Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Неге қымбат?

Неге қымбат?

Қалың ұйқыдан шырылдаған оятқыштың дауысы оятты. Таңсәріден «қақылдап» ұйқы бермейтін әтеш те құнының қымбаттағанын сезген-ау, сірә. Азан шақыруға асықпайды мүлде. 5 теңгеден артыққа қымбаттамайтын жұмыртқаның бағасы күрт өсіп кетерін кім білген, ә?
Иә, жыл дөңгелеп өткені сол-ақ екен жұмыртқаның бағасы да 2 есеге артып кетті. Дәл қыстың күнгі ауа райындай мың құбылған бағаның бағамы бұл күнде 50-55 теңгеге тоқталып тұр. Нарық бағасын білмекке базарға аяңдағанымызда қолына қаз қатар тізілген қос қораптағы жұмыртқа ұстаған Інжу Данышпанованы кезіктірдік. Аудан тұрғыны «Жалақы, зейнетақыға сәл қаржы қосылса базардағы азық-түлік тауарларының бағасы 2 есеге қымбаттап шыға келеді. Енді міне жұмыртқаның бағасы да аспандап кетті. Ал оның бар салмағы қарапайым халықтың қалтасына келіп түседі» – деп уәжін айтты.
Жұмыртқаның қымбатшылыққа ұшырауының себебі неде? Расында, 2021 жылдың 1 қаңтарынан ­бастап республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер енгізілді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2021-2023 жылдарға арналған заңға қол қойып, ең төменгі жалақы мөлшерін 42500 теңге деп бекітті. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 18 524 теңге, зейнетақы – 43 272 теңге, 1 АЕК – 2 917 теңге, базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы 34 302 теңге деп белгіленді. Бұл ретте зейнетақы 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7 процентке артты. Олай болса «табыс көзі артқан соң тауар бағасының қымбаттауы заңдылық» дейтін тұрғындардың сөзіне иланбасқа шара жоқ.
Ең әуелі ауыл шаруашылығы мамандарының мәліметіне сүйенсек жұмыртқа бағасының құбылуына алыпсатарлардың қатысы бар. «Өзімізде өндірілетін «Шиелі құс» фермасының жұмыртқаларынан бөлек, Шиелі ауданына Шымкент, Ақтөбе қаласының жұмыртқалары Қызылорда қаласы арқылы жеткізіледі. Ақтөбеден шыққан жұмыртқа бағасы Шиеліге жетем дегенше өзгеріске ұшырайды. Қазіргі уақытта базардағы жұмыртқа бағасы орта есеппен 48 теңгеден сатылымға шығуда» дейді мамандар.
Тағы бір сараптамаларды қаперге алсақ өткен жылғы құс тұмауының да зардабы бар мұнда. Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының төрағасы Максим Божконың есебінше, 2020 жылы отандық құс фабрикалары құс тұмауының ­салдарынан тауықтарының бестен бірінен айырылып қалған. Яғни, былтыр барлығы 2,5 млн бас құс аталған тұмаудың құрбанына айналған. Бұл саланың өкілдері 3 млрд теңге шығынға батқан. Содан ұсақ құс фабрикаларының көбі жабылуға мәжбүр болған. ­Максим Божконың мәліметінен Қазақстан құс өсірушілер одағының да есебі алшақ емес.
Соңғысы былтырғы тұмаудан 2,3 млн бас құс қырылғанына сенімді. Ал, бес ірі құс фабрикасы ең көп жапа шеккен. Соның үшеуі Солтүстік Қазақстан, қалған екеуі Қостанай мен Алматы облыстарында орналасқан. Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы мен Қазақстан құс өсірушілер одағына қарағанда ресми мәлімет басқа сандарды көрсетеді. Мәселен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылғы құс тұмауынан 1,9 млн бас құстың қырылғанын мәлімдеді. Дегенмен, мәліметтердің түрлі болуына кейбір құс фабрикалардың өзінің иелігіндегі тауық пен балапандарының нақты құс тұмауынан қырылғанын дәлелдей алмағандары себеп болса керек.
Жалпы, қазіргі таңда Қазақстанда 35 құс асырау кешені жұмыс істеп тұр. Құс фабрикалары жылына 5 миллиард жұмыртқа өндіруге қауқарлы екен. Ал қарапайым Шиелінің өзінде «Шиелі құс» фермасы күніне 15 мың дана жұмыртқа шығарады. 2016 жылы жұмысын бастаған құс фермасы ең алғаш 10 мың бас тауықпен жұмыртқа өндіруді қолға алған. Араға бір жыл салып оның санын 20 мыңға жеткізген кәсіпкер кезіккен қиындықтарға қарамастан ісін жалғастырып келеді. Кешегі коронавирус індеті мен құс тұмауынан аман өткен «Мөлдір және компания» ТС басшысы, ферма қожайыны Насыр Мырзабеков 1 дана жұмыртқаны 43 теңгеден өткізіп жатқандығын жеткізді. Жұмыртқа бағасының қымбаттауына бірнеше себепті айтып өткен ол:
– Бірқатар қиыншылықтар болды. Доллар бағасы өсті, дәрумендердің бәрі сырттан келеді. Құрама жемге қосылатын бидайдың, жүгерінің, пісте май, соя, күнбағыс сығындысының бағасы 60-70 процентке дейін қымбаттады. Негізі құрама жемде 19 түрлі қоспа болады. Бұлар тауыққа қуат береді. Міне, соның бәрі қымбаттады. Осыдан келіп жұмыртқа бағасы шарықтады. Екінші бір себеп – республика көлемінде құс тұмауының белең алуы. Біз құс тұмауынан аман шықтық. Оған облыстық ауыл шаруашылығы мен ветеринар басқармалары көп көмегін тигізді. Тегін вакцина әкеліп, ветеринар мамандары салып берді. Соның арқасында тауықтар аурудан аман қалды. Десек те, осылардың бәрі, әсіресе құрама жем қоспаларының қымбаттауы жұмыртқа бағасының шарықтауына басты себеп болды. Мысалы, бір тонна жемге 25 литр өсімдік майын қосамыз. Ал өсімдік майының қаншалықты қымбаттағанын өздеріңіз білесіздер, – дейді кәсіпкер. Аңдап қарасақ бір ғана жұмыртқа қымбатшылығының артында қаншама дүние жатыр. Мәселен құс фермасындағы ахуалдың өзін алсақ, тауықтарға күніне 2 тонна жем беріледі. Ал оның 1 тоннасына 190 мың теңге қаржы жұмасалады. Одан бөлек ферма ішінің жылуына 60 мың теңге кетеді. Оған қоса 7 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер айына 600 мың теңге айлық төлейді. Одан әрі жарық пен салық тағы бар. Осы орайда «Өскен өңір» газетінің редакторы Н.Пірімбеттің әлеуметтік желіде жазған «Тауықтың жанайқайы» деген жазбасы ойға оралып тұр.
– Сонымен бүгін әлеуметтік желідегі постың дені тауық жұмыртқасының қымбаттағаны жайлы жазылыпты. Қаланың әр бұрышындағы дүкендердегі сөреде бір данасы 45-55 теңге аралығында сатылып жатқан көрінеді. Осыған наразы бәз біреулер «жұмыртқаны алмай қоялық, тауықсыз қалай таңымыз атар болса, жұмыртқа жемей-ақ жұмырға жұқ боларлық бірнәрсе табылар, өтпей шіріген жұмыртқа кәсіпкерге кесірін тигізсе баға өздігінен түседі, бағаны бақылайтын мекеме ай қарап, жұлдыз санап жүр ме?, бастысы сауда жасамайық, баға түседі» – деп даурығуда. Ойлы адамға осы пікірлер қаншалықты дұрыс өзі? Мысалы тауыққа берер жемнің бір келісінің бағасы 100 теңгеден жоғары. Дәрі-дәрмек, дәрумендер бағасы ше? Ветеринарлық дәріханаларға кіріп көріңізші. У-дай. Тауық қыста тумайды. Ол үшін қора-жай жылы, жем-суы күшті болуы керек. Хош делік! Қора-жайды жылы ұстау үшін қанша тонна көмір, газ, электр энергиясы керек? Бұлардың бағасын есептедік пе? Жем-шөп неге қымбат? Жемнің бағасы жанар-жағар май құнына тәуелді емес пе? Оның литрі 150-190 теңге аралығында. Осы негізгі керектің бәрінің бағасы ұшып тұрғанда тауық байғұс күлге аунаса болды жұмыртқа пайда болады дейді ме екен жұрт? Жұмыртқа қымбат дегенше, жанармай қымбат десеңізші. Ет қымбат дейміз мысалы, еттіңде бағасы осы жанармайға тәуелді. Қаланың жұрты? Сіз азық-түлік дүкеніне емес, әуелі жем-шөп сататын жерге барып, бағасын бақылаңыз. Мал, тауық ұстап, соны күтіп, баптап, жұмыртқа тапқызып, бордақылап, жемдеп көріңіз. Пайдаңыздан кеткен уақытыңыз бен шығыныңыз шаш-етектен. Кәсіпкер мен шаруаға обал, – деп жазды.
Жоғарыда жазғанымыздай, жұмыртқа бағасының аспандап кетуіне құс азығының қымбаттауы да себеп болып тұр. Өйткені, құс азығының қымбаттауы жығылғанға жұдырық болды. Максим Божконың мәліметіне сенсек, қазір құстардың азығы орта есеппен 20%-ке қымбаттаған. Ал, жұмыртқа бағасының 70%-ы дәл осы құс азығының құнына тікелей байланысты екенін ескерсек, онда құс тұмауын есепке алмағанның өзінде жұмыртқаның нарықтағы бағасы кем дегенде 14%-ке артқаны заңды болып шығады. Қазақстан құс өсірушілер одағы да Александр Прядконың сөзін растайды. Құстардың азықтары соңғы жылдары күрт өскен. Мәселен, арпа мен бидайдан басқа құнарлығы мол құрғақ, құрама жемдер бағасы да екі-үш есе қымбаттаған. Жай ғана Шиелідегі жем сататын орындардың өзінде бидайдың 1 келісі 150 теңгені көрсетіп тұр.
Әрине, құстардың тек шем-шөбін берумен іс бітпейді. Енді оларға да күтім керек. Түрлі дерт, құс тұмауы сынды аурулардан аман тұруы үшін дәрі-дәрмекті де уақытылы салдыруы қажет. Ал, коронавирус пандемия­сына байланысты шетелден келетін арнайы құрылғылар, ветпрепараттар, минералдық азықтар, витаминді қоспалар бағалары да шарықтап кеткен. Енді келіп осының барлығын ой елегінен өткізсек жұмыртқа бағасының неге қымбаттап кеткенін түсінуге болады. Десекте, сарапшылар жағымды жаңалықтың шетін шығарып, жазға қарсы жұмыртқа бағасының қалыпқа келетініне болжам жасап отыр.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
02 ақпан 2021 ж. 551 0