Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирус. Қоғам. Жұмыссыздық

Коронавирус. Қоғам. Жұмыссыздық

Төрткүл дүниені тентіреткен індеттен көп мекеме жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Дәл бүгінгідей шекара біткен тарс жабылып, шаруашылықтың тұралап қалуы бұрын-соңды болмаған жайт. Жұмыссыз қалған бұқараға көмек көрсетуге мүмкіндігі бар елдердің дағдарыста абыржи қоймағаны анық. Біздің ел де қаржысы бар мемлекеттердің санатында. Дей тұрғанмен келер күннің тыныс-тіршілігін бүгіннен ойлауымыз қажет. Себебі алда болжамды екінші толқын күтіп тұрған жоқ па?
Алдымен статистика комитетінің мәліметін келтірсек. 2020 жылы III тоқсанда республика экономикасында 8,7 млн адам жұмыспен қамтылған. Оның ішіндегі 6,7 млн адамы жалдамалы қызмет бойынша. Осы тоқсанда жұмыссыздар саны 454,8 мың адамды, жұмыссыздық деңгейі – 5% құрады. Бірақ Қазақстанның еңбек нарығына III тоқсандаCOVID-19 пандемиясының әсері сақталуда. Ал аталған тоқсанды екінші тоқсанмен салыстырғанда қызметтің тоқтатылуына байланыс­ты уақытша жұмыссыздар саны 52% төмендеген. Оның 25 проценті сауда қызметкерлері, 21,4 проценті білім, 10,3 проценті басқа қызметтер көрсету (шаштараздар, сұлулық салондары, ұсақ тұрмыстық қызметтер).
Ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 681 шиелілік жұмыспен қамтылу керек. Бүгінде 106 проценті орындалған. Осы тұста мұның өзі шарапаты мол үлкен көмек екендігін ұмытпауымыз керек. Қауіпті вирустан құтылған соң да әлі талай отбасының дастарқанынан бұйырған дәм арылмайтын болады. Келер жылдың өзінде екі жоба бойынша алпыс жеті адамға сұраныс бар.
Бір қуантарлығы ауданда карантинге байланыс­ты мекемелерден жұмысшылар саны қысқарған жоқ. Уақытша жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған мекемелер болды. Олардың қатарында «Шиелі жолшы» ЖШС, «Стэмп и БС» бар. Жұмысын он процентке тоқтатқан бұл мекемелер қазір қайта өз жұмыстарын жалғастыруда. Айта кету керек ауданда осы жылы жұмыссыздық деңгейі 5 процент болу керек. Ал ол бізде қазір 4.9 процент. Сала мамандарының айтуынша, карантинге байланысты жұмыссыз болып қалғандар жоқ. Бірақ бұл өзгерісті қонақүй, тамақтану және сауда салаларының қызметкерлері мен жеке кәсіпкерлер сезінгендігін жасырмады. Халықаралық еңбек ұйымы індетке шалдығу көрсеткіші азаймаса, жұмыссыздық деңгейі одан сайын өсетінін айтып отыр.
Аудандық әлеуметтік жұмыспен қамту орталығына 1649 адам жұмыс іздеп хабарласқан. Осы жұмыссыз ретінде тіркелгендердің көбі қара жұмыс істегісі келмейді, әрине. Мұқият қарайтын болсақ, қай кезде де құрылыс пен жол жөндеу саласында жұмысшыға деген сұраныс жоғары. Ашығын айту керек дәл осындай жұмыстарды істеу үшін кәдеге аспай жатқан дипломның түкке де қажеті жоқ. Тек қана сол адамның бойында «қара жұмыс болса да, адалынан ас ішуім керек» деген ниет пен жауапкершілік басым болса болғаны. Иә, қос-қос дипломды сандықтың түбіне сары майдай сақтағанша, нендей жұмыс болса да істегені игі. Әрі қоғамға да, өзіне де пайдасы бар. Сонда ғана жұмыссыздар армиясының саны азайып, жұмыссыздық деген әлемдік проблемадан арылатын боламыз.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
23 қараша 2020 ж. 367 0