Сиыр жылы: даталар сөйлесін
Коронавирус. Пандемия. Карантин. Блок-бекет. Бетперде. Бұл әуресі мен әлегі көп өткен жылдағы ең танымал сөздер. Оқып отырып біраз дүниелер ойға түседі. Не дегенмен, уақыт заңдылығына сай тышқан жылы да тарихтың терең қойнауына енді. Сәйкесінше, ай мүйізін ақырын шайқап, Зеңгі баба түлігінің табылдырықтан аттағанына 19 күн болды. Олай болса, осы жылдың маңызды күндері мен даталары қандай?
Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, биыл «Тәуелсіздігіміз жарияланған 1991 жылғы 16 желтоқсан – ұлт шежіресінде алтын әріппен жазылған тарихи күн». Жуырда шыққан Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы елдік мүддемен тығыз астасқан. Яғни, Президент егемендігіміздің мәңгілік үштағанын тайға таңба басқандай етіп атап көрсетті. Ол – кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған – қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан – береке-бірлігіміз. Ақиқатында, үш құндылық егемен елдің өткені мен бүгінін екшелеп, ертеңі мен болашағын бағамдаудағы баға жетпес құндылықтарымыз. Сонымен қатар көздің қарашығындай сақтап, қазақтың қазақ екенін айқындайтын қазынамыз. Иә, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы барша қазақ елі үшін маңызды дата. Бұл бір тарихи жыл болмақ.
Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, биыл «Тәуелсіздігіміз жарияланған 1991 жылғы 16 желтоқсан – ұлт шежіресінде алтын әріппен жазылған тарихи күн». Жуырда шыққан Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы елдік мүддемен тығыз астасқан. Яғни, Президент егемендігіміздің мәңгілік үштағанын тайға таңба басқандай етіп атап көрсетті. Ол – кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған – қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан – береке-бірлігіміз. Ақиқатында, үш құндылық егемен елдің өткені мен бүгінін екшелеп, ертеңі мен болашағын бағамдаудағы баға жетпес құндылықтарымыз. Сонымен қатар көздің қарашығындай сақтап, қазақтың қазақ екенін айқындайтын қазынамыз. Иә, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы барша қазақ елі үшін маңызды дата. Бұл бір тарихи жыл болмақ.
Биыл ұлы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл, «Даланың бұлшық еті» атанған әйгілі балуан Қажымұқанға 150 жыл толмақ. Бұл да дәстүр бойынша ел көлемінде атап өтілері анық. Сонымен қатар «Халық үшін жүрек майын шам қылған» алаш арыстары Әлихан Бөкейханның туғанына 155, Ахмет Бірімжановқа 150, Әлімхан Ермековке 130, Жақып Ақбаевқа 145 жыл толады.
Бұл бір маңыздылығы орасан жыл болмақ. Неге десеңіз, Кеңес дәуірінде қазақтан шыққан тұңғыш әскери қайраткер генерал-майор Шәкір Жексенбаев, ақын жазушы, аудармашы Қалмахан Әбдіқадыров, әнші-сазгер, қазақ өнерінің майталманы Манарбек Ержанов сынды тұлғалардың туғанына – 120 жыл. Мұнымен қоса композитор, музыка зерттеуші-педагог Ахмет Жұбанов, Қазақстанның халық әртісі, ескі Әнұран авторы Латиф Хамиди, қоғам қайраткері, биология ғылымдарының докторы Кәрім Мыңбаев, танымал жазушы Сейітжан Омаровтың туғанына – 115 жыл толады екен.
Сол сияқты биыл жалынды ақын Қасым Аманжолов, жазушылар Ғабдол Сланов пен Зейтін Ақышовтың туғанына 110 жыл толса, Қазақстанның халық жазушы Хамит Ерғалиев, майдангер-жазушы Баубек Бұлқышев, қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы, Абайтану ғылымының негізін салушы Қайым Мұқамедханов сынды қатарлы тұлғалардың туғанына 105 жыл толмақ.
Одан өзге осы жылы атақты заңгер, академик Салық Зиманов, Қазақстанның Халық жазушысы Тұрсынхан Әбдірахманова, түркітану ғылымының негізін қалаушы, филология ғылымдарының докторы Ғұбайдолда Айдаровтардың 100 жылдық, даңғыл ақын Мұқағали Мақатаев, мемлекет қайраткерлері Өзбекәлі Жәнібеков пен Өмірбек Жолдасбековтің 90 жылдық торқалы тойлары өз кезегін күтері хақ.
Тізімді әрі қарай тізбектер болсақ, атақты ақын Олжас Сүлейменов, ақын Марфуға Айтхожина, жазушылар Сайын Мұратбеков пен Қабдеш Жұмаділов, академик Өмірзақ Айтбаев, өнер қайраткерлері – Сәбит Оразбаев, Фарида Шәріпова және боксшы Әбдісалан Нұрмахановтардың туғанына биыл 85 жыл толады екен.
Бұларға жалғас танымал ақын-жазушылар Бексұлтан Нұржекеев, Исраил Сапарбай, Сұлтан Оразалы, Тұрсынзада Есімжанов, өнер қайраткері Есмұхан Обаев, академиктер Еділ Ерғожин мен Мұрат Жұрынов 80 жасқа толар болса, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, дүниеден өткен қолөнер шебері Дәркембай Шоқпаров пен сазгер Кеңес Дүйсекеев 75 жастың биік белесіне шығатын көрінеді.
Байыптап қарасаңыз, 2021 жыл – ұлт руханияты үшін даталы оқиғаларға толы. Атап айтқанда, 1911 жылы 16 наурызда Ордада Ғұмар Қараш, Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев қатарлы алаш арыстарының атсалысуымен «Қазақстан» атты газет шықса, осы жылы А.Байтұрсыновтың «Маса» атты өлеңдер жинағы, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегі, Шәңгерей Бөкеевтің «Шайыр», «Көк селдір» атты өлеңдер жинағы Орынборда жарық көрді. Сонымен қатар 1911 жылы «Айқап» журналы өмірге келсе, ХІХ ғасырдағы қазақ ауыз әдебиетінің белді өкілдерінің бірі ақын Шортанбай Қанайұлының «Бала зары» атты өлеңдер жинағы Қазан қаласында басылып шығыпты. Бұл жоғарыда аталған құнды еңбектерге биыл 110 жыл толып отыр.
Келесі бір тарихи оқиға – 1916 жылы патшалық билікке қарсы қазақ даласында өрбіген ұлт-азаттық қозғалысқа 105 жыл болса, 1921 жылы 22 наурызда Ташкентте «Жас алаш» газеті жарық көріп, 14 наурызда Верный қаласын «Алматы» деп атау жөнінде Түркістан ОАК қаулысы шықты. Бұл даталы оқиғаларға биыл – 100 жыл.
Сол сияқты 1926 жылы 26 ақпан мен 6 наурыз аралығында Баку қаласында Бүкілодақтың І Түркология съезі өтіп, оған Қазақстан атынан А.Байтұрсынов пен Н.Төреқұлов бастаған өкілдер қатысты. Бұл оқиғаға биыл 95 жыл толса, осыдан 85 жыл бұрын 1936 жылы 5 желтоқсанда ҚазАССР-і КСРО-ның құрамындағы Одақтас Республика ретінде қайта құрылды.
Әзірлеген
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ