Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ат қоюға абай болсақ…

Ат қоюға абай болсақ…

Тіршіліктегі ең жауапты әрі қиын борыш – дүние есігін ашқан нәрестеге лайықты есім таңдау. Халқымыз бұл мәселеге ешуақытта бей-жай қарамаған. Ұл-қызының ертеңінен мол үміт күтіп, жолының ашық болуын, еліне қадірлі азамат болуын тілеп, ерекше назар аударған. Ал қазір мұндай дәстүр ұмытылып бара жатқаны ойландырмай қоймайды.

Жалпы кез келгеніміздің бұл мәселеде терең ойланғанымыз абзал. Әйтпесе, «жаман иттің атын Бөрібасар қоядының» салмағы ауыр.
Бүгінде мән-мағынасы қазаққа түсініксіз, салт-санамызға жат есімдердің қаптап кетуінің себебі неде? Осы жөнінде бір сәт ойланып көрдік пе? Иә, қазір әлем жаһанданып бара жатыр. Әлемде орын алып жатқан түрлі оқиғаларға қатысты есімдердің өзі әжептәуір рөл ойнайтын болып жүр. Ал қазақтың өз табиғатына жақын, ұлтының ерекшелігін танытып тұратын есімдер неге аз қойылады? Шынына келгенде, біз тек-тамырымызбен байланыстырып тұратын нәрсе бұл өзіміздің ұлттық есімдеріміз емес пе? Бұл орайда бәрі де еліктеуден басталатынын байқау қиын емес.

Ырымға жүгіну
қанымызда бар
Ырымдап ат қою – қазақтың қанына сіңген дәстүр. Соның ішінде от ауызды орақ тілді, ділмар-шешен, көсем, батыр, балуан, өнерпаз адамдарды төбесіне көтеріп құрметтеп, жаңа туылған балалардың атын соларға қойғызған. Баласы қарақұлақтанған кезде сондай киелі адамдар отырып, тұрып кеткен жеріне, балам соған тартсын, мінезді, текті, болсын деп солардың орнына үш рет аунатып алатыны тағы бар. Егерде әулеттің үлкендері болса, немере-шөберелерінің есімдерін ата-әжесі қояды.
Біздің дана халқымызда «Балаға қандай ат қойылса, оның болашақ тағдыры соған байланысты болады» деген сенім бар. Адам есімдерін зерттеуші ғалымдардың дәлелдеуінше, есім бала өміріне айтарлықтай әсер етеді. Сәбилерді неғұрлым көркем есімдермен атаған сайын, баланың тұла бойы соған сәйкес көркемделе түседі.

Салтты жаңғырту қажет
Атадан балаға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келе жатқан ізгі дәстүр, тамаша салттардың бірі – ат тергеу. Өзінен үлкен адамның атын тура атау – тәрбиесіздік болып табылады. Қазақтың келіні өзі түскен шаңырақтың үлкен-кішісінің, яғни жолдасының туысқан-туғандарының аттарын тіке атамай құрметтеп, ізет көрсеткен. Үлкенін сыйлап, кішісін еркелетіп шақырған. Ата-енесі мен қайын-қайнағаларына ғана емес, тіпті өзінен бұрын түскен абысын- ажындарына дейін жарасымды ат тауып қоя білген. Олар ат қойғанда үлкен адамдардың жасы мен жолына, туыстық жақындығына қарап, «атекем», «төраға», «үлкен аға», «кенже аға», «сыпайы аға», «бай атам», «би ағам» деп атай беретін. Өзімен тұрғылас, тетелес қайныларын кескін-келбеті мен мінез- құлығына сай «дәу қайным», «мырза жігіт», «кішкенем», «ақ төрем», «мырзатай», «төре жігіт», «кенже бала», «сұңғағым», «жүйрігім» деп әзілдей шақырса, қайын сіңлілерін «еркем», «серігім», «үкілім», «томпағым», «үлпілдегім», «шырайлым» «сырғалым», «арайлым», «шашбаулым», «кекілдім» деп еркелете атайтын болған. Осылардың қай-қайсысы да жүрекке жылы, құлаққа жағымды естілетін еді. Кейінгі жылдары қызметіне байланысты «доктор қайынаға», «әртіс қайным», «сәнқой абысын», «тентек балдыз» деген сияқты атаулар да қалыптасты. Қазақ келіндері атқойғыштығымен қатар ат тергеуге де құмар. Алда-жалда ата-енесінің, тағы басқа үлкен адамдардың аты аталатын сөз кезіксе оны айтпай орағытып, өзге мағыналас сөздермен алмастырып (мысалы: қозыны – қошақан, аманды – есен, жолды – соқпақ, Сүлейменді – су иесі, көрпені – жамылғы деген сияқты) атайды. Халық аузындағы қайны-қайнағаларының аты Өзенбай, Қамысбай, Қойлыбай, Қасқырбай, Қайрақбай, Пышақбай болып келетін келіншектің «Сарқыраманың арғы жағында, сылдыраманың бергі жағында, маңыраманы ұлыма жұлып-жұлып жеп жатыр. Білемені жанымаға жанып-жанып әкелсін» дейтін ат тергегіштік аңызын бәріміз білеміз.

Сериалдағы есімдер жайлады
Кеңес Үкіметі кезінде Партия, ­Революция, Октябрь, Съезд, ­Советбек, Сайлаукүл, Космос секілді есімдерге әуестенген халқымыз соңғы жылдары жаңа әдет тапты. Қаптаған түріктің, үндінің, бразилиялықтар мен мексикалықтардың телесериалдарын жібермей тамашалайтын қандастарымыз сүйікті кейіпкерлерінің есімін балаларына, немерелеріне беруді жиілетті. Баласының атын атағанда қайталай алмай тілің күреліп қалады. Бұл сұмдық қой. Қазақ халқы өз тарихында дана һәм дара есімдерге бай. Оның үстіне мұсылман дініне байланысты мағыналы есімдерді де орнымен қоя білген. Ең бастысы, түріктің сериалдарына еліктеп, өзімізге ұнаған актерлердің есімін қоюды тоқтатып, қазақ халқының ұлттық болмысын көрсететін мағыналы, салиқалы есімдер қоюды әдетке айналдырайық. Балаға ат қою – оның болашағына жол салу екенін ұмытпайық!
Жайшылықта «Тәрбие – тал бесіктен» дегенде алдымызға жан салмаймыз. Баланың болашағына дәл солай алаңдайтынымыз рас болса, оған ат қоюда да абай болайықшы. Жаңа туған сәбиге есім таңдауда қазақтан шебер халық жоқ. Алайда, әрбір ата-ана баласына ат қоярда оған жауапкершілікпен қарағаны, мың ойланып-толғанып барып қойғаны абзал. Өйткені, есімдердің адам өміріне ықпалы өте айрықша.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ


29 маусым 2020 ж. 1 311 0