Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДУМАНДЫ ЕМЕС, ТУҒАНДЫ ОЙЛАЙЫҚ!

ДУМАНДЫ ЕМЕС, ТУҒАНДЫ ОЙЛАЙЫҚ!

Мемлекет басшысының Өкімімен 13 шілде Жалпыұлттық
аза тұту күні болып белгіленген болатын. Осыған орай
12 шілде күні түнгі сағат 00:00-ден бастап
еліміздегі барлық Мемлекеттік Ту
төмен түсірілді
Ал кеше Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 12:00-де республика бойынша коронавирус пандемиясының құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімі өтті. ьҚасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясының алдында індеттен қаза болған азаматтарды Жалпыұлттық аза тұту күніне орай құрметпен еске алды. Аза тұту рәсіміне Президент аппараты мен Үкіметтің жауапты қызметкерлері қатысты. Індет құрбандарын үнсіз еске алу рәсімі республиканың барлық аймағында өтті.
Қазір бүкіл әлем қиын кезге тап болып отыр. Коронавирус деген атың өшкір тажал адамзат баласына ажал уын шашып тұр. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларын айтпағанда, шығыс, батыс аймақтарында қара жамылған отбасылар көбейіп кетті. Өзге өңірлерде де қайғылы қаза аз болып отырған жоқ. Бұл біздің елге ғана емес, әлем жұртшылығының басына түскен сынақ. Бұл біздің қиын жағдайларға қаншалықты дайын екенімізді көрсетіп берді. Әсіресе, медициналық-ұйымдастыру кемшіліктеріміз анық байқалды. Не десек те, халқымызға төтеннен келген бұл қиындықты еңсеруіміз керек. Биліктің айтқан қатаң шараларын бұлжытпай сақтаған абзал. Байқауымша, оқшаулануды түсінбей жатқан қауым көп. Той-томалақ әлі де бар. Ақыл-парасатқа жүгінейік.
Киел мекен Шиелінің халқы, менің достарым, жақындарым, бауырларым! Елбасына төнген осынау қиын кезеңде бақилық болып кеткен жандарға құран бағыштай отырып, алдағы уақытта бір-бірімізді күтіп, жақынымызға қамқор болайық. Өз ісіне қалтқысыз берілген, науқастардың сауығып кетуіне жанын сала жүгіріп жүрген медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетейік. Індетпен күресте қандай жағдай болмасын өзімізге, өзіміз арқылы айналамыздағы адамдарға қамқорлық жасайық. Әрбіріміз жан-жағымызға, жақынымызға жанашырлық танытқанда ғана төнген індетті жеңе аламыз. Осындай сын уақытта осалдық танытпауымыз керек. Бұл кезеңде ең үлкен сақтық – әркімнің өзін сақтау жауапкершілігі.
Ағайындарға айтарым, той деп сабылмай, босқа шабылмай, пайдасыз басқосуды азайтып отбасында, бала-шағаның жанында болуға, тұрмыстық мәселеге көбірек көңіл бөлуге тырысқанымыз мақұл. Осындайда қалталы азаматтардың мүмкіндігі шектеулі отбасыларына, көп балалы жанұяларға азық-түлік жөнінен қол ұшын бергені жақсы-ақ болар еді. Тағы бір мәселе, бұрын да айтып жүрмін, орынсыз беттен, еріннен сүюді мүлдем тоқтатып, қазақтың өз салты бойынша қолды төске қойып: «Арма! Армысың! Армысыз!» деген амандасу дәстүрін қайта жаңғыртайық.
Көңілде болмаған жөн сезім-күдік,
Сақтан халқым, айтқызбай өзің біліп.
«Мың өліп, мың тірілген» қазақ едік,
Тағы бір танытайық төзімділік!

Бағасы жоқ қазағым, ақтабаным,
Мақтансам өрлігіңе мақтанамын.
Ұлтыңды сақтаған боп саналады,
Сенің бүгін өзіңді сақтағаның!
Осы індеттен бақилық болған барша отандасымыздың жаны жәннаттан жәй тапсын!

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
«Қазақстанның Құрметті журналисі»,
халықаралық«Михаил Шолохов»
медалінің иегері, ақын.

13 шілде 2020 ж. 343 0