Жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан Үндеу
Ел тарихына үңілсек қай кезде де елдің дамуы тығырыққа тірелген сәтте халқын дұрыс жолға бағыттай білген тұлғалар болған. Сол көрсетілген бағыт- бағдармен ел өркендеу жолына түсіп отырған. Міне, бүгінгі күні еліміз сондай қиын-қыстау кезеңді бастан өткеруде. Әрине, бұл пандемияға қатысты әлемдік дағдарыс болып табылады. Қазақстанды дамытатын, халықтың игілігі үшін қызмет ететін тұлғаларға мүмкіндіктер берілуі қажеттігін сезінген Мемлекет басшысы 2020 жылдың 21 қазанында ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауы туралы халыққа үндеу жариялады.
Үндеуді мұқият тыңдай отырып, ел болашағын тәрбиелеген ұстаз ретінде өз ойымды еліме жеткізгім келді. Себебі ұстаз ол қашан да өз елі үшін алаңдайтын қоғамдағы басты тұлғаның бірі.
Сонымен, Мемлекет басшысы жаңа сайлау уақытын 2021 жылдың 10 қаңтарында өткізуді жоспарлады. Еліміздің саяси жаңғыру үдерісі аясында азаматтардың ел тағдырына қатысу деңгейін кеңейтетін нақты шараларын белгіледі. Осы орайда алдымен «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутатарының мәртебесі туралы «Конституциялық заңға және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңға түзетулер енгізілді. Ол бойынша Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады. Сондай-ақ, бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу құқығына және бір сессия кезінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін белгілей алады және түрлі деңгейлік отырыстарында сөз сөйлеуге кепілді құқыққа ие болады.
Тағы бір қуантарлық жаңалық – алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Яғни, бұл құқық олардың елдің саяси өміріне белсенді түрде қатысуына мүмкіндік береді. Тағы бір ерекшелік алдағы мәслихаттар сайлауы әлемдік тәжірибеге негізделе отырып, алғаш рет партиялық тізім бойынша өтетіндігінде болып отыр. Бұл бастама еліміздегі саяси жүйені толық демократияландырып дамытуға мүмкіндік береді.
Әрине, қазір бүкіл әлемдегі жағдай пандемия салдарынан тұрақсыз. Ел экономикасы дағдарысқа түсіп, халықтың әл-ауқатының артуына кері әсерін тудыруда. Алда тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы жақындап та қалды. Бұл тәңірдің бізге берген үлкен сыйын ұстап тұрып, халық игілігі үшін дамыту бүгінгі күннің басты мәселесі. Ал мына қабылданған жаңа бастамалар аясында өткізілетін сайлау нәтижесінде ел қамын ойлайтын халық қалаулылары сайланып, олар елді дамытатын міндетті шаралар қабылдап жатса еліміз өсіп-өркендейді деп ойлаймын.
Бұл мақсатқа жету үшін алдағы сайлауда халық қалаулыларын таңдап, оларға жаңа мүмкіндіктер беру үшін сайлауға барып, дауыс беру азаматтық борышымыз екенін естен шығармайық дегім келеді. Ел ертеңін бүгіннен ойлайық! Ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Фатима Қасқабаева,
№47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі, «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері»,
шебер-педагог