. Иә, қазақ ұлты үшін жеті саны жат емес. Жеті ата, жеті қазына, жеті жұт, жеті жоқ және жеті жетім ұғымдары ерекше. Ал дінде бұл сан символдық рөл атқарады. Осыған байланыст­ы Жаратушының жалғыз екенін танудың белгісі ретінде Қағбаны жеті рет айналу парыз етілген.
Бүгінгі таңда осындай қасиеттеріне қарамай, жеті күлше таратуды дінге қайшы етіп көрсететіндер де бар. Бейсенбі батып, жұманың таңы атарда иіс шығарып, Құран бағыштауды «Аллаға серік қосу» яки «Құдайдан басқаға құлшылық ету» деп түсінетіндер табылып жатыр. Осы орайда біз Шиелі ауданындағы орталық мешіттің бас имамы Бақыт Ұлжаевтың пікірін білген едік.
– Ата-бабамыздың басынан өткерген қиыншылығы бізге мәлім. Әсіресе нәубет жылдарында ең үлкен сауапты амал осы жеті шелпек тарату болған. Уағында күлшені бір адамды болсын аштан аман алып қалайын деген ниетпен берген. Бұл бір жағынан садақа есебінде таратылады. Ал садақа басқа келетін бәленің, жамандықтың алдын алады. Бүгінгі таңда кей адамдардың жеті күлшені Құдайға серік қосу деп түсінуі қате. Алла разылығы үшін таратылған жеті нанда ешқандай дінге жат үрдіс байқалмайды.
Міне, шариғат та шелпектің шарапаты мол екенінен хабар береді. Ал шаңырақтағы көнекөз қариялар дәстүрдің дұрыс емесі болмайтынын санамызға құйып жүр. Демек, шарапаты мол жеті шелпекті дін мен ділден алыстатуға ешқандай негіз жоқ.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ
30 шілде 2019 ж. 3 175 0