Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалжалы анадан олжалы ұл өседі

Қалжалы анадан олжалы ұл өседі

Жаңа босанған Жансая күтпеген жерден ауырып, аурухана төсегіне таңылып қалды. Дәрігерлер де мән-жайды толық түсіндіріп бере алмай, тек әлсіздік дегеннен ары аса алмады. Ал ата-анасы болса не істерін білмей құрақ ұшып жүр. Хал-ахуалын Жансаяның өзінен сұрап көріп еді, ол «Білмеймін, денем қалшылдап, өзімнен өзім әлсіздене қаламын» деп жауап берді. Ет-жақындарының барлығы «Апыр-ау, бұл не?» деп уайымдап қалған. Сонда әулеттің үлкені, ақ жаулықты әже Зәуре жаңа босанған келінге қалжаның дұрыс берілмегенін айтып көңілі кірбің тартты. Жансаяның қайынжұрты заман ағымына ілесіп, бұл үрдіске аса қатты мән бермеген еді.
Расында, кейде «Заманына қарай адамы» деп кей дәстүрлерді шетке ысырып қоятынымыз бар. Бірақ айналып келгенде қазақ халқының қанына сіңген дәстүрлердің ойдан шығарылған нәрсе емес екенін түсінеміз. Сондай сәтте ата-бабаларымыз барлығын қалай білген деп таң қаласыз. Олар осыдан талай жыл бұрын ешқандай аурухананың табалдырығын тоздырмай, дәрігердің көмегіне жүгінбей, халық емі арқылы өзіндік тәжірибеден өткізген. Қалжа да сондай ем-домның бір түрі. Бұл әсіресе, жаңа босанған әйелдер үшін өте маңызды.
Қазақта «Қайратты ерді қайратты әйел ғана дүниеге әкеледі» деген ұғым бар. Осы сөзге қарап қалжаны әрқашан дәстүрдің тозығы емес, озығы деп қабылдау қажет. Себебі жаңа босанған ана ерекше күтімді талап етеді. Босанғаннан кейін әйел ағзасының тыңайып, күш-қуатының қалпына келуіне 6 айдан 2-3 жылға дейін уақыт керек. Бұл ретте мал сойып, қалжа беру баланың ғана емес ананың да денсаулығына маңызды. Ал қалжа дегеніміз – келінге арнап байланған қой. Тіпті сәбидің де болашағына осы қалжа әсер етеді деген ырым бар. Сондықтан көпті көрген кісілер ынжық, болбыр, қажырсыз жігіттерді көрсе «Өй, немене анасы қалжа жемеген бе?» деп қағытқан. Ал керісінше қайратты, жігерлі жігіттерге риза болғанда «Анаң қалжаны дұрыстап жеген-ау» деп әзілдескен. Сондай-ақ «Жас ананың тісі әлсіз болады, түсіп қалуы мүмкін» деп суық ас жегізбеген. Енелер келіндеріне қойдың етін ұсақтап турап, сорпа дайындап берген. Жақсы қалжаланған келіннің сүйектері қақсамай, тістері түспей, буындары жақсы, алты күннің ішінде үй тірлігіне араласып кеткен.
Қалжаға қой союдың да өзіндік себебі бар. Себебі қой етінің құрамында темір, фосфор, ақуыздар мол болса, холестерин аз болады. Жас анаға қалжа беру дәстүрі туралы батыр Бауыржанның келіні З.Ахметованың жазбаларында да кездеседі. Оның салт-дәстүр туралы толғамдарына көз жіберсек, қазақтың жас босанған анаға ешкінің етін суық болады деп жегізбегенін байқаймыз. Бұрын бұл салттың қасиетіне ерекше мән берілген. Тіпті сіңірі шыққан кедейдің өзі дүниеге енді сәби әкелген анаға қалжа жегізуге тырысқан. Мұндайда ата-бабаларымыз жоқ-жітіктің зардабын тартып, қалжа союға мүмкіндігі болмаған отбасыға бейжай қарамаған. Ауқатты адамдар қалжаны өзі әкеп беріп, қолқабыс еткен. Өйткені қалжа беру сауабы мол игі іс деп саналған.
Бұдан басқа қалжа туралы мәліметтерді кездестіруге және көп жасаған кісілерден естуге болады. Соның бірі – Адам ата мен Хауа ананың басынан өткерген оқиғасы. Адам ата мен Хауа ананың ұлдары Шиш дүниеге келгенде көктегі періштелер шаттанады. Барлығы Адам атаға құтты болсын деп, Аллаға мақтау айтады. Сол сәтте Жебірейіл періште Адам атаға келіп:
– Уа, Адам, саған Ұлық Алладан уахи ала келдім. Қазір жұбайың әлсіз. Оған күш-қуат керек. Отардың ішіндегі семіз ұрғашы қойды сойып, жұбайыңа ас әзірле. Сорпасын ішіп, терлесін. Қойдың қуаты келіншегіңнің күшін қалпына келтіреді. Бойындағы жел-құзы шығады әрі сәбиіңе құнарлы ас болады, – дейді.
Міне, осыдан-ақ қалжаның қасиетті екенін байыптасақ болады. Демек қалжа жегізуді тұрмысымызға түбегейлі енгізіп, санамызға сіңірсек бірталай аурудың бетін қайтарамыз. Әсіресе, кейбір балалардың қажырсыз, әлжуаз, әлсіз болуы қалжаның қадіріне жетпегеннен болу керек. Ендеше ұрпақты жалғастыратын сәби үшін қой союдан аянып қалмайық.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
02 желтоқсан 2020 ж. 648 0