Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіпкерге кедергі кездесе ме?

Кәсіпкерге кедергі кездесе ме?

Ел әлеуетінің жақсаруын экономиканың тұрақты дамуымен байланыстырар болсақ, оның ішінде кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуді алдыңғы орынға қойып отырған мемлекеттік саясат қадамын нықтап келеді. Елдің еншісіне бұйыратын шағын және орта кәсіпкерліктің де керегесі күн санап кеңейіп, табыс мөлшері де артуда. Жасыратыны жоқ, екі қолға бір күрек таппай сандалған жұмыссыздардың саны сиреп, шағын кәсіппен нәсібін тауып жүргендер жетерлік.

Сол себепті де шағын және орта бизнестің дамуына мемлекет тарапынан ықпал ету жолға қойылды. Нақты айтқанда, жұмыссыздықты жоюда, жалақы мен зейнетақыны уақытылы төлеуде, нарықты халыққа қажетті тауарлармен толтыруда осы шағын және орта бизнес шешуші фактор ретінде маңызды роль атқарады. Кәсіпкерліктің бұл түрі – экономиканың ұтқыр әрі нәтижелі секторының бірі. Ішкі жалпы өнімнің елеулі бөлігін өндіру осы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесінде. Мемлекетте кәсіпкерлерді қолдаудан кенде емес. Дегенмен, әлемді әлекке салған тәжвирустың салдарынан пенде біткен төрт қабырғаға қамалып, үйде отыр. Елде төтенше жағдай жарияланғалы бері сауда орындары мен көптеген жұмыс түрлері уақытша тоқтатылды. Азық-түлік дүкендерінен басқаның бәрі карантиндік режимге енгізілді. Керегін қолмен ұстап, көзбен көріп, таңдап жүріп алатын қазекем онлайн сауданы да үйреніп бағуда. Дегенмен төтенше жағдай режимі ұзарған сайын кәсіпкерлер де түрлі кедергілерге ұшырауда. Нақтырақ айтар болсақ, көктем шығып егістіктің қызар сәті басталды. Қыстың қамын жаз сайлайтын шаруа қожалықтар мен жеке кәсіпкерлер дала жұмысына қажетті техниканы, жұмысшыларды тосқауыл бекеттерінен өткізуде қиындықтарға тап болуда. Әуелі кәсіпкерлердің жан айқайын тыңдап, мәселесін шешуде басы-қасынан табылып жүрген депутат А.Әбдіқадырованың сөзін қаперге алғанды жөн санадық.
–Ел мен ердің сыналар сәті бұл. Қиын-қыстау мезетте халықты дүрліктірмей туындаған мәселенің оң шешімін табуға жәрдемдесу азаматтық борышымыз. Аудандағы кәсіпкерлердің ең басты мәселесі тосқауыл бекеттерінен өте алмауы. Өйткені дала дүбірі басталып кетті. Уақытында жерге дәнін сеуіп үлгермесе, кейінгі күні көкөністердің тапшылығы байқалып, бағаның шарықтап кетуі әбден мүмкін. Сондықтан олардың да шырылдауы заңды. Бүгінгі таңда Мақсат Әлменов, Төрехан Ахметов егін шаруашылығы бойынша, омарташы Бақтияр Кемелов бал арасын түнгі мезгілде көшіріп қондыру жұмыстарына байланысты жұмысшыларына рұқсат қағазын беруді сұрап хабарласқан болатын. Осы сынды көптеген кәсіпкерлердің өтініш-тілектерін тізіп, Насыр Мырзабеков, Ербол Жеңсікбаев сынды жанашыр азаматтармен бірлесіп, «Атамекен» ҰКП басшыларына ұсынып жатырмыз. Бұйырса бұл мәселелер оң шешімін тауып тұр – деді Айткүл Әбдіқадырова.
Карантиндік режимнің уақытша екені мағлұм. Алайда, вирусты жұқтырғандардың санына тоқтау болмай тұр. Сондықтан қай уақытқа дейін созылары беймәлім. Дегенмен тіршілік тоқтап қалған жоқ. Қазақ қашанда ертеңін ойлаған халық. Бұл індеттен аман шығып, алаңсыз күнге де жетерміз. Бірақ сол ертеңін ойлаған кәсіпкерлердің жан айқайы неге «Атамекен» ҰКП Шиелі ауданындағы филиалына жетпей жатыр деген сұрақ туындайды. Кәсіпкерлердің мақсат-мүддесін қозғап әлеуметтік желіде құқықтық қолдау көмегін ұсынған Айткүл Әлиқызының айтуынша Кәсіпкерлер палатасының Шиелі ауданындағы филиал директоры төтенше жағдай жариялануына байланысты Жаңақорған ауданынан Шиеліге жете алмай отыр. Ал осы мәселені әп-сәтте шеше қоятын қызметкері жол апатына ұшырап, кәсіпкерлерге қолдау білдіре алмай жатқандығын айтты. Сондай-ақ аудандық кәсіпкерлік бөлімінде де бұл мәселелер бойынша белсенділік байқалмайтынын тілге тиек етті.
Жәә, енді тақырыбымызға қайта ойыссақ. Үш күннен соң айлардың мырзасы – Рамазан кірмек. Ауыз бекітіп, амал қылған пенденің сәресін сөк, талқансыз елестету қиын. Ортақшылдық жеке кәсіпкер Қалима Жұматай үйде отырып сөк, талқанды әзірлеуде. Алайда базарға шығарып, халыққа ұсынудың ретін таба алмай отыр. Осы мәселені де оңтайлы шешкен жанашыр азаматтар Н.Мырзабеков, А.Әбдіқадырова, Е.Жеңсікбаев ауыл әкімімен келісімге келіп, арнайы көлікпен белгіленген уақытта, рұқсат қағазымен базарға келіп өнімін өткізуге рұқсат алды. Айта кетейік, жоғарыда аталған мәселелерге байланысты Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №10 қаулысында жеке көліктің облыс, қала, аудан және ауылдық аймақ ішіндегі қозғалысын шектеуге байланысты өзгерістер енгізілді. Көктемгі далалық жұмыстарға байланысты табиғатты қорғау, ветеринариялық жұмыстарды жүргізуге, ауыл шаруашылық, оның ішінде балара шаруашылығы іс-шараларына тартылған тұлғалардың көліктерін мемлекеттік тіркеуді растайтын куәліктері (шаруа қожалығы, фермер қожалығы, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші, несиелік серіктестік және шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын), жеке куәліктері, сондай-ақ жұмысшылар үшін қызмет орнынан анықтама (мөрмен расталған еркін үлгідегі анықтама) ұсынған жағдайда блок-бекеттен өтуге рұқсат етіледі деп көрсетілген.

Г.Әбдіханиқызы


21 сәуір 2020 ж. 256 0