Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Құйма құлақ бол балам» деуші еді

«Құйма құлақ бол балам» деуші еді

Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Сондықтан да болар, мықты әрі тұғыры берік. Осы орайда, ұрпақтарына салты мен дәстүрі арқылы ұлт қасиетін, әдет-ғұрыппен өнегені, жөн- жосықпен үлгіні көрсетіп, ырым-тиым арқылы әдепті ұрпақ –ұлағатты ұл, инабатты қыз өсірген. Халқымыздың мызғымас заңына айналған әдет-ғұрып бабалардың салып кеткен сара жолы.
«Қонақ келсе құт кірер» деп қай кезде де қонақжайлығынан жаңылмаған халқымыз қонағын құдайындай сыйлаған. Арнайы мал сойылып, қадірлісінің алдына бас тартылған. Әрбір дәстүрінің астарында терең пәлсапалық мағына жатқан халқымыз сойылған малдың әр мүшесінің тартылатын табағына сай орны, жөні мен реттілігін қатты сақтаған. Сондықтан келген қонағына қабағымен тамағын қатар ұсынып, әр табақтың тартылуына ерекше ден қойған.
Бұл мақаланың жазылуына түрткі болған негізгі ой да осы дәстүрлеріміздің ұмыт болып бара жатқандығынан туып отыр. Соның ішінде балаға құлақ ұстату үрдісі. Көп той-жиындарда көзіміз куә көріп жүрген жайт – ұсақ малдың басы ұсынылған ақсақалдың алдынан құлағымен қайтатындығы. Негізінен бата жасап, бас кескен жасы үлкен кісі алдымен, бастың бір езуінен кесіп алып ауыз тиіп, оң жақ құлағын кесіп алып, жасы кіші баланың бірін шақырып, «балам, құйма құлақ бол, өсиет тыңда, өнегелі болып, үлкендердің айтқанын жерге тастама!» деп өз әрекетінің астарын жеткізу арқылы жауапкершілік жүгін артқан. Әрдайым осылайша ақылдың мөлдір бұлағынан сусындап, кеңінен көңілдеріне жақұт құйған жампоз жандардан әдебиетіміз бен мәдениетіміздің майталмандары, тарихи тұлғаларымыз туған. Ал бүгінде қалай? Сіздер жоғарыдағыдай ізгі ниетпен балаға құлақ ұсынып, үлкеннің тілегін тыңдап, құшырлана құлақ жеген баланы көріп жүрсіздер ме? Жоқ. Балаға құлақ беріп көріңізші. «Мынау немене, жүн-жүн!» болмаса, «мынаны жеуге бола ма, қай жерін жейді қатты, етсіз?» деп тамырсыз өскіннің сұлбасындағы жеткіншек лақтырып жібереді. Тамырсыз демей не дейін? Аталық ақылдан ада, дәстүрден бейхабар баланы. Тамырдағы нәр өскіннің өзегіне жетпесе, өскін қурап, тамырын тереңге жайып, жайқалмастан қуарып қалмай ма? Міне, біздің айтпағымыз да осы. Аузында аталы сөзі бар баталы қарттар мен қариялар балаларына, немерелеріне санадағы бабаларымыз өмірінің өрнегіне айналдырған салты мен дәстүрін, әдебі мен ғұрпын насихаттап, жеткізіп отырса, қоғамымызда орын алып жатқан бейәдеп құбылыстардың қорқынышты көріністері орын алмай, айналып өтері хақ.
Даналық пен тектілік қанында бар қазақтың сайын сары даласының төсінде небір құйма құлақ, таңдайына бұлбұл ұя салған жыршылар мен сал-серілер, күміс көмей әншілер, тыңдаушысын ұйытатын күйшілер өмір кешкен. Жазу-сызу болмаған кезде де өнегелі өмір жалғасын тауып, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа айна-қатесіз сақталып отырды.
Сол құлақ жеп, атаның ақылын тыңдап, салтымызды санамызға сіңіріп өскен бабалардың жолымен жүрсек алдымыздағы асқарлардың бағытынан адаспасымыз анық. Біздің айтпағымыз қариялардың аузында батаға толы аталы сөзі болса, осы тұрғыда жүйелі жұмыстар жасалып, бала тәрбиесінде бостық танытпасақ екен. Үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер кеңесі, әйелдер кеңесі бабалардың сара жолына үңіліп, іс-шаралар салт-дәстүрмен астасып, жаңа заманның талабымен жаңғырып жұмыс жасаса кеткеніміз келіп, жоғымыз түгенделер еді. Мұны отбасында ата-ана, мектепте ұстаз, көпшілік ортада қариялар жас ұрпақтың санасына сіңіріп отырса, болашақ баспалдағына бастаған қадамымыз нық болары айқын.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
08 қаңтар 2021 ж. 598 0