Біз таңдауда қателеспейміз
Әлем жұртшылығы еліміздегі ынтымақ-бірліктің қуаты мен құндылығына көз жеткізіп отыр. Бұл, әрине, Елбасы –Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында жүзеге асты. Бүгінгі таңда біздің еліміз әлемдік өркениетте өзінің айшықты орнын алған мемлекетке айналды. Ата-бабамыз көксеген тәуелсіздік туы көгімізде желбіреп тұр. Ендігі мақсат, басты міндет сол тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау әрі оны одан әрі нығайту болып табылады. Қазіргі уақытта Қазақстан өзінің экономикалық дамуының жаңа үрдістерімен де сыртқа танылып, саяси тұрақтылықтың арқасында өрелі биіктерге қол созды.
Міне, 09 сәуір күні Қазақстан президенті Қ.Тоқаев халыққа Үндеу жариялады. «Бүгін елімізге және әрқайсымызға қатысты аса маңызды үндеу жариялағалы отырмын. Еліміздің Конституциясына сәйкес ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымда өткізу туралы шешім қабылдадым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Елдігімізді көрсететін, тұтастығымызды дәлелдейтін шақ жетті. Президенттің өзі айтқандай, қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін де айқындық қажет. Иә, алдағы сайлауды кезектен тыс өткізу - саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді болып тұр. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда тарихи кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Заман талабына сай болып жатқан өзгерістерді де, оған бейбіт жолмен қадам жасаған билікті де ел қолдап отыр. Сол үшін сайлауға бір кісідей жұмылып атсалысайық дегім келеді.
П.Маханбет,
«Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық
филиалы төрағасының бірінші орынбасары