Шынықсаң, шымыр боласың

Атақты шығыс ойшылы Ибн Синаның «Дене жаттығуларымен қалыпты және өз уақытысында шұғылданып отырған адам ауруды құртуға бағытталған ешқандай емдеуді қажет етпейді» деген керемет сөзі бар. Шынында, дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысып жүрсеңіз, ағзаңыздың белсенділігі де артады. Тіпті қозғалысқа түскен бұлшық еттердің жұмысы жақсарады. Әсіресе, таңғы жаттығудың орны ерекше. Өйткені, тәтті ұйқыдан тұра салып, жаттығуға кіріссеңіз, әп сәтте дел-сал күйден арылып, кез келген іске шабытыңыз оянатыны хақ.
Денсаулық әрқашан бірінші орында тұруы қажет. Таңғы жаттығумен айналысуды дағдыға айналдырған Алғабас ауылының тұрғыны Айдын Жүсіповтың айтуынша, таңғы жаттығумен айналыссаңыз, күні бойы сергек жүріп, сондай-ақ күш-қуатыңыз артатын көрінеді. Артық салмақ тастауға да көмегі бар.
– Менің спортқа деген қызығушылығым бала күнімнен басталған. Өйткені, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», «Спорт – денсаулық кепілі» деп әкем үнемі спорттың, жаттығудың, дұрыс тамақтанудың, салауатты өмір салтын ұстанудың пайдасы бар екенін жастайымыздан құлағымызға құйды. Сондықтан таңмен таласа тұрып жаттығу жасау мен үшін таңсық дүние емес. Меніңше таңғы жаттығумен шұғылдану үшін арнайы спортзалға барудың қажеті жоқ. Яғни үй тұрмысында да айналысуға болады. Қазір тіпті жаз мезгілі. Таңертең белгілі бір уақытты белгілеп жүгіріп тұру қажет. Ең бастысы, ниет болса болғаны. Көп адам спорттың, әсіресе, таңғы жаттығудың адам денсаулығына тигізер үлесін біле бермейді, – дейді ол.
Шынында, қазіргі таңда таңғы жаттығумен айналысуға ешқандай кедергі жоқ. Тіпті таңертең теледидар мен радионың тетігін қоса қалсаңыз, түрлі жаттығулар легін ұсынып жатады. Одан бөлек күнделікті қолданатын смартфонға да түрлі деңгейдегі жаттығуларды үйрететін бағдарламаларды жүктеп алсаңыз жеткілікті. Айта кеткен жөн, дене жаттығуы адамның көңіл күйіне тікелей ықпал етеді. Сол себепті өзіңіздің жаныңызға жақын, қолыңыздан келетін, көтере алатын, ауырлық туғызбайтын, ұнамды, жас ерекшелігіңізге сай келетін жаттығуларды таңдап алған дұрыс. Сонда ғана өзіңіз қалағандай нәтижеге қол жеткізе аласыз. Сондықтан жалқаулыққа жол бермей, денім сау, он екі мүшем аман, тәнім сұлу болсын десеңіз, таңғы жаттығуды жаныңызға серік етіңіз, ойлы оқырман.
Фариза НЫШАНБЕКҚЫЗЫ