Электронды көрсетілген қызметтер үлесі 40 пайызға артты
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, облыс бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласын бақылау және мониторингтеу жұмыстарын жүргізеді.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісі мейлінше оңтайландырылуға тиіс. Құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою керек. Бұл орайда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшіру қажеттігін атап өткен болатын. Сондай-ақ, Елбасы биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында мемлекеттік қызмет көрсетуде цифрландыру қажеттігін тапсырды. Осы бағытта департаментпен көптеген жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде электронды қызметтер үлесі 40 % артқан.
Облыстың орталық және жергілікті атқарушы органдарымен 2017 жылы 4 173 466 қызмет көрсетілсе, оның 40 % электронды түрде, 14% мемлекеттік корпорация арқылы, 46% мемлекеттік органмен қағаз жүзінде көрсетілген.
2016 жылы электронды қызметтер үлесі 12% құраса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 40% құрап, 3,5 есеге көбейген.
Ал, мемлекеттік органның тікелей өзімен қағаз жүзінде көрсетілетін қызметтер саны 25% төмендеген.
Облыстағы электронды қызметтер үлесін арттыру мақсатында департамент қызметкерлерімен халықтың көп шоғырланған аймақтарында E-gov электронды үкімет порталымен қызмет алуды насихаттау мақсатында акциялар, мектеп оқушылары мен жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттерінің қатысуымен құқықтық оқулар өткізілуде.
Сондай-ақ, шалғайдағы елді-мекен тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді E-gov электронды үкімет порталымен алуды насихаттау мақсатында мемлекеттік қызмет көрсету жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет көрсету орындарында бейнероликтер көрсетілсе, қызмет көрсету кезінде кезектілікті болдырмау мақсатында электронды терминалдар орналастырылды.
Қазіргі таңда, облысымыздағы мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері мен бюджеттік сала қызметкерлеріне, мектеп оқушыларына, қала, аудан тұрғындарына E-gov порталымен жұмыс жасау дағдыларын үйрету жұмыстары өз жалғасын табуда. Департамент өз құзыреті шегінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласында сыртқы бақылау жұмыстарын жүргізеді. Бақылау дегеніміз – мемлекеттік органның қызметіне тексеру және мониторинг нысанында жүзеге асырылады. Жалпы, 2017 жылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамасының сақталуы бойынша департаментпен барлығы 38 мемлекеттік органда тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесімен 27 209 заң бұзушылықтар анықталды, яғни, 2016 жылмен салыстырғанда 25 259 заң бұзушылыққа артқан. Оның ішінде, көптеген заң бұзушылықтар қызмет көрсету тәртібін бұзу (15 900), стандартта көзделмеген құжаттарды талап ету (10 933), толық емес құжаттар бола тұра қызмет көрсету (267), стандартта көрсетілген қызмет көрсету мерзімдерін сақтамау (72), қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту (3), өзге де заң бұзушылықтар (34).
38 мемлекеттік органда жүргізілген тексеру нәтижесі бойынша заң бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік органның 37 қызметшісіне тәртіптік жаза қолданылса, 1 лауазымды тұлғаның ісі департамент жанындағы әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралып, «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Егер тексеру нәтижесімен қылмыс белгілері анықталса тиісті уәкілетті органға материалдары жолданады, егер әкімшілік белгілер анықталса мемлекеттік органның бірінші лауазымды тұлғасына департаментпен әкімшілік хаттама толтырылады.
Департаментпен ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің» 465-бабының 1-бөлігіне сәйкес қызмет көрсету мерзімдерін сақтамағаны үшін 1 лауазымды тұлғаға, осы Кодекстің 465-бабының 2-бөлігіне сәйкес қызмет көрсету тәртібін бұзғаны үшін 3 лауазымды тұлғаға жалпы, 5 әкімшілік хаттамма толтырылып, сотпен тиісті шешім қабылданды. Сотта қаралған 5 әкімшілік хаттамалар бойынша мемлекеттік қаржысына өндірілген айыппұл мөлшері 499 180 теңгені құрайды.
Агенттік тапсырмасына сәйкес 2017 жылдың мамыр айынан қазіргі күнге дейін үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірлесіп «Жасырын сатып алушы» жобасы жүргізілуде. Жобаның мақсаты – қоғамда орын алып жатқан әкімшілік кедергілерді анықтау. Қазіргі таңда, 52 мемлекеттік органда аталған жоба нәтижесімен 130-ға жуық заң бұзушылықтар бойынша 10 лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолданылды.
Мемлекеттік орган қызметкерлерінің тәртіптік, әкімшілік жауапкершілігін қарамастан бұрын, алдын алу жұмыстарын жүргізу мақсатында департамент тарапынан ҚР Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы құқықтық актілеріне түсіндірме жұмыстары, құқықтық сабақтар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіліп тұрады. Жалпы, департаментпен былтырғы жылы 154 түсіндірме шаралары өткізілген.
Қызмет алу кезінде қызмет алушылардың құқықтары бұзылған жағдайда, әкімшілік кедергілер орын алған жағдайда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің сайтына (kyzylorda.adgspk@kyzmet.gov.kz) немесе 8 (7242) 70-56-36 сенім телефонына шағымдана аласыз.
Ержан Қарымсақов,
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті
басшысының орынбасары.