Батырлар өнегесі
Дүниені дүр сілкіндірген ХХ ғасыр қанды соғыстармен қатар, хас батырлар мен даңқты қолбасшыларды да дүниеге әкелді. Осындай ардақты тұлғалардың арасында аты аңызға айналған Мәлік Ғабдуллин де бар.
Мәлік Ғабдуллин есімі ауызға алынғанда алдымен оның батырлығы айтылады. Ол ерлігімен батырлық дәрежесіне, ғалымдығымен академик мәртебесіне жеткен педагог, жазушы. Мәлік батырлар жырын зерттеп қана қоймай, сол жырлардағы ұлы рухты бойына сіңіріп, ерен ерліктер жасап, қазақ халқының даңқын биікке көтерген қаһарман тұлға. Қазақты қуантып, алғашқы батыр атағын алған ұлттық мақтаныштарымыздың бірі. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған күннен фашистердің темір құрсанған басқыншы армиясы, жолындағыны жаншып, таптап, мұрындықсыз өгіздей ілгерілей берген. Міне, сол алапатқа ең алғаш тойтарыс берген, Қазақстанда жасақталған дивизиялар болатын. Қазақтардың батырлығын қас жауымыз саналған немістердің өздері де мойындаған тарихи деректер мен дәлелдер көптеп кездеседі.
Мәлік Ғабдуллин есімі ауызға алынғанда алдымен оның батырлығы айтылады. Ол ерлігімен батырлық дәрежесіне, ғалымдығымен академик мәртебесіне жеткен педагог, жазушы. Мәлік батырлар жырын зерттеп қана қоймай, сол жырлардағы ұлы рухты бойына сіңіріп, ерен ерліктер жасап, қазақ халқының даңқын биікке көтерген қаһарман тұлға. Қазақты қуантып, алғашқы батыр атағын алған ұлттық мақтаныштарымыздың бірі. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған күннен фашистердің темір құрсанған басқыншы армиясы, жолындағыны жаншып, таптап, мұрындықсыз өгіздей ілгерілей берген. Міне, сол алапатқа ең алғаш тойтарыс берген, Қазақстанда жасақталған дивизиялар болатын. Қазақтардың батырлығын қас жауымыз саналған немістердің өздері де мойындаған тарихи деректер мен дәлелдер көптеп кездеседі.
Мәлік Ғабдуллинге имандылық, кісіге қиянат жасамау, біреудің обалына қалмау, артық сөйлемеу, сіңірген еңбегін артық бағаламау тәрізді ізгі мінездер тән. Ол естелігінде: «Мен майданда немістермен қолма-қол соғысқан адаммын. Көптеген немісті атып өлтірдім. Жаудың оншақты танкісін гранаталармен қираттым», – деп жазады. Біздіңше Мәлік Ғабдуллиннің фашистерге тартқан сыбағасы айтқанынан әлдеқанша сүбелілеу. Сұрапыл соғыстағы қаһарлы күндерде М.Ғабдуллин майдан тағдырын шешетін жауапты операцияларға басшылық жасады. Сондай бір ауыр тапсырма 1941 жылы Руза өзенінен немістерді Москваға өткізбеу еді. Сол жолы взвод автоматшылары көрші ротамен бірге жаудың шабуылын тойтару барысында қаптаған фашист қолының қоршауында қалады. Мәліктің алғыр ақылы, жауынгерлердің ынтымақ-бірлігі арқасында олар бұл тығырықтан шыға білді. Орман ішінде адасып қалған солдат топтарымен бірігіп, фашистердің мол қару жарағын, яғни 12 станокты пулемет, 20 қол пулеметін қолға түсіреді. Әрі 27 фашист тұтқыны бар, 16 жаралы жауынгерін кезектесе көтере жүріп әупіріммен дивизиясына қосылады. Мәліктің жаужүрек батырлығы жөнінде очерк жазған Борис Полевой темір өзек жауынгерлерін көзімен көріп, таңғажайып ерліктеріне елжіреген дивизия командирі генерал-майор И.Панфиловтың толғанысын былайша суреттейді. «Сұңғақ бойлы, талдырмаш жасты Панфилов ұзақ айналдырып қарады. Шынын айтқанда, Мәлік Ғабдуллиннің денесіне соғыстың әскери киімі әлі қона да қоймаған кезі еді. « – Мә, саған ғылым адамы! Жарайсың! Жаман солдат болмассың» – деді ол Мәлікке жарықшақты дауысымен. Сөйтті де, Мәлікті өзіне қарай тартып алып, кәдуілгі орыс халқының әдетінше, бетінен үш рет сүйді. Бұлардың қасында жақын тұрған адамдар, көп езу тартпайтын, салқын жүзді атақты генералдың сыр бермейтін жүзінде әкелік қуаныштың шарпып өткенін байқасып қалысты» – дейді ол. Енді бірде Ширяево селосының тұсында Мәлік Ғабдуллиннің 13 адамнан тұратын атқыштар взводы фашистердің мұздай қаруланған бір батальонға жуық әскерін тоқтатуға жарлық алды. 5 танкісін беттеріне ұстаған жаудың қалың әскері лап қояды. Екі танкісі жанып, қыруар әскерін шығындап, «темір бекіністен» беттері қайтып, оқ нөсерін аямай төккен жендеттер кері шегінеді. Олар Қеңес автоматшыларын түгел жойдық деп ойлайды. Рота олардан хабар ошарын үзеді. Топырақтың астында қалып, бірер адамынан айрылған атқыштар взводы айлалы да батыр саяси жетекшісінің бастауымен фашистердің тылын, 6 қапысын тауып айналып өтеді. Өзінің мүддесін ойламайтын, ақыл-парасат, сабырлық, әділдік, шыдамдылық, қайсарлық бойына берік ұялаған Мәлік соғыста жауды қырудың, одан айласын асырудың әдісін аз уақытта шебер меңгеріп, жауынгерлерін де фашистермен шайқасқа жолбарыстай тайсалмай ұмтылуға баулуды өзінің басты парызы санаған. Бұл жолы да взводтың бірлігі мен қатал тәртібі арқасында фашистердің темір шеңгелінен қылшығы құламай қатары көбейіп, тіпті алып денелі Коваленко досы тауып алған 4 жасар «взвод баласы» Вованы ертіп ротасымен тағы да қауышудың сәті түскенде мұндағылардың тілі байланып қала жаздайды. Өйткені, 13 автоматшысынан ұшты-күйлі айырылған рота командирі, кіші лейтенант Аникин, саяси жетекші Жетпісбаев, полк командирі Капров пен саяси жетекші Мұхамедьяровтың атына: «Сіздерге, бүгін 16 қараша күні (1941 жыл) таңертеңнен бері Ширяево селосы маңында немістер біздің қорғаныс шебімізге бір батальон жаяу әскерімен, 5 танкісімен шабуылға шыққанын хабарлаймыз. Кескілескен ұрыста біздің жауынгерлер темірдей беріктік, шын мәніндегі батырлық үлгісін көрсетті. Әсіресе, саяси жетекші М.Ғабдуллиннің автоматшылары ерекше көзге түсті. Немістің 2 танкісін қиратып, 150 жау солдатын құртқан автоматшылар қоршауға түсті де, түгелдей қаза тапты» – деп жедел хат жолдапты. Міне сол сәтте арыстан бітімді автоматшылар достарының көзін «атыздай қылып» «о дүниеден» оралған екен.
Рамазан Бектұрғанұлы