Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Домбыра күй шертпейді, сыр шертеді

Домбыра күй шертпейді, сыр шертеді

Ұлттық аспаптардың бәрі қастерлі. Ал домбыра... Қадыр ақынша айтсақ: «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра! Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек ғана: Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана!»Қазақ халқының жер шарындағы мекендеген басқа ұлт өкілдерінен ерекшелігі, ол – өзінің ұлттық музыкасының болуы.
Музыка­ мәд­ениетінің өткеніне ой жүгіртіп, әр алуан тарихи деректерге жүгінсек, халық өнерінің қоры шексіз де, музыкалық аспаптардың түрі көп болғаны анық. Өткен ғасыр­лар үніне құлақ түрсек, біздің ата-бабаларымыз тастан, ағаштан, өсімдіктен, малдың терісінен, сүйегінен, мүйізден, ішектен, қылдан т. б. алуан түрлі заттардан дыбыс шығаруға бола­­тынын аңғарып, қарапайым музыкалық аспаптар жасаған. Домбырада асқақтата ән салып, күмбірлете күй төккен өнерпаз халқымыздың асылынан артық, қастерлеп үкі таққан, жалғызындай аялап қақ төріне ілген ең қымбат, ең сүйікті музыкалық аспаптардың бірі – домбыра. Ол – қазақ ұлтының тарихында қарапайым халықтың қуанышы мен қайғы-қасіретін тең бөлісіп, ел басына қатер төнген тұста да көңіліне жұбаныш бола білген алып та, ұлы аспап. Ұлтымыз жер бетінде қазақ болып жаралғалы бері домбыра сонымен бірге жасап келеді.
Халқымыздың ғажайып бір өнерінің түрі – күй. Қос шекті домбыраның шанағынан төгілген күйді кез келген адам түсінбейді. Ол үшін жұмырбасты пенденің жаны қазақ болу керек. Күйдің тарихы көне дәуірден бастау алады. Әріге бармай-ақ, жұртымыз «Күй атасы – Құрманғазы» деп дәріптейтін дәулескер күйшінің өлмес шығармаларының өзі неге тұрады?! Дәл сондай Дәулеткерейдің, Қазанғаптың, Тәттімбет секілді саңлақ күйшілердің күйлерін тыңдағанда бойыңызды асқақ рух билеп, қазақ болып туғанына мақтанасыз. Осы ұлылардан қалған мұра бізге қасиетті қара домбыраның үнімен жетті. Олардың жолын кешегі Дина апамыздан бастап, Сүгір Әліұлы, Қали Жантілеуов, Әбікен ­Хасенов, Мағауия Хамзин, Рысбай Ғабдиев секілді тарлан тұлғалар сәтті жалғастыра білді. Қазақты танимын десең, ең алдымен домбыра үніне құлақ түр. Атақты дәулескер күйші немесе домбыра әуезімен тамылжытып ән салатын тамаша өнерпаз болмасаң да, төрде ілулі тұрған домбыраны жәйлап қолға алып, саусақтарыңның ұшымен шертіп, перне буындарын басқан сайын жаңа бір әуез естіледі, соны бір сырларын ашады, жаныңды тербейді, көңіл-күйіңді көтеріп, хош етеді. Құлағыңда бір жағымды әуез пайда болады. Ең кереметі, кеудеңде асқақ бір күш-жігер, құлшыныс, өмірге деген іңкәр құштарлық, туған еліңе, жеріңе, ұлтыңа, мынау ғажайып сырлы әлемге деген шексіз махаббат сезімі пайда болады. Бойың керемет бір жеңілдеп, мына дүниеге шыр етіп жаңа түскен сәбидей, жан дүниеңнің ғажайып бір тазаруын, мұңнан арылуын байқайсың.
Қасиетті домбыра, қазіргі тілмен айтқанда, ұлттық брендіміз. Домбыра барда қазақтың рухы ешқашан өшпейді. Әр қазақтың шаңырағында домбыраның үні күмбірлеп тұрсын!

Ақтолқын Әлжанова,
ҚМУ-нің 4 курс студенті
26 қаңтар 2021 ж. 2 408 0