Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 148 мыңнан астам жұмыс орны құрылды
BAQ.KZ. Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы аясында (бұдан әрі – ЖҚЖК) 6 295 жобаны іске асыру басталып, олар бойынша 148 мың жұмыс орны құрылды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, ЖҚЖК аясында жергілікті атқарушы органдар іске асыру үшін 6 696 жобаны іріктеп алды.
ЖҚЖК инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру 4 негізгі бағыт бойынша өтеді:
– әлеуметтік-мәдени нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу;
– тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау;
– инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу;
– елді мекендерді абаттандыру.
ЖҚЖК инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру кезінде отандық өндірушілердің кемінде 90% тауарлары мен қызметтерін қолдануды қамтамасыз ету ерекше шарт болып табылады. Жұмысшылардың кем дегенде жартысы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы алынып, басымдық жұмыссыз жүрген жастарға берілетін болады. Мердігерлер санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қолдана отырып, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге тиіс.
15 шілдедегі жағдай бойынша өңірлерде 6 295 жоба бойынша жұмыс басталды, 148 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы 77 мың адам жұмысқа орналасты.
ЖҚЖК аясында барлығы 255 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл ретте ЖҚЖК жобалары болашақта 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға негіз болады.
Естеріңізге сала кетейік, 14 мамырда ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес Жол картасына келесі өзгерістер енгізілді:
– жергілікті атқарушы органдар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жұмыскерлерді медициналық тексеру, жинау және жұмыс орнына дейін тасымалдау үшін мобильді рекруттік пункттер ұйымдастыруды қамтамасыз етуге тиіс;
- инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысу үшін халықты жұмыспен қамту орталықтары жіберген, басқа елді мекендерден келген жұмыссыздарға тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Заңмен белгіленген екі ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы материалдық көмек ("көтерме") берілуге тиіс.
Бұдан басқа, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ, ЖҚЖК іске асыруға жауапты ұйымдардың қызметін үйлестіру үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі-ВАК) құрылды. ВАК отырыстарының шеңберінде өңірлер және республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлінісінде қаржыландыру лимиттерін айқындау бойынша ұсыныстар әзірленді. ЖҚЖК шеңберінде инфрақұрылымдық жобалардың тізбесі қаралды және бекітілді.