Дайын кеспеден келер кесел көп
«Ас – адамның арқауы», «Ауру – астан, дау – қарындастан», «Ас ішіп ауырғанша, аш болып сау жүр» деп тізбектеліп кете беретін мақал-мәтелдің көбісі астың адам өмірінде қандай орын алатынын аңғартса керек-ті. Иә, адам баласы бір күн ақшасыз, яки телефонсыз тіпті басқа да тұрмыстық жабдықтарсыз өмір сүре алады. Ал ауқаттанбай бір күн тұрмақ, бірнеше сағат жүру мүмкін емес. Мұндай жағдайда денсаулыққа дерт жабысатыны белгілі. Осыдан болар медицина мамандары мен диетологтар қандай жағдай болсын уақытылы тамақтануды қадағалау керегін айтуда. Алайда қазір күйбең тірліктің қамымен жүрген жұртшылықтың тағам дайындауға ғана емес, дұрыс тамақтануға да уақыты бола бермейді. Сондықтан қолы қалт ете қалған жандар әп-сәтте дайын болатын тағаммен қарын тойдыруға мәжбүр. Әсіресе, студенттер мен жұмысбасты адамдардың асы – тез әзірленетін кеспе.
Қоғам бір орында тұрмайды, ол әрдайым даму үстінде. Көзімізді ашып-жұмғанша кешегі таңсық дүниеге бүгін ешкім қызықпауы мүмкін. Сол сияқты жаңа дәуірдің бірден бір жаңалығы – жартылай дайын өнімдердің пайда болуы. Бұған дейін донер, пицца, бургер сынды фаст-фуд тағамдары мақаламызға арқау болған еді. Енді міне, санаулы минуттарда дайын болатын кеспе туралы тарқатқанды жөн санадық. Себебі бұл кеспелер қазір сұранысқа ие. Оның сұранысқа ие болуының бірінші себебі арзандығында жатса керек. Әсіресе, жастар және жалғыз тұратын жандар үшін тиімді. Бір қызығы, бұл кеспелер біздің елде ғана емес милиардтаған тұрғыны бар елдерде де пайдаланылады. Тіпті азуын айға білеген жапондықтардың да сүйікті асы. Бір сөзбен айтқанда Жер шарында әрбір 4 минут сайын бір адам тез дайындалатын кеспемен ауқаттанады. Деректерге сүйенсек, «Роллтон», «Доширак» сынды әртүрлі фирмалар шығаратын кеспелердің тарихы сонау қытай-жапон соғысымен байланысады. Қытай армиясының әр сарбазына құрғақ азық-түлік ретінде кептірілген кеспелерді берген екен. Оны сарбаздар печенье секілді жеп, асқазанын алдауға тура келген. Уақыт өте келе бұл кеспені суға бұқтырып жеуге болатынын ойлап тапқан. Бүгінде аталған тағамды әлемде әртүрлі фирма жасайды. Алайда барлығының дәмі бір-бірімен ұқсас екені даусыз. Мұны біз 22 жасар аудан тұрғыны Мадинаның сөзіне қарап топшыладық.

– Студент кезде менің сүйікті асым «Роллтон», «Доширак» болды десем өтірік емес. Ол кезде қалтада ақша болсын, болмасын бірінші тез дайындалатын кеспені алатынмын. Өйткені, ол уақыт үнемдейді. Бір жағынан жатақханада екі-ақ қыз тұрдық. Шыны керек тамақ дайындауға ерінеміз. Кейде сырттан фаст-фуд өнімдерін жей саламыз. Алайда дайын кеспе жеген кездеріміз көп. Тіпті барлық түрін татып көрдік десем жаңылыспаймын. Бірақ барлығының дәмі бір. Бұдан денсаулығымның қандай болғаны белгісіз, тек білетінім қазір үйде, ата-анамның қасында жүрсем де сол дайын кеспелерге аңсарым ауып тұрады, – дейді Мадина Қайратқызы.
Студенттердің жаңа өмірі басталғанда дайын кеспемен тез «достасатыны» белгілі. Бірақ олардың көбі осындай тағамды тұтынамын деп денсаулығын құртып алмаса игі. Бұлай деуімізге диеотолгтар мен дәрігерлердің дабыл қағуы себеп. Өйткені дайын кеспенің құрамында әйгілі амин қышқылы – натрий глютаматы бар. Ол дәмдеуіш пен консервант ретінде қолданылады. Аталған тағамдық дәмдеуіш ағзаға зиянды канцерогендік зат болып есептелгендіктен әлемнің біраз елінде мұны тағамға қосуға тыйым салған. Тағы бір ескеретін жайт, дайын кеспелерге эмульгатор мен хош иістендіргіш «Премикс» тағамдық қоспасы қосылады. Осы қоспаның әсерінен құрғақ кеспе қайнаған суға тез ериді және хош иіс береді. Әрине, мұндай жасанды жолмен хош иіс бергіш химияның ешқандай пайдасы жоқ. Керісінше, басыңызға үйіп-төгіп кесел әкелетіні ғажап емес. Ел аузында «китайский суп» аталып кеткен кеспенің осындай зиянын айта жөнелсеңіз, «жау шаптырып жатырсын» деп әңгімеден басын ала қашатындар бар. Я болмаса «Мұның бәрі интернеттің өтірік болжамдары» деп иланбайтындар да кездеседі. Сондықтан біз Шиелі аудандық емханасы профилактика бөлімінің меңгерушісі, терапевт-дәрігер Гүлмира Оразбековадан тез дайындалатын кеспенің пайдасы мен зияны туралы сұрап көрдік.
– Адам ағзасы үшін тамақтану өте маңызды. Бұл жерде жай ғана тамақтану емес, дұрыс ауқаттану қажет. Құрамында майы аз, ақуызы, дәрумені көп асты тұтынған абзал. Ал дайын кеспе туралы айтар болсақ, оның пайдасынан зияны көп. Бұл әсіресе, асқазан-ішек жолы, жүрек және бүйрек аурулары бар адамдардың денсаулығына кері әсер етеді. Кеспенің өзі емес, сорпасы көп кесел тудырады. Себебі оның ащы бұрышы мен тұзы көп. Сондай-ақ жылдам пісетін кеспенің макарон өнімінде гидрогенді майлар болуы мүмкін. Солар ағзаға ең зиянды. Не десек те тез пісетін кеспе ыстық тамақтың орнын алмастыра алмайды. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында жылдам тамақтану үрдісі қалыптасып кеткені өкінішті. Тек мұндай кеспелерге ғана емес, тұрғындар газды сусынға және фаст-фуд өнімдеріне құмар. Қазір артық салмақты арқалап жүргендер артып келеді. Олардың көбі көмек сұрап келгенде ең бірінші дұрыс тамақтану режимін жасап береміз. Бұрын тамақтану пирамидасы деп атайтын едік, қазір «қазақтың жаңа табағы» дейміз. Мектеп оқушылары мен жасөспірімдерге алдын ала кеңес жүргізіп, дұрыс тамақтану салтымен таныстырамыз. Мұны көбіне аймақтық дәрігерлер атқарады, – дейді дәрігер.
Әрине, дәрігердің ескертпесіне құлақ асу, аспау – әркімнің қалауы. Бірақ денсаулықтың бізге берілген ең бірінші аманат екенін естен шығармаған абзал. Сондықтан қолдан келгенше салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтануға тырысу керек. Бұл орайда тек дайын кеспеден ғана емес, өзге де фаст-фуд тағамдарынан және қытырлақ картоп, кептірілген нан сынды ағзаға ауырлық тудыратын астан да бас тартқан жөн.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА