Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЖЕЙ ӨТКІЗГЕН «ТӘРБИЕ САҒАТЫ»

ӘЖЕЙ ӨТКІЗГЕН «ТӘРБИЕ САҒАТЫ»

Ентелеп мектепке жеткені сол еді, кіре берістегі әйдік электр қоңырау шар ете қалды. Қабырғадағы нән сағатқа қарады, оның тілі тоғызды көрсетіп тұр екен. Алғашқы сабақтың аяқталғанын аңғарды. «Мұғалім тағы да ұрсатын болды-ау» деді іштей қынжылып, есіктің қалтарысына тұра қалды. Не де болса мұғалімнің көзіне түспеуге тырысты. Үзіліске шыққан құрбылары байқап қалып, мұның «үндеме» деген ишаратына қарамастан даурыға жөнелді:
– Әй, сен мұнда неге тұрсың?
– Тағы да кешігіп келдің бе?
Оқыс дауысқа жалт қараған мұғалім есіктің қалтарысында қалшиып тұрған мұның қасына келді.
– Иә, батыр, мұныңа жол болсын? Сабақ қайда?
– Келіп тұрмын ғой.
– Неге кешігесің деймін?
– Автобус кешікті.
– Сенің-ақ автобусың кешіге береді екен осы.
– Менің емес, мемлекеттің автобусы ғой ол.
– Жарайды кір сыныпқа, сендерді сөзден ешкім тежей алмас.
Сейт сабақ үстінде әлгі әжей туралы ойлады. Ешкімі жоқ-ау шамасы. Балалары, яки немерелері болса ертіп жүрмес пе еді? Көптен бері көрінбей кеткені сырқаттанып қалған ғой, өзімен әңгімелесіп, сырласып, серуен жасар ма еді, шіркін?! Киім киісі ширақ, жүрісі қандай сүйкімді. Жасында тіпті әйбат-ақ болған шығар! Қалай танысып еді өзі? Иә, ол былай болған еді ғой. Наурыз айы еді. Жер лайсаң, қар енді еріп жатқан. Бұл асығып аялдамаға жете бергені сол болатын, автобус келіп тоқтай берді. Күтіп тұрған жұрттың бәрі жанталасып міне бастады. Біреуге біреудің қарайтын түрі жоқ. Әлгінде ғана «қарыны» қабысып бос тоқтаған автобус лезде өрістен қайтқан сиырдай іші «қампиып» шыға келді. Қос қолына толтырып зат салынған сөмке ұстаған әжей артқы есіктен ішке ене бергені сол еді, жүргізуші сарт еткізіп есікті жауып, автобусты орнынан қозғай бастады. Қос қолымен сөмкелері іште, өзі сыртта қалған қария қапелімде не істерін білмеді. Айқайлап еді, ентігіп құрғап қалған кәрі өңештен дауыс та шықпай, үні қырылдап қана естілді. Автобустың артқы есігінің маныңда тұрған Сейт дереу жүргізушіге тоқта деп белгі беретін тетікті басты да, шашылып қалған заттарды сөмкелерге салуға кірісті. Автобус тоқтап, есік қайта ашылған сәтте әжейді қос қолдап ішкі тартып кіргізді. Абдырап қалған қария ішке кірген соң демін бір-ақ алды. Өңі қуарып кетіпті. Өзіне қиын сәтте қол ұшын берген жасөспірімге ризашылығын білдірді, алғысын да жаудырып жатыр.
– Көп жаса, балам! Өркенің өссін, шырағым! Өзің тәрбиелі жан екенсің. Атын кім, қалқам?
– Сейт.
– Немерем болатын. Аты Берік.
– Ол қайда казір? – деді Сейт қарияның сөзін бөліп. Е-е, қойшы соларды. Бұл бір ұзақ әңгіме ғой, – деп әжей ауыр күрсінді.
Сейт ойға қалды. «Сонда ол қайда болды? Әжесіне неге көмектеспейді? Берік болса ғой, қария әлгідегідей автобусқа қысылып қалмас еді...» Жасөспірімнің өзі туралы ойланып отырғанын аңғара қойған қария сөзін қайта сабақтап:
– Әке-шешесі оны менен алып кетіп нағашысына берді. Екі айлығынан өзім бағып-қағып, өсіріп едім. Кәрі көкірегімді иіткен жұбанышым еді. Ажырап қалдым.Тірідей ажыратты ғой, – деп көзіне жас алды.
– Әкесі мен шешесі қайда тұрады? – деді Сейт.
– Балам мен келінімді айтасың ба, олар өзге жерде тұрады. Осы кезде магнитафон тас­пасына жазылып алынған сөздер жүргізуші орындығының үстіңгі жағына бекітілген радиодан саңқылдап қоя берді. «Тыңданыздар, жолаушы жолдастар. Қазір «Балабақша» аялдамасы, келесі аялдаманың аты – «Мектеп».
– Солай ма, онда мен неге отырмын? Келіп қалыппын ғой үйге.
Әжей орнынан қалбалақтап тұра бастады.
– Асықпаңыз, әже. Абайлаңыз, бір жеріңізді соғып алмаңыз. Заттарыңызды мен алып түсемін, оларға алаң болмай сыртқа шыға беріңіз, – деді де, Сейт өз сөмкесін иығына асып, қарияның сөмкелерін екі қолына ұстап сыртқа беттеді.
Сейт қарияның заттарын аялдамаға жеткізіп салғанша автобус орнынан қозғалып кетті.
– Кап, қарағым-ай, маған көмектесемін деп жүріп автобустан қалып койдың-ау, кешігетін болдың ғой. Мұғалімің ұрсатын болды-ау. Автобусы бар болғыр жуық арада келе қойса игі болар еді, – деп әжей азар да безер болды.
– Ештеңе етпейді, әже. Келесі автобуспен барамын. Сау болыңыз.
– Сау бол, балам. Бақытты бол!
Ол алғаш осылай танысқан болатын, одан бері арада айға жуық мерзім өткен еді. Мектепке бару-келу жолында автобус әйнегінен канша сығалағанымен әжейді көре алмай қойған. Бүгін міне, ойламаған жерден қайта ұшырасты. Тағы да сықия толған кос сөмкені көтеріп, «Балабақша» аялдамасынан түсейін деп тұр екен. Сейт сөмкелерін қолынан ала бергенде, бетіне жалт қараған қария тани кетті.
– Ә-ә, сен екенсің ғой, шырағым. Көп жаса, айналайын. Өзіңді көптен бері көре алмадым-ау. Сау-саламат жүрмісің, балам? Берігімнен аумайды екенсің өзің, – деп сөзінің аяғын үні бұзылып, ерні кемсеңдеп аяқтады.
«Мен де сізді көптен көре алмай жүрдім. Ауылдағы әжеме сіз де ұқсайды екенсіз» деген сөздер тамағына тіреліп тұрса да, сыртқа шығармады. Көңілі қаяу жанды қажыта бергісі келмеді.
– Жағдай жақсы. Шауып жүрмін, әже. Өзіңізді көрген соң сәлем берейін әрі көмектесейін дегенім ғой, – деді Сейт көтеріңкі үнмен. Әдеттегідей қарияның сөмкелерін аялдамаға тасып жүріп бұл жолы да автобустан қалып қойды. Сабаққа кешігіп келуінің себебі де осы еді.
Өз ойымен өзі болып отырған Сейтті мұғалімнің оқыс сұрағы селк еткізді.
– Мұратов!
– Иә, мен ағай. – Ол орнынан тұрды.
– Шық тақтаға. Көптен бері сұралмаған екенсің.
Сейт үй тапсырмасына мұқият дайындалғанын көрсетті. Өзі де әдебиетті жақсы көретін, бар ынтасымен оқитын. Үйге берілген Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы жөніндегі тапсырманы әдемілеп айтып берді. Тіпті Қасым ақынның кітапқа енбеген өлендерін де жатқа айтты.
– Сабаққа тәп-тәуірсің, Сейт. Тек кешігіп келетінің болмаса. Мұғалім сөзінің аяғын жұтып қойды.
Осы сәтте «тық-тық» еткізіп әлдекім есік қақты. Іле-шала ұлттық үлгімен киінген кемпірдің сұлбасы көрінді. Бәрі аң-таң. Сынып іші тып-тыныш күйге енді. «Бұл кісі кім болды екен, мұнда неге келді екен? Адасып келді ме, әлде біреуді іздеп жүр ме екен?» Осындай сұрақ бәрінің көңіліне ұялады.
«Сәлеметсіңдер ме, балалар?» – деді қария бөлме ішіне енгеннен кейін.
– Сәлеметсіз бе?
– Саламатсыз?
– Сәлем!
Оқушылар үзіп-созып жамыраса амандасты.
– Бұларың жарамайды, – деді әжей. – Оқушының бойы сергек, қимылы ширақ болуы керек. Сендер болсаңдар қалжырап қалыпсыңдар. Қарт менен де әлсізсіңдер. Сәлемдескеңде орнынан тұрып, бәрі бірдей, бір сәтте сәлемдесуі керек. Сонда үндерің әрі көтеріңкі, әрі көңілді естіледі. Солай емес пе, мұғалім? – Әжей күні бойы аңырап тұрған ұстазға қарады.
– Әлбетте, әлбетте...
Оқушыларының әбес әрекеттеріне ыңғайсызданған мұғалім су ішіп тұрған жылқыдай басын қайта-қайта шұлғи берді.
– Құрметті мұғалім, қадірлі балалар, – деді Әжей сөзін қайта жалғастырып. – Байқаймын «әжей мұнда не қылып жүр?» деген сұрақ бәріңнің де көкейлеріңде тұр. Оны көздеріннен байқап тұрмын. Тірлігім оғаштау болды, оны кешіріңдер. Сейт деген оқушыны іздеп келдім. Ол осында ма?
– Иә, осы сыныпта. Бәрі бірдей шу ете қалды.
– Адаспаған екенмін.
– Мұратов! Шық тақтаға, – деді мұғалім. – Қане айт, не бүлдірдің? Мына әжей неге іздеп жүр? Бәсе, сабақтан кешігуің жиілеп кетіп еді.
– Қадірлі ұстаз, мені тыңдап алсаңшы. Мен басқа мәселемен. Сейт, өзің бері келші, айналайын.
Сейт тақтаға шықты. «Неге іздеді екен. Көмек керек болды ма. Мұғалімнен сұрап алуға келген шығар».
Әжей Сейттің басынан сипап, арқасынан қағып:
– Сейт деген оқушы мейірімді, бетінен нұры төгіліп тұрған бала екен. Құдай тіл-көзден аулақ қылсын. Жақсы азамат болғалы тұр. Маған бір-екі мәрте көмек көрсетті. Тіпті Сейт болмағанда автобустың астына түсіп қалар ма едім, кім білсін? Сол үшін ұстазының алдында, құрбыларының ортасында алғысымды айтқалы келдім. Маған көмектесіп жүріп, сабағынан кешігіп қалды. Соған, құрметті ұстаз, өзіңнен кешіріп сұрағалы келдім.
Әжей болған жағдайды түгел баяндап берді.
– Солай деңіз. Сабақтан кешіккеніне қарап тәрбиесі нашар оқушы ғой деп жүрсем.Жарайсың, Сейт. Мынауың ерлік қой, – деді ұстазы ризалық кейіппен. Оқушылар аң-таң. Бәрі Сейтке қарап қалыпты, бұрынғыдай емес, сүйсіне қарайтын сияқты. Құрметті бұрын көрмегендіктен бе, Сейттің тұла бойы дірілдеп, екі беті, тіпті қос құлағы да дызылдап, өңі қызарып сала берді. Әжей үзіліп қалған сөзін тағы да жалғастырды. – Қазір мұндай бала ілеуде біреу. Жасөспірім қайырымсыз болып барады ғой. Менің Берік деген немерем бар еді. Аумаған Сейт сияқты еді. Ақкөңілдігі, елгезектігі, мейірімділігі. Өзіне де айтқанмын. Әженің дауысы бұзылып, еріндері кемсеңдеп кетті. Осы сәтте нән қоңырау шарылдап қоя берді.
– Үзіліс болды, білем. Уақыттарыңды алмайын. Иә, мен кетейін. Әңгімемді тыңдағандарыңа рақмет, – деді әжей қоштасқан сыңай танытып.
– Сізге де рақмет, әже! – деді оқушылар шын көңілдерімен бір ауыздан.
– Рақмет, қария! Сау-саламат болып тұрыңыз, – деді мұғалім де риясыз кейіп танытып. – Келгеніңіз қандай жақсы болды, оқушылар да, тіпті мен де үлкен тәлім-тәрбие алдық. Өзіңізбен өткізген осы аз ғана уақытты тәрбие сағаты десек те болғандай. Солай емес пе, балалар?
– Солай! Солай! – Бәрі бірдей шу ете түсті.
Қария ілби басып сыртқа беттеп бара жатыр. Қолтығынан сүйеп алған Сейтке әлде бірдеңелерді айтып, арқасынан қағып қояды. Әже мен немередей жарасып-ақ барды.
Мұғалім мен оқушылар соңынан сүйсіне қарап тұр. Үзіліс бітті деген белгіні білдіріп нән қоңырау тағы да шар ете қалды.
– Көрдіңдер ме, балалар? Сейт қарияға қолұшын беріп, құрмет жасаған екен, ал әжей болса кәрілігіне, жүріп-тұруының қиындығына қарамастан мектепке арнайы келіп алғыс айтты, ізет білдірді. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген осы да, – деді мұғалім оқушылармен бірге ішке еніп бара жатып.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстанның «Құрметті журналисі»
06 тамыз 2020 ж. 705 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (9193)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (9192)

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930