Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЕМІЗДІКТІҢ СЕГІЗ АЯҒЫ БАР

СЕМІЗДІКТІҢ СЕГІЗ АЯҒЫ БАР

«Ауру – астан» демекші, бойдағы дерттің көбі дұрыс тамақтанбау салдарынан болатынына мән бермейміз. Үлкендерді айтпағанда, соңғы кезде балалар арасында астан ауру табу белең алды. Соңғы уақытта адамдар жиі шалдығатын ас қорыту жүйесі аурулары, семіздік, қант диабеті, қан аздық сынды сырқаттарды мамандар дұрыс тамақтанбау салдарынан болатынын айтып, дабыл қағып жатыр.
Бүгінде семіздікті қауіпті дерт демес­ке амал жоқ. Дүниежүзілік денсаулық cақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемде семіздік дертіне 2 миллиард халық шалдыққан. Өлім-жітімнің 60%-ға жуығы дұрыс тамақтанбаудың салдарынан болады екен. Бұрын семіздік жасанды тамақ жеп, аз қимылдайтын, жайлы өмір сүруге бейімделген Батыс елдеріне ғана тән секілді еді. Қазір ше? Бүгінгі таңда еліміздегі екі кісінің бірінде артық салмақ бар, ал он баланың біреуі семіздікке шалдыққан. Енді бір дерек, 70 жылдары Қазақстандағы семіздік 25%-ды құраса, қазір бұл көрсеткіш 50%-ға тұрақтаған. Кітаптан оқып білгеніміздей, бір бағланды бір өзі тауысып жеген батыр бабаларымыз еңгезердей болғанымен, салпы қарын, бос бұлшық еттен ада болған. Өйткені олар табиғи таза өнім тұтынып, көп қимылдаған.
Тамақтану туралы осыдан екі жыл бұрынғы жаһандық есепке назар аударсақ, балалар арасында тамақтануға байланыс­ты екі кемшілік байқал-ған. Оның бірі – құнарлы тамақ жетіспеу салдарынан балалар мен жасөспірімдердің 10 пайыздан астамының бойы әлеуетті өсу деңгейіне жетпеген. Ал екіншісі – семіздік. Орталық Азия – балалар семіздігінің таралуынан әлемде екінші орында. Тамақтану әдеті бала кезден қалыптасады. Сондықтан бұл мәселеге ата-аналар да баса назар аударуы керек.
Көбіне технологиялық қайта өңдеуден өткен және тағамдық құндылығы төмен азық-түлік өнімдері қолжетімді бағамен ұсынылады, ал сіңімді тағамдар қымбат және барлық жерден табыла бермейді. Бұл да адамдардың дұрыс, сапалы тамақтанбауына бір себеп. Оның үстіне барлық мектептегі балалардың тамақтану сапасы жоғары деп айта алмаймыз. Мысалы, мектептерде балалардың біразы дайын тұрған тамақты ішпей қалдырып кетеді. Бұл не деген сөз? Әрине дәмі мен сапасы жоқ. Көп жағдайда тағам дайындайтын компаниялар төмен бағамен тендер сатып алады. Оған жақсы тамақ дайындауға бола ма? Осы мәселеге жергілікті билік бей-жай қарамауы қажет. Себебі соңғы уақытта балалар арасында әсіресе, семіздік белең алып барады. Асқазан, ішек, көз, жүйке аурулары да бірнеше есеге өскен. Өкпе, жүрек аурлары көз ауруынан кейін екінші орында тұр. Деректерге сүйенсек А, В дәрумендері, йод жетіспейтін балғындар да көп. Бұл олардың ойлау қабілетін төмендетеді. Мұның барлығы – сапалы тамақ ішілмегеннен. Оның үстіне үйдегі және мектептегі тамақтың арасында сабақтастық жоқ. Мысалы, мектепте газдалған сусындарды сатуға тыйым салынғанымен, үйге барып ішіп қоюы мүмкін.
Әрине жастар мен жасөспірімдердің семіздікке шалдығуы ең алдымен фаст-фудпен және газдалған сусындармен байланысты екені сөзсіз. Ата-аналар жұмысбасты. Балаларына тамақ істеп берулеріне уақыттары жоқ. Осыдан соң балалар фастфуд жемегенде, семірмегенде қайтеді?
Баланың дұрыс тамақтануына сәби кезінен көңіл бөлу керек. Мамандардың айтуынша, жаңа туған нәрестенің алты айға дейін тек ана сүтімен қоректенуі маңызды. Су берудің де қажет жоқ. Алты айдан кейін ғана аздап қосымша тамақтар беруге болады. Ең бастысы құрамы мен құнарына жауапкершілікпен қараған жөн. Бала сұрады екен деп, не жегенін қызық көріп, пайдасынан зияны басым тәтті мен құнарсыз тағамға бейім қылмайық. Себебі кейін тамаққа тәбеті болмай, тек фаст-фуд жеп, коладан өзге сусын ішпейтін баланың денсаулығы сыр бергенде сан соғып қалатын да өзіміз. Ал сіз балаңыздың тамақтану тәртібіне қаншалықты көңіл бөлесіз?
Халқымызда «Семіздіктің сегіз аяғы бар» деген сөз бар. Деніміз сау болсын десек, сол аяқтарды басып кетпей, абайлап жүру керек. Өйткені тән саулығы мен жан саулығы өз қолымызда.

Г.ЯХИЯ
17 қараша 2020 ж. 652 0