Мылтықсыз майданның жауынгерлері

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халық даналығы. Биылғы жылдың шілде айының бірінші жұлдызынан он бесіне дейін, бұрынғы терапия бөлімінің ескі ғимаратында ауруларға бірнеше дәрігерлер мен мейірбикелер қызмет жасады. Солардың ішінде медицина саласының атасы Гиппократтың «Дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, өзі әдемі, қолдары жұмсақ, жағымды болуы керек» деген қағидасы үрдісінен танылған дәрігер Гүлнұр Рсаеваны мақтауға лайық көрдім. Міне, нағыз дәрігер. Өзіне бекітілген науқастарды оқтын-оқтын аралап, жағдайларын біліп, жылы сөйлеп, пневмонияға қарсы арқаларын шапаттап үгіп, өкпе тынысын бақылап, шар үрлетіп, ақыл-кеңесін айтып, өкпенің оттегімен қамтамасыз ету қабілетін (сатуратор) тексерген сайын «Жарайсыз, көке!» деп отыратын дәрігерлер көп емес-ау. Науқасқа ыстық сөзімен күш-қайрат, жігер беру қасиеті Гүлнұр Төреханқызын өзгелерден өзгешелеп тұрды. Сыпайы, ибалы, өз мамандығын жетік меңгерген, тәжірибелі дәрігерлерге сырттай ырза болып, қай бөлімде істейді екен?» деп сұрастырғанбыз. Ол Ақмая ауылынан көмекке келіп, он бес күндік мобильдік топқа қосылғанын білдік. «Дәрігерлердің бәрі осы Гүлнұрдай болса ғой» деген ниетімізді де жасырмадық. Сондай-ақ аудандық денсаулық сақтау басшыларының науқастардың құқығын қорғау, олардың сапалы және уақытылы медициналық көмек алуын қамтамасыз ету басты назарда екенін аңғардық. Рухы мықты, пиғылы дұрыс, қызметіне адал, мамандығын жақсы көретін, ауруларға жанашыр да қамқоршы, ісіне пысық, тірлігінде өжет дәрігер Гүлнұр Рсаева науқастың сүйеніші, тірегі, табынар адамы, жанын сақтап қалар пірі секілді көрінеді. Дені сау пенде олай сезінбесе де, жанын қоярға жер таппай жатқандар не десе де жарасады. Халықтың осындай ыстық ықыласына ие болу оңайлықпен келмейді. Оған өлшеусіз, уақытпен санаспайтын, шынайы еңбек қажет. Ауруға дәрігердің аялы алақаны, түзу ниеті, ілтипаты, инабаты, жанашырлық лебізі керек. Бұндай адами қасиеттерді біз Гүлнұр дәрігердің бойынан көргендей болдық. Сәтті ем-дом жасау әр дәрігердің білім-біліктілігіне, іс-тәжірибесіне байланысты екені белгілі. Дәрігер мамандығын таңдағандар – батыл, жүректі жандар. Өйткені олар – адам жанының жанашырлары. Дәрігерлердің өз ісіне сенімділігі, адамгершілігі халықпен тікелей жұмыста байланысатындықтан, оларға үлкен жауапкершілік жүктелген. Ал мынандай індет кезінде медицина қызметкерлерінің міндеті бастан асатыны анық. Құдай енді оның ауылын алыс қылсын. Ел тілегі де сол.
Гүлнұр Рсаева 2014 жылдың 12 тамызынан бастап дәрігер қызметін абыройлы атқарып келеді. Ауылдың сүйікті дәрігеріне айналған. Дәрігерлік ұжымда өзінен бөлек фельдшер, 3 мейірбике, 1 акушер, 1 химизатор, 1 әлеуметтік қызметкер, 1 жүргізуші, 1 тазалықшы, 1 күзетші жұмыс істейді. Гүлнұр Төреханқызы – М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің түлегі. Отағасы Бауыржан Досанов «Наурыз-Дем» несие серіктестігі ЖШС-де заңгер қызметін атқарады. Ерлі-зайыпты екеуі бір қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған жаста болса да, үлгілі, өнегелі отбасы. Ол басқарған ұжым ұйымшыл. Ауызбіршілігі мол. Алия Айжан, Захира Майгелдиева, Бақытгүл Дүйсекова, Рабия Мекебаевалар – өз мамандықтарының мақтанышы, ауыл тұрғындарының көңілінен шыққан медицина қызметкерлері. Ауыл халқының басына түскен сын сағатта сапта болып, зыр жүгіріп қызмет еткен амбулатория қызметкерлеріне тұрғындардың алғысы мол. Жаман індет өзімен кетсін, оның беті сейілген. Ауыл халқы қорқыныштан арылып, баяғы қызықты да думанды өмірге көшкен. Ауруға ешкімнің де мұршасы жоқ. Барлығы күзгі егін-терімде дала төсінде еңбек етіп, аман-есен жүріп жатыр. Бейбіт күннің батырлары атанған Ақмая ауылының медицина қызметкерлері сақтық шараларын жалғастырып, неге болса да даяр отыр. Бойларын елге деген патриоттық сезім кернеген. Халық та оларға сенеді. Ендеше біз береке, құт пен ырыс дарыған ұжым қызметкерлеріне бақытты болыңдар дейміз.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
ҚР Журналистер одағының мүшесі