Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қуаныш пен жұбаныштың парқы қандай?

Қуаныш пен жұбаныштың парқы қандай?

Дүние дидарына келген пенде өмірде бір қуаныш пен бір жұбанышқа алданып жүреді екен. Оны өз заматында Абай Құнанбайұлы да айтып кеткен. Әсіресе, қам көңіл қазақтың өзін өзгемен салыстырып, содан сәл асып түссе көңіліне медет көретін кертартпа қасиетін 23 қара сөзіне арқау етеді. «Ызадан сыртым аман, ішім өлген» деп қалың халықтың қараңғылықта қалып бара жатқанын күйіне жазған ғақлиясы бұқараға белгілі болар. Десек те бүгінгі күннің тамырын дөп басқан тұстарын өзімізше тарқатып көруге тырыстық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын жариялап, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын ел болып атап өтуді ұсынды. Ондағысы Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алу. «Толық адам» болып қалыптасуды көздеген біздер үшін Абайды тереңінен түсініп, оқу керектігін жеткізді. «Толық адам» концепциясы дүниенің бір кетігіне кірпіш болып қалануды көздейді. Мемлекеттің даму жолына қолбайлау болатын 2 қасиетті сынаған Абайдың айтпағын ұғына білу керек. Қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғаны толғандырған дүниелердің астарында тұщымды ой жатады. Бірін-бірі күңдеген халық түбінде тоз-тозы шығып жүнжіп кететінін білген ләзім. Біреудің кемшілігін көрсең зормын деме, соған қарап түзел деген бабалар өсиетін жандандыра түскен Абайдың 23 қара сөзі дәл бүгінгі күннің бет-бейнесін көрсетіп тұрғандай. Онда «Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш дегендер бар. Оның қуанышы – елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса, қуанады. Айтады: Құдай пәленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр ғой, оның қасында біз сәулелі кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе? – деп. Оған Құдай тағала айтып па, пәленшеден тәуір болсаң болады деп? Я білгендер айтып па, әйтеуір өзіңнен наданшылығы асқан, я жаманшылығы артылған кісі табылса, сен жаманға қосылмайсың деп? Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жақсы болады дағы. Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда неше ат бар деп сұрар, артыңда неше ат бар еді деп сұрағанның несі сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі қуаныш?» делінген.
Расында, бізді оңдырмай жүрген олқылықты ойлап та жатпаймыз. Құрысын, бізден де нашары бар. Өсемін, өнемін деген елдің сөздік қорынан табылмайтын осы бір қуанышты қайдан тауып алдық? Көпшілігіміз айналамызда болып жатқан келеңсіз құбылыстарға енжар, селқос, немқұрайлылық танытамыз. Ортақ іске қырын қарайтын, пайдалы істен бойын аулақ салатын, ілгерілетін істі кері тартатын, «Сенің атың тұра тұрсын, менің атым жүре тұрсын» деп жеке бастың пайдасын күйттейтіндерді көбейтіп жібергендейміз. «Сен тимесең, мен тимен бадырақ көз» деп жауырды жаба тоқығаннан ұтарымыз қане? Алға ұмтылып, халық қамын ойлап, тұрғындар игілігіне суырылып шығып, қызмет істеп жүргендерді жақтырмай, аяқтан шалуға айла, амал табуға бейімбіз. Не керек, елім деген ердің бір ерсілеу қылығын көрсек, шындыққа жанаспайтын өсек-аяңды қарша боратып, аяқтан шалып, етектен тартудың қарекетіне көшеміз. Осындайда ұлы Абайдың «Адам деген атым бар, адам қылмас хақым бар. Өтірік пен өсекке, Бәйге атындай аңқылдар» деген ұлағатты сөзін еріксіз ойға аласың. «Мен одан мықты едім», «Мен болғанда басқалай жасар едім» дегеннің таққа отырғанда асып түскен кереметін көрдік пе? Не керек, қазақ халқы бір-бірінен күшті едім деп, бірінің жаманын бірі асырып жүргенде заман көші бізден озып барады.
Енді жұбанышы – жалғыз біз бе, елдің бәрі де сөйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады да деген сөз. Жарайды, көптің жасағанын жасайықшы. Мәселен, Еуропа елдерінің қоқыс тастау мәдениетін үйренейік. Дамыған елдерде гүл өсіру мәдениеті де қалыптасқан. Бұл біз үшін қиын дүние емес. Жақсыны көріп, білмек керек. Оны ойға түйіп, іске асыру тағы бар. Жә, хәкім Абайдың ғақлиясына қайта ойысайықшы. Онда: «Оған құдай тағала айтып па, көптен қалмасаң болады деп. Көпке қаһарым жүрмейді деп. Көпке тұзағым жетпейді деп пе? Ғылым көпке келіп пе? Біреуден тарап па? Хикмет көптен тарай ма? Бірден тарай ма? Көпке қорлық жүрмей ме? Бір үйдің іші түгел ауырса, жеңіл тие ме? Жер білмеген көп адам адасып жүрсе, бір жер білетұғын кісінің керегі жоқ па екен? Көп кісі жолаушының бәрінің аты арығаны жақсы ма? Жоқ, жармысы арыса, жармысының күйлісі жақсы ма? Жұт келсе, елдің бәрінің түгел жұтағаны жақсы ма? Жарым-жартысы аман қалғаны жақсы ма? Осы көп ақымақтың бір ақымаққа несі жұбаныш? Тұқымымызбен аузымыз сасық болушы еді деген жаман күйеу қалыңдығын жеңіп пе? Көңілін сол сөзі разы қылуға жетіп пе? Ендеше, көбіңнен қалма, сен де аузыңды сасыта бер деп пе?» дейді. Енді дана Абайдан дараланып көр. Асырып айта да алмаспыз. Алайда, айға қолды созбасақ та, алға ұмтылғанның несі айып? Өзге елдерден озып, озық отыздықтың қатарына енуге талпынғанның талабына нұр жауады емес пе? Қазақта қатарынан асып түсіп, адал еңбекпен еңсесін тіктеген азаматтар жоқ емес. Көзі ашық, көкірегі ояу адамдар заман көшін алға сүйреп, «Мәңгілік ел» болу жолында қызмет істеп келеді. Алаш арыстарының қаламын қолға алып, «Оян қазақ» деп жүрген ақын-жазушылар жоқ емес. Неге солардан үлгі алмасқа? Абай айтпақшы, көп ақымақтықты жанымызға жұбаныш қылып қашанғы жүрмекпіз? Желкемізге жабысқан жалқаулықпен «саусақпен басқарылатын болашақ әлемді де» күйретіп тынбаймыз ба? Сандық жүйе, IT технологияны игеру үшін ғасыр бұрын арылайық деп кеткен қасиеттен ада болуымыз керек. Ендігі жерде Абай күйініп кеткен осы бір керексіз қасиетке сүйсініп отыруды бізде өзімізге мінәсіп көрмеспіз.

Гүлнәр Әбдіханиқызы
09 маусым 2020 ж. 787 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (9244)

08 қазан 2024 ж.

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031