Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Егеулі әулие Қаратаудың егесі еді

Егеулі әулие Қаратаудың егесі еді

Әркімнің балалық шағы – туып-өскен жері мен табиғатына, жүрген ортасына қарай қызықты һәм әртүрлі оқиғаларға толы болады. Сіздерді білмеймін, бірақ мен туған ауылда мектептегі соңғы қоңырау соғыла салысымен ата-анамыз қолымызға киім-кешегімізді ұстатып, Қаратауға қарай аттандырып жіберетін. Өзіміз де көктем келгеннен жайлауды аңсап, қойшы ауылға кеткіміз келіп, мамырдың жиырма бесін асыға күтіп жүреміз. Өйткені біз үшін жайлауға барып айран ішіп, құрт-майды асап, одан қалды тайға мініп, күндіз қозы бағып, түнімен ашық аспан астында жатып аққан жұлдыздарды қызықтап, төбеде жүрген «спутниктарды» тамашалау, қаладағы қызықтардан артық-етін.
Баламыз ғой, жайлауға барар жолда үлкендердің мазасын алып, ұшқан құс пен жүгіріп өткен аңның атын сұрап, табиғаттың ерекше жаратылыстарын көзіміз шалып қалса, «Мынау неге бұлай» дейтұғын сауалымыз дайын тұрады. Сондайда ағаларымыздың әрбір әрекетін көзден таса етпей аңдып, бар ықылас-зейінмен сөздеріне құлақ асып, қимылдарын көздің қиығымен бақылап отырамыз. Қосүйеңкіден өтіп, Дарбазаға жақындай бере кедір-бұдыр жолмен жүйіткіп келе жатқан көлік ішін үнсіздің жайлап, үлкендеріміз ауыздары жыбырлап, іштерінен бірдеңе оқи бастайды. Содан Қаратаудың қақпасы Дарбазаның кіре берісіне келгенде беттерін сипап, бастарын иіп сәлемдерін береді. Бағанадан бері тыныш таппай келе жатқан біз де осы орайда олардың бұл әрекетінен кейін бойымызды жинап, ағаларымызға ілесіп бетімізді сипаймыз. Осыдан кейін үлкендердің арасынан ойы жүйрік, сөзге шешен бір ағамыз аңыз әңгімелердің шетін қайырып сөз бастап, бұл жерге жақындағанда не үшін дұға оқып, кімге сәлем бергендерін айтып, Қаратаудың қасиетті жерлерімен таныстыра бастайды.
Аңыз, әпсанаға сенсек, Дарбазадан оңтүстікке қарай екі шақырым жерде кешегі жаугершілік заманда егін егіп, диқаншылықпен айналысқан Егеулі әулие деген Құдайдың назары түскен адам өмір сүрген. Екі қолында еңбектің табы қалған ол – адал іс, маңдай терінің арқасында күнделікті ризығын бау-бақшасынан үзіп жеп, айналасына да шапағаты тиген деседі. Әсіресе, әулие еккен қауын мен қарбыз ерекше дәмді әрі үлкен болған екен. Бірақ еліңді басып, жеріңді төстеп, шаңырағыңды ойрандау үшін келген жау сіздің қатын, бала-шаға, бау-бақшаңызды қайтсін? Сондай тұтқұйылдан шапқан жаудың ойранынан әулиенің әулеті қырылып, бақшасының түгел тоз-тозы шығады. Көз қуанышы ұл-қыздары мен өз қолымен баптап өсірген бақшасының көз алдында қырылып жатқанын көрген Егеулі әулие бұл зұлматқа шыдамай, Раббысынан жалбарынып «Осы жердегілерді түгел тасқа айналдыр» деп дұға жасап, сол уақытта сұрағаны қабыл болып, барлығы тасқа айналып кеткен деседі. Иә, аңыз әңгімінің қаншалықты рас өтірігі бір Аллаға ғана аян. Дейтұрғанмен бала күніміз де ол жердегі дөңгеленген тастардың қолмен егілген қауын-қарбызға ұқсап теңкиіп, қаз-қатар жатқанын көріп имандай иланатынбыз. Онымен қоса сол маңдағы жақпар тастарды жаудан қашқан жас жігіт пен қыздың мүсініне ұқсатып, бұл оқиға расымен болған екен деген ойда болатынбыз. Иә. байқап қарасаңыз, біз айтып отырған мекен топырағы құнарлы егін егуге өте ыңғайлы. Табаныңыз тиіп, әулиеге сәлем беріп бара қалсаңыз, бұл жерді уақытында жайқалып, жасыл желекке оранғанын, бүгін де талай тарихты бойына сақтап тұрғанын байқайсыз.
Бірақ надандықтың шегіне жетіп, дүниеден басқаны көзі көрмейтін дүниеқоңыздар балалық шағымыздың естелігі болған, тарихи жәдігерімізге жарап, аңыз әпсананың дәлелі іспетті қауын тастарды үйлеріне тасып, зәулім сарай соғуға тасып кеткенін естіп қынжылып қалдық. Сонда бұл жұрт әулие сыйлап, әруақ құрметтеуден қалған ба? Саналы адам болса, тым құрығанда қасиетті жердегі жәдігерлерге қол сұқпау керек еді ғой. Жалпы теріскейіміздегі таудың тастарын тонап жатқандарға бір тоқтам жасайтын уақыт жеткен сыңайлы. Мәселен, қазір тауда өндіріліп жатқан қиыршық тас, цемент, ваннади зауыттарының жұмысынан бөлек күнделікті үй құрылысына пайдалануға алынып жатқан тау тастарында есеп жоқ. Одан бөлек осы зауыттарды жұмыс істейтін жалпы жүргізушілер де жауапсыз кетіп отыр. Олай дейтініміз, соңғы уақытта Қаратаудың климаты өзгеріп, тау суының сарқылып бара жатқаны жұрт арасында сөз болып жүр. Оның басты себебі, әлгіндегідей ауыр жүк көліктерінен бөлінетін зиянды заттар мен жүргізушілердің тазалыққа мән бермей, түрлі химиялық қалдықтарды қалай болса, солай өзен бойына шашып кетуінде болып отыр. Осындай келеңсіздіктердің кесірінен таудағы бұлақ көздері де бітеліп, соңы судың сарқылуына алып келуде.
Иә, қасиетті қарт Қаратаудың егесі Егеулі әулиенің бақшасына қол сұғып, тірідей тасқа айналып кеткендерді аңыз ақиқаттап берді. Содан-ақ Егеулі әулиеге жасалған опасыздықтың арты немен бітерін топшылай берсек болатындай. Қазақ «Бұзылған жерден бұйым алушы болма» демейтін бе еді. Осы тәмсілді назарда ұстап, тым болмағанда өзіндік тарихы бар атаулы жерлерден пайда іздеп, табыс табудан аулақ болсақ екен. Біздікі тарихтың қайталануына өзіміз себепші болып қалмайық деген ой ғана. Әрі қарайғысы өз ықтиярыңыздағы дүние...

Елдос Жүсіп
21 шілде 2020 ж. 899 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031