COVID-19 ауруынан сақтаныңыз
Коронавирус – адам ағзасына жұғып, асқыну қаупін тудыратын, ауа арқылы тез тарайтын вирусты ауру. Бұл вирус 65 жастан асқан адамдарға, 5 жастағы балаларға, жүкті әйелдерге, иммунитеті әлсіз не жүрек, өкпе, бүйректің созылмалы аурулары бар адамдарға қауіп туғызуы ықтимал. Сырқат кей науқастарда ауыр түрде өтіп, пневмониямен тыныс алудың қиындауына әкелуі мүмкін. Сирек жағдайда вирус өлімге әкеледі.
Коронавирус кәдімгі тұмау тәрізді болған, оның алғашқы белгілерін көп адам байқай бермейді. Дегенмен дәрігерлер мынадай симптомдар білінсе, бірден дабыл қағуға кеңес береді: дене қызуының көтерілуі, жоғары температура, құрғақ қатты жөтел, бастың ауруы, кеуде тұсының ауруы, ентікпе және тыныс алуының бұзылуы, жүрек қағысының жиілеуі, пневмония, безгек, мұрынның бітуі, фарингит, диарея. Осындай симптомды байқасаңыз, 103 нөміріне хабарласып, медициналық мекемеге хабар беріңіз. Коронавирус респираторлы жолмен жұғады. COVID-19 инфекциясын жұқтырған адаммен жақын байланыссаңыз, қауіпті дертке шалдығуыңыз мүмкін. Инфекция ауру жұқтырған адамнан түшкіргенде, жөтелгенде науқастың мұрнынан, аузынан бөлінген ұсақ тамшылар арқылы беріледі. Сондықтан коронавирусқа шалдыққан адамнан 1,5 метр қашықтықта жүру маңызды. Ал вирусты өлтіру және адамға жұғуына жол бермеу үшін қарапайым дезинфекциялаушы заттарды қолдануға болады. COVID-19-дың жасырын кезеңі 14 күнге дейін созылады. Дәрігерлер үйде оқшауланған науқастарға келесі кеңесті ұсынады: үйден шықпауды, жабық есігі бар жақсы желдететін бөлмеде жатуды, қажеттілік үшін бөлмеден шыққанда маска киюді ұмытпауды, түшкіргенде, жөтелгенде мұрын-аузыңызды шынтағыңызбен жабуыңызды, қолыңызды жиі дезинфекциялауды, әсіресе, тамақ ішер алдында және үйге қонақтардың келуін шектеу қажет. Әрбір адам өз денсаулығына жауапты болып, бірден дәрігерге жүгінуі керек. Медициналық көмек симптомдарды жеңілдетуге және аурудың әрі қарай дамуына жол бермеуге көмектеседі. Қазіргі таңда аудан бойынша 22 елді мекенде тіркеліп, вирусты 292 адамның жұқтырғаны, 278 адамның сауыққаны белгілі. Провизорлық бөлімде науқас жоқ болса, 36 адам үй карантинінде. Құрметті тұрғындар, коронавирус инфекциясының таралуының алдын алуда зор жауапкершілік танытып, енгізілген шектеулерді қатаң сақтауға шақырамыз. Бұл баршаға ортақ міндет.
М.Сүйіндікова,
Шиелі аудандық ТКҚСҚББ Эпидемиологиялық қадағалау бөлім басшысы
Шиелі аудандық ТКҚСҚББ Эпидемиологиялық қадағалау бөлім басшысы