Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әліпбидің әлеуеті қандай болмақ?

Әліпбидің әлеуеті қандай болмақ?

Латын әліпбиіне көшу болашақтың бағдары іспетті. Ол қапысыз қамдануды қажет етеді. Жаңа әліпби тіліміздің бар бояуы мен ажарын, әуезділігі мен нақышын бере алғаны жөн. Көпшілікті алаңдатып отырған да осы мәселе.
Бұл жөнінде Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-ші отырысында айтқан. «Латын әліпбиіне көшу мәселесінде асығыстық танытуға болмайды. Тыңғылықты, тексерілген жұмыс талап етіледі. Жан-жақты сараптай ­отыр­­ып, жаңа әліпбидің барлық аспектілерін әзірлеу қажет. Латын әліпбиінің ұсынылған үш нұсқасы да жетілдірілмеген болып шықты. Сондықтан бұл проблемада шынайы ғылыми әдіс керек» деген болатын. Құптарлық-ақ қадам.
Әлем елдері осы латын қаріптерін қолдану арқылы жаңа технологияларға жақындай түскенін көкірегі ояу, көзі ашық жанның бәрі біледі. «Көз қорқақ, қол батыр» демей ме? Сол секілді көз үйренсе, бәрі де басқаша көрінбек. Мысал үшін «қ» әріпін алайықшы. Кейін латыншаға көшкен жағдайда оны «Q», «q» таңбасымен қолданудың төл дыбысымызға дәл келетіні жиі сөз бола бастады. Менің атым «Qazaq» деп әлемді мойындатып жүрген атақты кәсіпқой боксшы Қанат Исламнан бастап, «Қазақстан» телеарнасы ұсынған «Qazaqstan» атауына орай өз аттарын өзгерткен «Qyzylorda» телеарнасына да, «Qazaq Radiolary» мен «Qazsport»-қа да көзіміз үйреніп кетті. Ел газеті «Егемен Қазақстан да» «Egemen Qazaqstan» болып шығып, рухымызды асқақтата түсуде.
Елбасы елімізде жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыру үдерісінде тіліміздің де жаңа белеске көтерілуіне ерекше назар аударып келді. Н.Назарбаевтың 2015 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Бас ассамблеясының мерейтойлық 70-ші сессиясында әлемнің ең жоғары мінберінен тұңғыш рет мемлекеттік тілде сөйлеген сөзі – ешқашан да ұмытылмайтын сәт. Әлемнің 200-ге жуық басшысының қазақ тілін тыңдағаны ұлтымыз үшін тарихи оқиға болды. Тәуелсіздігіміздің 24 жылдығын атап өту барысында Елбасы қазақша баяндаған себебін былай деп түсіндірген еді «Біздің тіліміз дүниежүзіне естілсін, құлақтарына сіңсін деп ойладым. Әрі қарай жылжыта береміз. Мен әдейі солай жасадым, сондықтан мен айтқаннан кейін менен кейінгі басшылар да солай сөйлейді деп сенемін». Елбасы өзінің халыққа арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да
«...Қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек. Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді. 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажет» деп атап көрсеткен болатын.
Міне, қазақ тілі енді тағы бір жаңа белестің алдында тұр. Латын әліпбиі ең алдымен өркениет жолындағы бәсекеге қабілеттілікті арттырып, прагматикалық сананың орнығуына жол ашады. Цифрлы технологияның еркін енуіне, әлемдегі кең таралған тілдерді үйренуге жақсы жағдай жасайды.
«Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, қалың жұртшылықтың таразысынан өтіп, Елбасының Жарлығымен бекітілген елдігімізді, ұлттығымызды айқындайтын жаңа әліпбидің әлеуеті әсерлі болмақ.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
21 шілде 2020 ж. 486 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9301)

12 мамыр 2025 ж.

№33 (9300)

06 мамыр 2025 ж.

№32 (9299)

30 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031