Солтүстік Қазақстан облысында жаздық дақылдарға орақ түсті
BAQ.KZ. Ел қамбасының үштен бірін астыққа толтыратын Солтүстік Қазақстан облысында жаздық дақылдарға орақ түсті, деп хабарлайды "Хабар 24".
Аймақта биыл бірнеше шаруашылық көктемгі күн райының қолайлылығын пайдаланып, егістікті жинауға ерте кіріскен. Нәтижесінде қазір олар күз келмей жиын-терім жұмыстарын бастап кетті. Сары алтынды уақытылы жинап алу үшін, диқандар тіпті екі ауысымдық жұмысқа көшкен.
Дала төсі дүбірге бөленді. Өңір тарихында алғашқы болып орақтың тісі 21 шілдеде Жамбыл ауданындағы алқаптардағы жаздық дақылдарға салынды. Қазір ала жаздай баптаған өнімді шашау шығармай жинап алу үшін тегеурінді техникалар танап басында жүйіткіп жүр.
Көктемгі естіктік жұмыстарына сәуір айында кірістік. 13 мың гектардан астам алқапқа ырыс дәнін сіңірдік. Қазір әзірге арпаны орып жатырмыз. Шығымдылығы жаман емес. Гектарынан 30 центнерден айналуда. Ал олардың ылғалдылығы 14 проценттен аспайды. Енді келер аптада сәтін салса бидайды жыға бастаймыз, - дейді агроном Виктор Данин.
Қыр басында нағыз қарбалас қазір. Күн райы кедергі болмаса шаруашылық тамыз айының соңына дейін барлық жұмысты аяқтап, астықты қамбаға құйып алмақ ниетте. Айта кету қажет, өңірде екі шаруа қожалығы ғылыми тәжірибеге сүйеніп, көктемде жаздық дақылдарды ерте сепкен. Нәтижесі жаман емес. Дегенмен биылғы науқан аграрилер үшін қиынға соқты дейді мамандар.
Сәуір мен мамырда жауын тым аз болды. Мұнымен қоса жаз айларында айтарлықтай жаңбыр болған жоқ. Ыстық күндер апталап тұрды. Сондықтан биылғы науқан диқандар үшін өте ауы болып отыр, - дейді агрокеңесші Сергей Парунов.
Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында биыл 4 миллион 210 мың гектар алқапқа ырыс егілді. Оның жартысынан астамы бидай болса, қалғандары майлы дақылдар.